Уақыт деген ұғымның қадірін Астанада көбірек ұғынасыз. Ел астанасының Алатаудың төрінен Сарыарқаның төсіне көшірілгені кеше сияқты еді... Енді міне, тәуелсіздігіміздің тірегі, Отанымыздың жүрегі – Астананың қазақтың кіндік қаласы болғанына да жиырма жылға жуықтапты. Биыл күллі Қазақстан елорданың жиырма жылдығын бар сән-салтанатымен атап өтпек. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, Астананың 20 жылдығын мерекелеудің тұжырымдамасы бекітілді.
Астана – ұлтымыздың ұясы, ұлы мұраттарға ұмтылған еліміздің ерек символы. Астана – барша қазақстандықтың мақтанышы, жүрегінде аялап жүрер асылы. Себебі қазақ қазақ болғалы ешкімнің нұсқауымен емес, өзінің таңдауымен, жүрегінің қалауымен таңдаған тұңғыш Астанасы осы болатын. Иә, елорда тым ерте есейді. Баяғы ертегі батырларындай сағат сайын өсті. Оның көз ілеспес даму динамикасы талайларды тамсандырды. Кешегі шағын шаһар қысқа мерзім ішінде адам танымастай өзгеріп, бүгінгідей еңсесі биік, экономикасы қуатты қалаға айналды.
Елбасы мен елорда егіз ұғым іспетті. Астананың өн бойында Нұрсұлтан Назарбаевтың ғасырлық қолтаңбасы, жасампаздыққа жетелеген жарқын жеңісі жатыр. Астананың әр адымы мен даму қарқыны, тіпті ұсақ-түйек жұмысына дейін Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Президенттің өзі аялы алақанына салып, жан жылуы мен жанашырлық сезіміне бөлеп өсірген бас шаһар енді міне, ержетіп, жігіттік жиырма жасқа жетті. Осы уақыттың ішінде бас шаһар бағындырған биіктер аз емес. Оның қаншалықты қарыштап дамығанын мына сандардан-ақ көруге болады: бүгінде Астана тұрғындарының саны 1 миллионнан асты. Бұл дегеніңіз жалпы республика халқының 5 пайызы елордада тұрады деген сөз. Ал кезінде – елорданың қадасы енді қағыла бастаған 1997 жылы мұнда небәрі 300 мың халық тұрған еді.
Соңғы 20 жыл ішінде қаланың ішкі жалпы өнімі 190 есе көбейіп, 5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп саласы – 30 есеге, орта және шағын бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі 4,3 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік бюджетке түсетін түсім 80 есеге өсіп, 1998 жылдағы 13 млрд теңгеден 2017 жылы 1 триллион теңгеге жетіп отыр. Мұның өзі Астананың экономикалық тұрғыдан өте тиімді жоба екенін аңғартқандай. Осылайша, бас қала өндірістік өсу қарқыны жағынан Атырау облысынан кейінгі екінші орынға шығып отыр.
Жиырма жылдың ішінде шаһардың құрылысына 1,6 трлн теңге салынып, 1 265 көп пәтерлі тұрғын үй тұрғызылған. Соңғы бес жыл ішінде 9 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, өндірістік, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық маңызы бар 1 172 ғимарат салынған.
Иә, Астана қысқа уақыттың ішінде өсіп-өркендеді. Кезінде елорданың бас жоспарын жасағандар болашақ шаһарға лайықты барлық жағдайды ескергенімен, 2030 жылға дейін елорда тұрғындарының саны 800 мыңға жетеді деп болжаған екен. Бірақ Астана бұл болжамнан әлдеқайда асып түсіп, қазірдің өзінде халық 1 миллионның үстіне шықты. Елорданың осындай қарышты қадамы мен халқының көбеюіне байланысты Астанада тағы төртінші аудан құрылмақ. Жаңа ауданды жергілікті билік өкілдері «Байқоңыр» деп атауды жөн көрген.
Ерке Есілдің қос қапталында бой көтерген әсем шаһарда ел сүйсінетін игі істер баршылық. Бейбітшілік қаласы атанған Астананың ендігі мақсаты – бас қаланың бет-бейнесін нағыз астаналық деңгейге жеткізу, сол арқылы әлемдегі ең үздік, ең ақылды мегаполистердің қатарына қосылу. Осыған байланысты «Смарт Астана» тұжырымдамасы бекітіліп, қала тіршілігін қамтамасыз ететін жүйелерді заманауи технологиялармен жабдықтау, тұрғындардың қауіпсіздігін, жайлы өмірін қамтамасыз ететін жобалар іске қосылуда. Бүгінде е-ПИК, мобильді қосымша, чат-боттар сынды жобалар қолданысқа енгізілді. Тек «Смарт Астана» мобильді қосымшасында қазірдің өзінде тұрғындарға көрсетілетін 20 қызмет түрі бар. Биылдан бастап олардың қатарын 50-ге жеткізу жоспарланып отыр. Мұнда «109» қызметіне сұраным қалдыруға, басқарма басшыларының қабылдауына жазылуға, емханаларды таңдауға, айыппұлды төлеуге, тіпті автотұрақтардың ақысын төлеуге болады. Жақында осы мобильді қосымшада қаланың көрнекті орындарымен таныстыратын «Аудиогид» функциясы іске қосылды. Тіпті отель жалдау, пәтер, хостелдерді іздестіруге де болады.
Жалпы, цифрландыру аясындағы «Смарт Астана» жүйесі негізгі екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Соның бірі «Қауіпсіз қала» болса, екіншісі – «Интеллектуалдық көлік жүйесі». Бұл жобалардың мақсаты – жолда, қоғамдық орындарда болатын қылмыс деңгейін азайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін барынша қорғау. Соның аясында былтыр республикада бірінші болып Астана мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында «Сергек» бейнебақылау жүйесін іске қосты. Қаланың 400 көше қиылысына, 300 учаскесіне, жалпы саны 13 мың бейнекамера орнатылды. Бұл камералар бүгінде жолдағы тәртіпті күзететін таптырмас тәсіл болып тұр. Астана қаласы әкімі баспасөз қызметінің таратқан мәліметтері бойынша, осы бейнекамералардың көмегімен тек биылғы екі айдың көлемінде 18 қылмыс және 1 412 әкімшілік құқық бұзушылық анықталыпты.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өрісі кеңейіп, көрсетілетін қызметтері ұлғайып жатқан «Смарт Астана» жобасындағы тағы бір жүйе – «Ақылды жарықтандыру». Осы жобаның арқасында қаланың жарығы 60 пайызға дейін үнемделіп, эксплуатациялық шығындар 30 пайызға қысқармақ.
Жоғарыда аталған жобалардың бәрі елорда тіршілігіне заманауи реңк беруді және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, тұрмыс жайлылығын арттыруды көздейді. Алдағы уақытта медицина, білім беру саласында да смарт жүйелер жетілдіріліп, жұртшылыққа қызмет ететін болады.
Әлбетте, Астана еліміздің бас қаласы ретінде қай жағынан да өзгелерге үлгі-өнеге болуы тиіс. Әсіресе, биылғы 20 жылдық мерейтой – елорданың ескісінен жаңа қадамы көбейетін ең жауапкершілікті кезең. Біле-білгенге, Астананың 20 жылдығы – жалпыұлттық мереке. Бұл – күллі Қазақстанның қол жеткізген табыстары Астана арқылы әспеттелетін ерекше күн. Есті жұрт тойға көңіл көтеру үшін ғана емес, өткенінен ой түйіп, барына қанағат етіп, болашағына бағдар жасау үшін барады. Демек, Астана да жиырма жыл ішінде жеткен жетістіктерін саралап, келешектегі мақсат-мұратын тағы бір нақтылап алатыны анық.
Бүгінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен «Ел жүрегі – Астана» – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамаға сәйкес елорданың 20 жылдық мерейтойын тойлаудың кезеңдері белгіленді. Өткен жылдың 10 желтоқсанынан бастап, биылғы 6 шілдеге дейін – негізгі кезең. Ал 2018 жылдың 6 шілдесінен осы жылдың аяғына дейін мерекеден кейінгі кезең ретінде іс-шаралар легі жалғасын таппақ, яғни 2018 жыл мерейтойлық жыл болғаннан кейін жоспарланған іс-шаралар жыл бойы өткізілетін болады.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»