Соңғы түсірілген Баян сұлу туралы картина қалың көрерменнің көңілінен шықпағаны кеше. Көркем туынды болуға таласқан ұлттық арнадағы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» телехикаясы қызу пікірталас тудырғанын білеміз. Жаңа фильмге қатысты сыни пікірлер, әсіресе басты кейіпкер Баян сұлудың бейнесіне бағытталды. Қалың көрермен өз қалауындағы шынайы, жырдағы бейнемен ұштасатын қазақ аруын көре алмағаны анық.
Мұның барлығы Баян сұлу деген ардақты атты алып жүрген қостанайлық кондитер фабрикасының да өкілдерін ойлантқан көрінеді. Нәтижесінде, Алматыда баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, халықтық дауыс беру арқылы ең үздік Баян сұлу бейнесін таңдау шарасы басталғаны мәлім болды. «BAYAN SULU-2018» халықтық бейне – халық таңдауы» атты бастаманың қорытындысы 15 сәуірде, яғни Ұлттық ғашықтар күнінде белгілі болмақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жағдай – қазақ халқының осы тұста өз ойын білдіргісі келгендігінің айқын мысалы және халықтың сүйікті кейіпкерін таңдауға қатысуға ниетті екенін анық аңғартады.
– Біз өзіміздің төл мереке – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» Ғашықтар күнінің кең насихатталуын қолдаймыз. Сондықтан ашық дауыс беру орынды. Әрі бұл – өткен дәстүріміз бен ұлттық негізімізді ұлықтау, – деді «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.
Қостанайлық «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасының өкілі және ұйымдастыру комитетінің төрағасы Марлен Абылғазинов: «Біз қоғамымызда шынайы Баян сұлу бейнесін дәріптейтін түсінікті толық қалыптастыруға үлес қоссақ дейміз», дейді.
Сонымен сайысқа қатысу үшін 18 және 35 жас аралығындағы қыз-келіншектер www.halykbayansulu.kz сайтындағы анкетаны толтырып, өз фотосы және бейне-ақпаратты жүктеуі керек екен. Бейнетаспадағы бикеш Баян сұлу келбетін және осы бейнені сомдауға неге өзі лайықты екендігін баяндауы тиіс. Сайыс биыл 15 ақпан мен 31 наурыз аралығында өтеді. Осы кезеңде интернет қолданушылар өз дауыстарын бере алады.
Халықтың дауыс беру нәтижесінің негізінде ақтық сынға 5 ару өткізілмек. Әділқазылар алқасының шешімімен бес қатысушының арасынан бір жеңімпаз анықталып, Бас жүлдеге тігілген көліктің кілтіне ие болмақ.
Сайыстағы әділқазылар алқасы құрамын қоғам қайраткерлері, мәдениет және БАҚ өкілдері, сондай-ақ танымал блогерлер мен медиа-тұлғалар құрайды.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ