Кеше Спикер Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Жиын аясында екі мәселе – кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасы мен Қазақстан мен Беларусь елі арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау күн тәртібіне шығарылып, мақұлданды.
Жиынды ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин палата депутаты Мұхтар Ерманды Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымына сайлауды ұсынды. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен партиялық тізім бойынша, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Дархан Мыңбай Мәжіліс депутаты ретінде тіркеліп, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің құрамына сайланды.
Содан кейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің таныстыруымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды.
Заң жобасы Мемлекет басшысының өткен жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген. Сонымен қатар құжат аясында мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалауға, оның ішінде қайталануына және тиімділігінің болмауына байланысты 132 бақылау мен қадағалау түрінің 28-ін қысқарту көзделеді. Сол сияқты мемлекеттік органдардың 544 бақылау функциясының мемлекетке және тұтынушыға қауіпсіздік қатерінің тәуекелдерімен байланысты емес 137 түрін алып тастай отырып, тексерулер жүргізу мерзімдерін қысқарту ұсынылады. Министрдің айтуынша, қолданыстағы «анықтау және жазалау» саясатының орнына «құқық бұзушылықтың профилактикасы мен алдын алу» саясатына көше отырып, тексерушілердің ой әрекеті, мінез-құлқын түбегейлі өзгерту мақсатында профилактикалық бақылау енгізілмек көрінеді. Алайда аталған бағытта қолға алынады деп жоспарланып жатқан ауқымды жаңашылдықтар халық қалаулыларының біршама алаңдаушылығын тудырды. Айталық бақылау мен қадағалау қызметіне қатысты енгізіледі деген өзгеріс азаматтардың қауіпсіздігін қаншалықты қамтамасыз ете алады деген мәселені Мәжіліс Төрағасы баяндамашының алдына кесе көлденең тартты.
«Бүгін біз Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде Қазақстанның іскерлік климатын және позициясын жақсарту мақсатында кейбір мүдделі мемлекеттік органдардан бақылау тетігін алып тастасақ, азаматтардың қауіпсіздігі қаншалықты тиісті деңгейде қамтамасыз етіледі. Әсіресе қоғам мүшелері үшін өмірлік маңызы жоғары қажеттіліктерін өтеу жолындағы кейбір қадағалауларды алмас бұрын, жүйелі түрде сараптамалық талдау керек. Өйткені бізге рейтингтік көрсеткіштерден азаматтар мен мемлекетіміздің қауіпсіздігі жоғары тұруы тиіс», деді Н.Нығматулин.
Сондай-ақ Мәжіліс Спикері осы орайда ең алдымен энергетика мен мұнай-газ, кен өндіру және су шаруашылығы салаларындағы нысандарды тұрғызып, пайдалануда асқан мұқияттылық қажет екендігін алға тартты. «Мәселен, су шаруашылығына қатысты нысандарды есепке алу мен мониторинг жүргізуді Су кодексінен алып тастау жөніндегі енгізілетін ұсыныс көптеген сұрақтар туындатады. Егер біз құжатты осы қалпында қабылдасақ, шиеленіскен мәселелерге тап боламыз. Ондай жағдайда «Қазгидромет» РМК орталықтары суды пайдалануға қатысты толық ақпаратқа иелік ете алмай қалады. Ал ол өз кезегінде төтенше жағдайлар қызметі болжамының шынайы әрі нақтылық құндылығына кері әсерін тигізетіні сөзсіз», деді Н.Нығматулин.
Жалпы, 112 заңнамалық акті, 13 кодекс пен 100 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасына қатысты қосымша баяндама жасаған Мәжілістегі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Сәкен Өтебаев жұмыс тобының назарына 892 түзету келіп түскендігін атап өтті. Сондай-ақ ол заң жобасы монополистер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің заңды және жеке тұлғаларға көрсететін міндетті қызметтерін регламенттеуге, реттеушілік әсерді талдау институтын жетілдіруге, бизнеске әкімшілік жүктемені азайту мақсатында ақпараттық құралдарды реттеуді жетілдіруге бағытталатындығын баса айтты.
Осы күнгі отырыс аясында депутаттар Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың таныстыруымен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы 1997 жылғы 11 сәуірдегі Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасының Үкiметi арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын бірауыздан мақұлдады.
Баяндамашының түсіндіруінше, хаттамада салықтық жалтаруға қарсы шаралар, оның ішінде салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы екі мемлекеттің салық қызметтерінің ынтымақтастығын кеңейту жолы көзделеді. «Ратификациялау үшін ұсынылып отырған Хаттама резиденттікті растайтын құжаттарды тану рәсімін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Келісім салық қызметтеріне қолтаңбасы мен мөрін заңдастырмай резиденттікті растайтын түпнұсқадағы құжаттарды қабылдауға мүмкіндік беретін ережемен толықтырылды», деді Б.Сұлтанов.
Ал бұл мәселеге қатысты қосымша баяндама жасаған Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Шакир Хахазов құжаттағы кейбір термин сөздерге тоқталды. «Айталық, «Тұрақты мекеме» деген терминге басқа тұлға үшін барлауды жүзеге асыру кезінде бірінші күннен бастап табиғи ресурстарды барлаудан түсетін кіріске салық салуға мүмкіндік беретін өзгеріс енгізілді. Сол сияқты келісім арқылы қызмет көрсету кезінде қызметкерлер іс жүзінде келгеннен кейін 183 күннен соң тұрақты мекеме құруды көздейтін жаңа ережемен толықтырылды», деді ол.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»