Зухра, Закро және Хасан перзентханада қырық күн жатып, жағдайлары оңалған соң үйлеріне қайтты. Оңтүстіктегі биылғы үшем қаңтардың ортасында дүниеге келген еді. Жеті айлық шақалақтардың салмағы 1,5 кило болғандықтан дәрігерлер бақылауға алған болатын.
– Өкпесі дұрыс дамымай туған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті 5 күн дегенде бері қарап, қосымша бір ай арнайы күтім жасайтын бөлімшеде болды. Осы аралықта сәбидің әрқайсысы бір килодай салмақ қосты, – деді облыстық перинаталдық орталықтың нәрестелер патологиясы және шала туған нәрестелерді күтім және сырқат бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнәр Сапиева.
Үшем жиырма бір жастағы Гузал Нурмиминованың тұңғыштары. Жалпы, облыста орташа есеппен жылына 7-8 үшем дүниеге келеді екен.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы