«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген халық даналығынан асырып ештеңе айта алмасымыз хақ. Дегенмен ел игілігі үшін маңдай терін төгіп, көз майын тауысып, еліміздің білім-ғылым саласын дамытуға зор үлес қосқан, белгілі мемлекет және көрнекті қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар азаматы, білгір басшы, ғұлама ғалым, кемел азамат, академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев сексеннің сеңгіріне шыққанда үндемей қалуға болмас.
Кенжекең ауыл баласы болды, оның балалық шағы тауқыметі көп соғыс жылдарына тура келгендіктен, өз қатарлары секілді ерте есейіп, оқу-білімге талпыныс жасап, бұл оның кейін өмірінің өзегіне айналды. Алты балалы (үш ұл, үш қыз) отбасында өсіп, жастықтың буымен, заманның таланттыға жолбасшы болар жақсылығымен мектепті медальмен үздік бітірген соң сол кездегі ең шоқтықты, әрі жалғыз университет – ҚазМУ-ге түсті. Оны қызыл дипломмен бітірген соң Кенжекеңді бойындағы табиғи таланты тоқтатпай Мәскеуге аттандырды. Ондағы әлемге әйгілі Плеханов атындағы институттың аспирантурасына түсіп, сол ғылым ордасында шыңдалды. Ол өте көреген, бiлiктi, бiлiмдi, экономика саласындағы жетекші ғалымдарының бiрі – профессор Н.Д.Фасоляктың шәкiртi болды. Мiне, осылай қазақша, орысша тәрбие алды, екi тiлде бiрдей және оған шет тілін қоса оқыды. Ана тiлiнiң мәдениетi, өз халқының менталитетi мен Мәскеудің озық мәдениетiн бойына ciңipдi. Осылай жас Кенжекең ел ағасы дәрежесiне жеттi. Жоғары оқу орнындағы шеберден республика, одақ көлемiнде жақсы аты жайылды, ал қайта жаңару, түлеу, егемендiк жылдары әлемдiк ғылыми ортаға eciмi танылды.
К.Сағадиевтің ірі экономист-ғалым ретіндегі ғылыми шығармашылығы алғашында материалдық-техникалық жабдықтау мәселелерін зерттеуден көрініп, ол оның талдамалары негізінде экономика ғылымының жаңа бағытына айналды. Кенжеғали Әбенұлы осы бағыттың көшбасшысы болды. Ол бірнеше рет Мәскеу, Ленинград, Киев, Минск, Тбилиси және басқа қалаларда баяндама жасап, көптеген ғалымдар мен мамандардың назарын өзіне аудартты.
Академик Сағадиев еш уақытта ешкімге ұқсамайтын өзіне ғана тән ерекше болмыс-бітімі мен тұлғасы ірі, ұлттық рухы биік, ғылымның аумалы-төкпелі, қызығы мен қиындығы мол, соқтықпалы да соқпақсыз жолында талмастан өзіндік сара жолын таңбалап келе жатқан біртуар тұлға. Кенжекеңнің маңдайына ағарту саласында реформатор болуды әу бастан жазып қойғандай. Жоғары білім беру жүйесіндегі ұйымдастыру ісін ілкімділікпен ілгерілете жүріп, өзінің мектебін қалыптастырған ғұлама ғалымдардың бірі. Биліктің биігіне де сәтті көтеріліп, саналы ғұмырының сара жолын айқындады. Айтқанымыздың айғағы ретінде түйіндері түйіліп, шиеленген бес институтта ректор болып, түбегейлі өзгерістер жасап, өз беделін мойындатқанын алға тартуға болады. Ол бүгінгі таңда атқарған қызмет тізімі жағынан жоғары мектеп жүйесін ұйымдастыру саласында аты елге мәшһүр болғандардың ішіндегі ең танымалы.
Кенжекеңнің ғұмыр жолын көктей шолып отырсаңыз, оның негізгі бөлігі ғылыми-педагогикалық, ағартушылық саламен тікелей байланысты екеніне көз жеткізесіз. Сондықтан да болар, өз замандастары оны жаңашыл ректор, реформатор ректор болғанын мақтанышпен ауызға алады.
Сонау 50-жылдардың соңында, студент кезінің өзінде-ақ ол: «Экономикасы өркендеп отырған елдердегі сияқты өндірістік қатынастарымызды нарық жағдайында құрсақ болмай ма?», «Өндірушілердің еркіндігін тежеп, істің бәрін міндетті түрде жоспарға телудің қажеті не?» деген сияқты батыл, саналы, сәулелі сұрақтарды алға тарта білді. Бүгінде экономист ғалымдар оның шаруашылық тетігін басқару мен пайдаланудың өзектілігі туралы жасаған болжамдары нарық экономикасына әлеуметтік тұрғыда бағытталған буынның өзі екендігін айтып жүр. Оның зерттеулерінде көтерілген мәселелер соңғы жылдардағы ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі және Қазақстанның Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне келешек көкжиегімізде өзінің логикалық шешімін тапқаны мәлім.
1982-1990 жылдары, ол кезде Одаққа бағынатын Целиноград ауылшаруашылық институтының ректоры болып жүргенінде білім берудің модульдік жүйесін енгізіп, бүкіл оқу үдерісін өзгертіп, жоғары білім беруді ғылым мен өндіріске байланыстырып, олардың өзара кірігіп кетуін ұйымдастыра отырып, оқыту әдістерін ең озық деген шетелдік стандарттарға жақындатты. Осы институтты басқарған жылдар ішінде бүкіл әлеуметтік ортаны, жоғары оқу орнын адам танымастай етіп өзгертіп, материалдық-техникалық базасын екі есе нығайтты. Осы жылдары мен Кенжекеңмен алғаш рет таныстым. Ғылым докторы, профессор атақтарын алған соң 1982 жылы мені сол кездегі Жоғары және арнайы орта білім министрі Т.Қатаев Қарағанды университетіне проректор етіп жіберген еді. Сол жердегі бір ғылыми конференцияда кездесіп, сұхбаттасқан едік. Содан былай сыйласып жүрдік.
1993 жылы Қазақ экономика университетіне қызметке келе салысымен оның атын Қазақ басқару академиясы деп өзгертуден бастап, қызметкерлеріне екі еселенген еңбекақы бергізіп, оқу үдерісін басқарудағы ет үйренген ескіден бас тартып, бұрынғы факультеттерді жауып, жаңа оқу-ғылыми кешендерін, жаңа кафедралар ашып, мамандықтардың номенклатурасын өзгертіп, жаңа институттар құрды. Мұнда да жаңа ректордың реформаторлық қасиеті даралана түсті.
Сарабдал ойлы академик К.Сағадиевтің осынау жаңашылдық таланты 1996-2001 жылдары Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін басқарған жылдары да жарқырай көрінді. Бұл университет кезінде ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын жоғары оқу орны саналып келген. Мен ол кезде Тәуелсіз Қазақстанның Білім министрі қызметінде едім. Жоғары оқу орындарын «оптимизация» жасап, оңтайландырып – Ауыл шаруашылығы институты мен Зооветеринарлық малдәрігерлік институтын біріктіріп, Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін құрдық. Осы екі жоғары оқу орнының базасында нарық заманының биік талаптарына сәйкес әлемдік стандарттарға жауап беретін университет жасақтау оңай шаруа емес еді. Сондықтан бірауыздан Кенжекеңді ректор етіп тағайындадық. Бұл саланың даму, өркендеу мәселелерін кешенді түрде шешу академик Кенжеғали Сағадиев сынды марғасқаның ғана қолынан келетін шаруа еді. Аталған қызметтерде К.Сағадиев барлық күш-жігерімен аянбай еңбек етті.
Еліміздің тарихында республиканың 5 бірдей жоғары оқу орнын басқарған басшылар сирек кездеседі. Целиноград ауылшаруашылық институты, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті, Халықаралық бизнес университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті сынды айтулы оқу орындарын басқарып, өзін білікті ғалымдығымен қатар іскер басшы ретінде де таныта білген Кенжекең Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясын басқарып, еліміздің жоғары заң шығарушы органы – Парламентке депутат болып екі рет сайланды. Мұндай сирек талант пен таудай талап ұштасқан тұлғаның бойында іскерлік те, азаматтық та болуы заңды құбылыс сияқты.
Кенжекеңнің өсу жолы – табиғи өсу, оның мансабына талабы мен таланты сай. Ұлттық ғылым академиясының президенттігіне баламалық жабық дауыспен академиктердің көпшілік дауыстарын жинап сайлануы – осының дәлелi. Ол академияның ғылыми құрылымы мен қызметкерлерін бұрыннан жақсы білетін. Оған осы үлкен ғылыми мекеменің ұйымдастыру мен басқаруға байланысты проблемалары да белгілі болатын. Осындай жағдайда академик К.Сағадиев өз қызметінде негізгі мақсат етіп Қазақстанның ғылыми-техникалық егемендігі мәселесін қойып, осы мақсатқа қол жеткізу бағытындағы Ұлттық ғылым академиясының таяудағы міндеттерін белгіледі. Нарықтық экономиканың қиындығы жан-жақтан анталап, қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан тұстарда Кенжекең байырғы ғылым ордасының президенті ретінде елеулі мәселелердің шешімін табуға тұтқа болды. Осы орайда «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі және ғалымдарды мемлекеттік қолдау туралы» Республика Президентінің Жарлығы шығуы көп нәрсені аңғартса керек. Бұл Жарлықтың дүниеге келуіне сай республиканың ғылыми әлеуетін жаңа биіктерге бастайтын жол ашылды. Жас ғалымдарды қолдаудың жоспары жасалды. Ғылымды дамытудың үздік бағыттары бойынша жаңадан төрт Ғылыми-зерттеу институты ашылды (Алматы қ., Жалпы генетика және цитология институты мен Әлеуметтану және саясаттану институты, Қарағанды қ., Фитохимия институты және Шымкент қ., Аймақтық экономика институты).
К.Сағадиевтің жетекшілік етуімен ғылыми кадрлардың басқа салаларға кетуін қысқартуға, диссертациялар қорғауды ынталандыруға, ҚР ҰҒА, ҒЗИ және ғылыми қызметкерлердің мәртебесі туралы заңдар мен қаулы жобаларын дайындауға, ғылыми қызметкерлердің зияткерлік меншігі мен әлеуметтік қорғауға байланысты салмақты шаралар қабылданды. К.Сағадиев ҰҒА жүйесіндегі қызметкерлердің жалақысын екі есе көбейтуге қол жеткізді. Ол кісінің өтініш етуі бойынша Үкімет көрнекті ғалымдар мен ғылым жолындағы талантты жастарға мемлекеттік сыйақы тағайындау туралы шешім қабылдағаны игі істердің бірі болды.
Еліміздегі өткір экономикалық мәселелердің шешімін табуға ғылыми қызметкерлерді жұмылдыру мақсатында республикалық ашық конкурс жарияланып, жеңімпаздарды марапаттауға ақшалай сыйлық тағайындалды. Ғалымдарды өз еңбегінің нәтижесін шығаруға қызықтыру үшін келісімшарт жағдайында жұмыс істеу кең түрде қолға алынды.
Дегенмен республикамыздың әлеуметтік-экономикалық өміріндегі дағдарыстар іргелі ғылымның жай-күйіне әсерін мықтап тигізді. Сол себепті К.Сағадиевтің ҰҒА президенті қызметіндегі 2 жыл ішінде ғылыми-техникалық қызметкерлерге үш рет қысқарту жүргізуге тура келді, осыған байланысты зерттеу ауқымы азайып, кәсіпорындарда ғылыми нәтижелерге сұраныс айтарлықтай төмендеді. К.Сағадиев ғылыми құрылымдар мен ізденістерді қаржыландырудың көп төмендегеніне қарамастан, осындай күрделі мәселелерді тиімді жолдармен шеше білді.
К.Сағадиев осындай кемелдікке тынбай еңбек етуі, жүйелі ізденіс пен сирек табиғи талантының арқасында жетті. Оның ұйымдастырушылық және жұмылдырушылық қабілеті өте күшті. Осы қабілеттері оның барлық еңбек орындарында басшылық қызмет атқарған кездерде айқын көрінді. Қазақта «Текті туған жігіттің жары өзіне лайық, керуен бастар жігіттің нары өзіне лайық» деген сөз бар. Абзал азаматтың осындай құт-берекесін, ырыс-шапағатын шалқытып отырғаны өзіне лайық жары – парасатты әрі мейірімді жеңгеміз Нағытай Әбітайқызының еңбегі деу керек. Ол кісінің «Жер бетінде қалған із» деген кітабы жарық көрді. Жеңгеміз кітабын «Бұл кітабымды жүрегіме гүл сыйлап, өмірімді нұрландырған Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевке арнаймын» деген сөзінен бастапты. Өзінің ауыр балалық шағын баяндағандағы мақсаты қазіргі бақытының шын бағасын көрсету сияқты. Нағытай жеңгемізден ердің басын төрге шығаратын нағыз қазақ әйелінің бейнесін көруге болады. Аталған кітабында: «Шоқтығын жауыр етіп алмас үшін хас тұлпарын қара шаруаға салмайтын дана халқымыздың түйсігімен күні бүгінге дейін Кенжекеңді күйбең тіршіліктің шаруасына араластырмау қаракетінен танбай келемін. …Азаматыңның бағы жанып, жолы ашылсын десеңіз, оны тұлпарды баптап мәпелегендей күтіп, сыйлау керек» деп жазады. Қанша тума талант, хас шебер болса да, отбасының берекесі болмаса жүзі төмендеп, жігері мұқалатыны хақ. Нағытай жеңгеміздің кітабынан келіндеріміз бен қыздарымыз ұстазының сөзіндей жаттап жүретін жолдарды келтіргім келеді: «Төзген әйел – озған әйел». Қарапайым, бұйығы тіршілік кешетін адамның бабын табудың өзі қиын, ал ел алдындағы азаматтың жары болу нағыз сынақтың өзі ме деймін. Нағытай жеңгеміздің сөзімен айтсақ, «бұл митың жүріс, бұл күйбең тіршілік Кенжекеңнің тұла бойына жараспайды» деп бүкіл тұрмыс күйбелеңін өзінің қолына алған жеңгеміз Жаратқанның нәзік жаратылысын да жоғалтқан жоқ. Ағамызбен бірге өткізіп жатқан өмірін барынша баянды қылып келе жатыр. Бір-біріне серік қана емес, қолдаушы дос бола білген осы екі сыйлы жанды Жаратқан адастырмай қосқандай.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген бабаларымыз айтқандай, бүгінде Кенжеғали ағамыз бен Нағытай жеңгеміздің осындай адал сезімі мен өнегелі тәрбиесін көрген Нұрлан, Ерлан, Ербол ұлдары бүгінде әулет атын жақсы істерімен өз еліне де, шетелге де танытып жүр. Сол тәрбие мен тектіліктің жемісі деп ойлаймын. Бүгінде Ерлан Кенжеғалиұлы еліміздің білімі мен ғылымының өрістеп, биіктеуіне бар жағдайды жасап, Ұлттық ғылым академиясына қолдау көрсетіп келеді.
Академик Кенжеғали Сағадиевтің басшылығымен 50-ден аса докторлық және кандидаттық диссертация қорғалды. Үздіксіз ізденіс пен ұдайы ұмтылыс өзінің зейнетін де беріп келе жатқаны сөзсіз. Айталық ол 1992-1993 жылдардың қорытындысы бойынша Кембридждегі халықаралық өмірбаян орталығының ұсынуымен «Жыл адамы» атанды. Бүгінде оның омырауында Еңбек Қызыл Ту (1980), «Халықтар достығы» (1986), «Парасат» (2003), «Барыс» (2008), «Отан» ордендері жарқырайды. Сонымен қатар Пәкістан ұлттық академиясының, Халықаралық жоғары мектеп академиясының мүшесі, Парламент Мәжілісінің 3-4-ші шақырылымының депутаты болып сайланғаны және көптеген халықаралық, отандық университеттердің құрметті профессоры атағын алуы – қазақ ғылымы үшін үлкен мәртебе.
К.Сағадиевтің ел Парламентіндегі үш жылдық (2008-2010 жж.) қызметі республиканың бар күші мен мүмкіндіктерін жұмылдыруды қажет еткен әлемдік экономикалық дағдарыс пен оның жағымсыз салдары кезеңіне тап келді. Бұл жағдайда академик К.Ә. Сағадиев тәжірибелі экономист ғалым және еліміздің депутаттық корпусының аға буынының өкілі ретінде талай рет дағдарыс зардабын бәсеңдетуге байланысты ұсыныстар жасап, одан арғы құлдырау салдарын төмендету жолдарын көрсете білді. Атап айтқанда, дағдарыс жылдары ол биік Парламент мінбесінен орта және шағын кәсіпкерлікке Үкімет белгілеген шараларда көбірек қолдау көрсетуді ұсынды.
Сол кезде ол ел Президентіне арнайы хат жолдап, онда елімізде стратегиялық жоспарлаудың жаңа, неғұрлым тиімді жүйесін құру қажеттілігі жөнінде баяндап, мемлекеттік ұйымдар жұмысында бірін- бірі қайталаушылықтың кездесетінін, ал мұның өзі жауапсыздыққа әкелетінін тура айтты. Ауылда көптеген фермерлер мен шаруа қожалықтарының әлі де өндірістік кооперативтерге біріге алмай отырғаны, сондықтан жекелеген қожалықтар өздері үшін де, мемлекет үшін де пайда келтіре алмайтыны да осы хатта сөз болған еді.
Академик К.Сағадиев ғылыми жұмыстарын жаңа биіктерге көтеріп, халықаралық аренада өте жоғары беделге ие болуда Оның жақында ағылшын тілінде шыққан «Reforms in Kazakhstan: Analytical view» («Қазақстандағы реформалар: Аналитикалық көзқарас») атты монографиясы дүние жүзінің маңдай алды, жетекші ғалымдарының оң бағасын алды. Кембридж университетінің профессорлары С.Саксен, Ш.Феннел, Мәскеудің Ломоносов атындағы әйгілі университетінің (ММУ) профессоры А.Бузгалин және т.б. ғалымдардың берген бағасын бір ауыз сөзбен топтайтын болсақ, академик К.Сағадиевтің бұл кітабында алғаш жарияланған, басқа басылымдарда қаралмаған тың идеялар мен посткеңестік дәуірде экономикалық дағдарыстан шығудың оңтайлы әдістері, тәуелсіздік тұғырын қалай мықтап бекітіп, жаһандық нарық экономикасына ену үдерістері түбегейлі қарастырылған. К.Сағадиев кейінгі жастар түгіл, біздің қатарымызға да үлгі боларлық тағылымы мол азамат, биік тұлға, ғұлама ғалым, сөйлесе шешен, бастаса көсемдігі де кем емес шебер ұйымдастырушы. Бұл жай мерейтойға ғана айтыла салатын жел сөз емес. Мен Кенжекеңнің осы ерекшеліктерін, жоғарыда айтылғандай, жақыннан байқаған, көрген адаммын.
Бүгінде Кенжеғали Әбенұлы кемеліне келiп, болашаққа деген үміт-мақсатына шыңдалып жетіп отыр. Алда талай асулар бар. Ол – ғылым, бiлiм асулары. Тәуелсiз еліміздің керегесі қатайып, терезесі алпауыт елдермен теңесіп келе жатқан даму, өркендеу жолының алғы шебіндегі нар азамат Кенжеғали Әбенұлына, зор денсаулық, ұзақ өмір, баянды бақыт тілейміз!
Мұрат ЖҰРЫНОВ, Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты