• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Ақпан, 2018

Қайрат Нұртас ауыр дертке шалдыққан кішкентай қызбен жолықты

874 рет
көрсетілді

Елімізде балалардағы онкологиялық ауруларды емдейтін екі ірі орталық бар болса, оның бірі – Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы. Ауыр жағдайдағы балалардың көбі дерлік осы Педиатрия орталығына келіп түседі. Мұнда жылына 2500 бала емделеді.

Аталмыш орталықта Алладан сауығып кетуін тілеген кішкентай тағдырлар кезегімен ем қабылдап жатыр. Олардың өмір сүруге де­ген ессіз құштарлығы мен ар­ман-мұраттары көп-ақ. Осында емделіп жатқан Айдананың бір тілегі өзінің сүйікті әншісі Қайрат Нұртаспен көзбе-көз жүздесіп, тілдесу болған. Апта соңында ән­ші ауыр дертке шалдыққан Айда­­наның өтінішімен Педиатрия ор­та­лығына келіп, халін білді. 

Жақында ғана отадан шыққан Айдана үшін бұл естен кетпес­тей қуаныш болғаны айтпаса да түсінікті. Өнерін бағалайтын жасөспірім тілекшісімен танысқан әнші Айдананың ғана емес, барша онкогематология бөліміндегі балалардың көңілін аулап, тез сауығып кетулерін тіледі. 

Дәрігерлер кішкентай қыздың бір ауыз тілегін орындаған ақ жү­рек­ті әншіге де, кездесуді ұйым­дастыруға мұрындық болған «Амила» қорына да дән риза. Нау­­­­қас балалардың бірыңғай күн­де­­ріне шуақ шашқан әншінің бұл кел­генінің өзі де шипа. 

Осылайша «Амила» онколо­гиялық сырқат балаларға көмек көрсететін қоғамдық қорының бас­қа да сауапты тірліктері жал­ға­сын табуда. Қор «Шұғыл қажет­тілік­тер» жобасы аясында нау­қас балаларға жөргектен бастап, ке­рек-жарақтарын түгендеп тұрады. 

Қайрат Нұртас келгеннен  кейін «Амила» қоғамдық қоры тағы бір жақсы іске мұрындық болып, анасының өтінішімен ақ қан ауруына шалдыққан ұлының арманын орындады.

Азаттың арманы Бүркіт есімді лақап атымен танымал қазақ эстрадасының белгілі әншісі Айбек Сейітовпен жүздесу еді.  «Орталықта жатқанымызға ұзақ уақыт болды. Екі аптадан бері ұлымның ыстығы түспей қойды. Көңілі де баяғыдай емес, ұн­жырғасы түсіп, сырқатпен күрес­кісі келмейтіндей көрінді. Бала­сының мұндай халін көру әрбір ана үшін ауыр. Не істесем болады? Қалай көңіл көтерсем екен деп уайымдадым. Балам Бүркітті жанындай жақсы көреді. Өзі де музыкаға жақын, өлең жазады, гитарада ойнайды. Жақсы көретін әншісін шақырып, тосын сый жасап, қуантсам, бір өзгеріс болар деген үмітпен «Амила» қо­рына хабарласқан едім. Кездесуді ұйымдастырып берген қор ерік­тілеріне, өтінішімді жерге қал­дырмай келген Бүркітке ал­ғысым шексіз. Сенесіз бе, балама бұл жаңалықты айтқан күні ыс­тығы түсіп, беті бері қарап, ем қо­на бастады. Бұл жүздесу балама күш-қуат, рух беретініне сене­мін», деді Азаттың анасы Халима Әжіғұлова. 

Ал кездесу жөнінде әнші инстаграмдағы парақшасында: «...Ғаламтор жүйесінен волон­тер­лардың көмегімен Азаттың анасы маған шығып, ұлының мені қатты көргісі келгенін жеткізді. Бір күн өткізбей, жауап қайтардым. Сөйтіп бүгін @tumartime ком­паниясының әдемі бір ерлер саға­тын алып, емxанаға жөнелдім! Есіктің ауызында Азаттың анасы қарсы алды. Көзінен жас көрінді. Бірден маған: «Келгеніңізге раx­мет!» деді. Мен де ол кісіге «Оқа­сы жоқ! Мен үшін бұл түкке тұр­­майды!» дедім. Қысқасы, Азат­­тың палатасына кіріп, таны­сып, қал-жағдайын сұрап, біраз әңгімелестім. Өзі өнерлі жігіт­тер­дің бірі екен. Музыка жа­зады, бейнекөріністер түсіреді, ән де айтады. Өкініштісі, осындай ауруға шалдығып қалыпты. Ең бас­тысы, бұл ем қонатын дерт екен. Бірақ тез жазыла салатын дерт емес. Сондықтан достар Азатқа бар жақсылықты тілейік, емделіп кетсін! Дұғаларыңызды оқыңыздар!» деп жазады.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ