Биыл Ақтөбеде бюджеттен тыс қаражаттың есебінен мүмкіндігі шектеулі балалар мен аутизмі бар балаларға арналған орталықтарды ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халықпен есепті кездесу барысында айтты.
«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Ақтөбе мыс компаниясымен» бірлесіп мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы құрылады. Онда ата-аналар мен балаларға мамандардан білікті көмек көрсетіледі», - деді Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ Ақтөбеде аутизмі бар балаларға арналған орталық құру жұмыстары жүргізілуде. Жоба «Асыл Мирас» қайырымдылық қорының қолдауымен «Аутизм. Әлем бәрі үшін бірдей» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Құрылысты іске қосу 2018 жылдың бірінші жартысына жоспарланған. Аутизмге ұшыраған және олардың отбасыларына арналған мекемеде толыққанды білікті мамандардан көмек көрсетілетін жағдайлар жасалады. Бұл жерде ата-аналар аутизмді диагностикалау және емдеуге, балаларды жалпы білім беретін мектепте оқуға дайындауға көмек алады. Сонымен қатар, орталық аутист балалармен жұмыс жасайтын мамандарды дайындайды.
Бұдан басқа, биылғы жылы Қазақстанда «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие орталығының құрылысы аяқталады. Жоба Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Айтып кетейік, 2017 жылы Ақтөбеде «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылды. Онда 90-нан астам балалар үйінің түлектері тұрады және жұмыс істейді. «Сәби» жекеменшік қоғамдық қоры «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығының құрылысына 1,4 млрд теңге аударды.