Көзіміз анық жеткен басты бір мәселе Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қорытынды есебі өтетін күнге дейін бірқатар ауылдық округтер әкімдерінің және барлық аудан әкімдері мен басқарма басшыларының есебіне қатысатыны, бұған уақыт таба білетіні. Жай қатысып қоймай жергілікті жерде туындаған мәселенің түйінін сол сәтте шешуге ұмтылатынын түйсіндік. Ал уақытты қажет ететін мәселелер болса оның орындалатын күнін белгілейді. Шалғайдағы ауыл тұрғындарының тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарып, мұң-мұқтаждарына ортақтасады.
Жылдық есебіне осындай жан-жақтылық пен кең тыныстылық беруі, әрі халықтың қалың ортасында ұдайы болуы арқылы өңір басшысы Президенттің атқарушы органдардың тұрғындармен есепті кездесу өткізу жөніндегі Жарлығын орындау кезінде оны тағы бір басқаша қырынан толықтыра түскендей көрінеді. Яғни мұның өзі облыс әкімі өзінің қорытынды есебі өтетін күнге дейін өзі басқарып отырған өңір қалай тыныстап, қандай күй кешіп отырғанын көңіліне түйіп келеді деген ойды білдіреді. Агломерациялық аймақ басшысы биылғы қорытынды есебінде. Ең бастысы, көпшілікке айтылған мәселе тұжырымды әрі нақты түрде көрініс тапты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 5 пайызды құрапты. Бұл еліміздегі кез келген өңірдің еншісіне тие қоймайтын экономикалық өсім. Дүниеде не нәрсенің де қадір-қасиеті мен артықшылығын салыстырмалы түрде бағамдауға әрі сезінуге болады. Осының алдындағы 2016 жылы бұл көрсеткіш небәрі бір пайызды ғана құраған болса 5 пайыздық өсім қарқынды әрі серпінді дамудың нақты белгісі болмақ.
Міне, тұрғындар алдында берген есебі кезінде облыс әкімі Б.Сапарбаев өз сөзін осы арнадан сабақтады. Бұл облыс экономикасының негізгі салаларын – өнеркәсіп пен сауданы, ауыл шаруашылығы мен құрылысты, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту мен жаңа технологияларды енгізу есебінен қамтамасыз етілді, деді бұдан әрі өңір басшысы. Ақтөбе – республикамыздағы өнеркәсібі дамыған өңірлердің бірі. Өткен жылы облыс экономикасының басым бағытын құрайтын өңдеуші кәсіпорындар алған биіктер де облыс басшысы есебінен тыс қалған жоқ. Мұнда да жақсы өсім бар. Оның өзі саладағы өңдеуші орындарды дамыту есебінен қамтамасыз етілген. Яғни кәсіпорындардағы өсім 7,9 пайызға өсіп, жалпы табыс 527 миллиард теңгені құраған.
– Өңір басшысы өз есебінде биылғы 2018 жыл облыста экономикалық серпіліс жылы болып жарияланғанын атап көрсетті. Соғай сай жаңғыртудың бес векторы белгіленген. Атап айтқанда, бұлар әлеуметтік бағдар, өмір сапасын жақсарту, азық-түлік қауіпсіздігі, индустриялық даму және кедергісіз бизнес болып табылады. Сондай-ақ аймақта әлеуметтік бағдар аясында «Бақытты балалық шақ» жылы аталып өтілмек. Соған сәйкес 150-ден төмен емес спорттық және ойын алаңдарының құрылысы бой көтермек. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары белгіленбек. Сонымен бірге сал ауруына шалдыққан балалар мен аутизм балаларға арналған орталық тұрғызылмақ. «Әсем» жыл бойы оқу-сауықтыру лагерінің құрылысы да осы қатарда тұр.
Кез келген өңір экономикасының даму деңгейіне қозғау салатын басты индекс – инвестициялық қаражат. Өңірдің инвестициялық тартымдылығын, бұған қоса облыстың қаражат құюға ыңғайлы екенін, шетелдік инвесторлардың сана-сезіміне сіңіре білген аймақ басшысының ілкімді ісінің арқасында өткен жылы облыс экономикасына 437 миллиард теңге инвестиция құйылыпты. Бұл 2016 жылғы деңгейден 63 миллиард теңгеге артық. Тартылған инвестицияның едәуір бөлігі жеке сектор субъектілерінің қаржылары болып табылады. Ал инвестиция тартудағы биылғы межеміз – 510 миллиард теңге. Бұл облыс экономикасын одан әрі дамытуға қосылатын қомақты қаражат болмақ, деп түйін жасады осы тұста Б.Сапарбаев.
Өңір басшысының тұрғындармен кездесуі аяқталғаннан кейін кездесуге қатысушылардың бір тобы газет тілшісіне өз ой-пікірлерін былайша жеткізді.
Кеңес Бірманов,
Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Бердібек Сапарбаев өзінің бүгінгі есебінде облыста өткен жылы 800 мың шаршы метрге таяу тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өтті. Бұл өңірде бұрын-соңды болып көрмеген биік нәтиже. Өткен жылдан бері Ақтөбеге «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғызылған аз қабатты үйлер тұрғызу тәжірибесін үйренуге делегациялар үзіліссіз келуде. Бұл өте жақсы нышан. Үй тұрғызу ісінде облыстағы оң нәтижелер жеткілікті. Бұл істе өңір басшысының еңбегі мол.
Айгүл Дүйсенова,
Ақтөбе облысындағы үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті:
– Өңір басшысы мемлекет-жекеменшік әріптестігі серпінді дамудың бір жолы екенін түйіндеп берді. Бұл шындық. Соның арқасында облыс орталығы күннен-күнге көркейіп келеді. Бүгінгі есепте үкіметтік емес ұйымдардың өңірді дамытуға қосқан үлесі жөнінде жақсы айтылды. Осы тұрғыдағы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстар көлемі өсіп келеді. Мұндай бірлескен жобалардың келешегі кемел деп білемін.
Жансұлу Атамұратова,
Қобда аудандық мәслихатының депутаты, гимназия директоры:
– Мен бүгінгі есептегі білім беру саласына қатысты айтылған талдаулар мен сараптамаларға айрықша көңіл бөлдім. Соның ішінде облыста үш ауысымдағы және апатты жағдайдағы мектептерді жою жөнінде қабылданған шешімдер сүйсіндіреді. Үш ауысымдағы тығыз әрі күрделі оқу үдерісін бастан кешіп жаңа үлгідегі ғимаратқа қоныс аударған білім ордасының бірі – біздің Қобда аудандық гимназиясы. Өңір басшысының айтуынша, биыл облыста 15-тен астам жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілмек. Бұдан асқан қуаныш бар ма?
Сабытай Жексенбаев,
Байғанин ауданындағы, «Қостемір» шаруа қожалығының жетекшісі:
– 3-4 өнімділігі аз мал ұстағаннан гөрі, бір асыл тұқымды мал өсірген әлдеқайда тиімді, деді облыс әкімі. Бұл пікірге толықтай қосыламын. Биыл өңірде мал тұқымын асылдандыру жөнінде іргелі шаралар қолға алынатыны, оған бөлінетін субсидия мөлшері өсетіні мені қатты қуантты. Бұл – мал санын одан әрі көбейтуге үлкен септігін тигізетін мемлекеттік қолдаудың көрінісі.
Мейірхан Ақдәулетұлы,
ақын-публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– Ақыны әкімін іздеген елдің маңдайының соры бес елі. Әкімі ақынын іздеген ел бақытты ел деген тәмсіл бар. Осы орайда бүгінгі есепте айтылғандай өткен жылы облыс орталығында қайталанбас үлгідегі рухани храмдар, өнер және мәдениет ордаларының бой түзеуі әкімі ақыны мен ел-жұртын іздегендей әсер қалдырады. Бұл өте әдемі үйлесім, керемет гармония. Рухани кем-кетікті түгелдей білген басшының бәсі мен мәртебесі қашан да жоғары.
Мереке Нұртазин,
«№4 Ақтөбе қалалық емханасы» МҚК-ның директоры:
– Өңірімізде құрылған медициналық кластердің республикада баламасы жоқ екені бәріміз үшін мақтаныш. Тыңнан түрен салу оңай іс емес. Бұған өңір басшысының тікелей қолдауы болмаған жағдайда мұндай жетістікке жетер ме едік, жетпес пе едік?! Бердібек Мәшбекұлы атап көрсеткендей, облыста жүзеге асырылып жатқан мемлекет-жекеменшік әріптестігінің негізгі үлесі денсаулық сақтау саласына тиесілі екені – халық денсаулығына деген жанашырлықтың бір көрінісі.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы