Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдардағы басым бағыттары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Сергей Громов өзінің кіріспе сөзінде Президент Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға баса назар аударғанын еске салды. Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттыру және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды ұлғайту міндеттерін алға қойған болатын.
С.Громов, сонымен бірге елімізде ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігі өте төмен екенін, оның басты себептерінің бірі техникалық жабдықтардың жеткіліксіздігі болып отырғанын айтты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы тракторлар мен комбайндар саны бойынша басқа елдерден артта қалып келе жатқанымыз, оған қоса оларды тиісті мерзімінен асыра пайдалану жиі кездесетіні атап өтілді.
Сенат Төрағасының орынбасары ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейінің төмендігін, оның шамамен 80 пайызы шикізат түрінде сатылатынына назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, барлық өңдеуші зауыттардың өндіріс қуаты 20-60 пайызға ғана пайдаланылып отыр. Ет, сүт, жеміс пен көкөністердің 30 пайыздан аз бөлігі өңделеді. С.Громов шикізатты өңдеуді қамтамасыз етуге және сапасы жоғары, экологиялық таза «Қазақстанда жасалған» брендімен танылатын дайын өніммен әлемдік нарыққа шығуға ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
Бұған қоса тауар өндірушілер әлеуеті мол нарықтарға бірнеше себептер бойынша шыға алмай отырғаны да айтылды. «Бөлшек бағаның 70-75 пайызын иемденетін делдалдарға қарсы жұмыстарды күшейту керек, ол дамыған елдерде тек 15-20 пайызды құрайды. Өндірілетін өнімнің қосымша құнын арттыру үшін өндірістен тұтынушыға дейінгі бүкіл тізбекті қайта қарау қажет. Қазіргі шешімдер логистиканың барлық байланыстарының өзара іс-қимылын ұйымдастыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті. С.Громов.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев өз сөзінде еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне шұғыл түрде егжей-тегжейлі талдау жұмыстарын жүргізу және оны дамыту үшін қаржы бөлу ережесін қайта қарау қажеттігі туралы айтты.
Ж.Нұрғалиевтің айтуынша, субсидиялау, жеңілдетілген несие түріндегі, салық салудағы және қызмет көрсетудегі мемлекеттік қолдау көлемі тек 2017 жылы жалпы алғанда 260 миллиард теңгені құрады. Бұл ретте агроөнеркәсіп кешені ішкі жалпы өнімнің 4,7 пайызын ғана қамтамасыз етіп отыр, ал 90-жылдардың басында саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесі ширек бөліктен астам болатын.
Саладағы еңбек өнімділігі (бір қызметкерге 1,5 миллион теңге шамасында), мал өнімділігінің деңгейі, негізгі мәдени дақылдардың шығымы, қазіргі заманғы агротехнология шараларын пайдалану көрсеткіштері өте төмен. «Осылайша, ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді шешуге мемлекет бөлген қомақты қаржыны пайдалану, ісі үлкен күмән туғызып отыр», деді сенатор.
Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев агроөнеркәсіпті кешенді дамытудың 2017-2021 жылдардағы басым бағыттарын таныстырды.
Сондай-ақ дөңгелек үстел отырысында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешенінің төрағасы Иван Сауэр, Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ган, Қазақстан фермерлер одағының басшысы Әуезхан Даринов, Республикалық қой шаруашылығы палатасының төрағасы Тынышбай Досымбеков сөз сөйледі. Ауыл шаруашылығы кооперациясына шағын және орта бизнесті тарту, отандық өнімдерді экспорттауды ұлғайту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, экспорт саясаты, мемлекеттік қолдаудың қаржы және басқа да шараларын тиімді пайдалану, өнім өндірушілерді техникамен және химиялық қорғау құралдарымен қамтамасыз етуді арттыру туралы мәселелер бойынша қойылған сауалдарға жауап берілді.
Дөңгелек үстел барысында айтылған ұсыныстар еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту жөніндегі ұсынымдарға енгізілді.