Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігі мен қайсарлығы туралы түсірілген «Алтыншы бекет» көркем фильмінің тұсаукесері өтті.
Фильм желісіне Ұлттық ұланның сарбазы Ербол Отарбаевтың 2010 жылғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы түзету мекемесінде қарауыл қызметін атқарып тұрған кездегі жанқиярлық ерлігі арқау болған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл туынды – лаңкестік пен экстремизмнің, радикалды ағымдардың алдын алуға шақыратын құрал.
Тұсаукесерге депутаттар, күштік құрылымдардың, әкімдіктің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Ұлттық ұлан ардагерлері, актерлар қатысты. Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов шара алдындағы баспасөз мәслихатында Ерболдың ерлігі жастарға үлгі болуы тиіс екенін атап көрсетті.
«Ерлік жасаған кезде Ербол Отарбаев небәрі 19 жаста еді. Ерболды үлгі ете отырып, бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Өз басым осынау ерлікке назарын аударғандарға алғысымды білдіремін. Себебі жауынгерлеріміздің батырлығын көп жағдайда ұмытып кетеміз. Біздің жігіттердің ерлігі жас ұрпаққа үлгі болуы керек», деді Р.Жақсылықов.
Ерлігі фильмге арқау болған Ербол әлі күнге дейін сол оқиға есінде екенін айтады.
«Мұндай жағдайды өмір бойы ұмыту мүмкін емес шығар. Ұлттық ұланның кез келген сарбазы осындай оқиғаға кезіккенде ешқашан артқа шегінбейді, шегінген де емес. Сол кезде бар ойым сотталған азаматтарды тоқтату болды. Мақсатым батыр атану емес болатын. Міндетімді атқарып жүрген әскери бөлімді, ротаны, взводты, әке-шешемді, ауылымды жерге қаратқым келген жоқ», деді бас кейіпкер.
Көркем туындыдағы басты рөлдерді Санұржан Сүлейменов, Жасұлан Өмірбек, Саят Исембаев секілді елімізге танымал актерлар сомдады. Мұхаметқали Сатовтың идеясымен түсірілген туындының бас продюссері Данияр Ибрагимов, режиссері Серікболсын Өтепбергенов. Кинокартинаны Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысы бойынша «Аю синема» кинокомпаниясы мен«Хабар» агенттігі бірлесе отырып түсірген.
Естеріңізде болса, сол кезде жас жауынгер түрмеден қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тосқауыл қойған болатын. Осы ерлігі үшін Е.Отарбаев II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Қазіргі таңда ол – Ұлттық ұланның офицері.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»