• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Президент 26 Ақпан, 2018

Дариға Назарбаева Ли Куан Ю бағдарламасы бойынша Сингапурда болды

369 рет
көрсетілді

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева Сингапур Үкіметінің бастамасы бойынша Ли Куан Ю атындағы алмасу бағдарламасына қатысу мақсатында Сингапурда болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.     

Сингапур Премьері Ли Сянь Лунмен кездесу барысында екіжақты ынты­мақтас­тықты дамытудың, оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының үйлесім табуы бо­йынша ауқымды мәселелері талқыланды.

Сенатор Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесіндегі төрағалығы туралы Премьер Лиді хабардар етті. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі алғашқы әрі басты шара Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен «Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау: сенім шаралары» атты тақырыптық брифинг болды. Сингапурға Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ядролық қарусыз аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттер мен Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықты үдетуге бағытталатын күн тәртібін  бірлесе ілгерілету ұсынылды.

Қазақстан Сенаты комитетінің төр­ағасы АСЕАН ұйымына Сингапурдың төрағалық етуімен Ли Сянь Лунды құт­тық­тады және Ассоциация мен Еура­зия­­лық экономикалық одақ арасын­дағы ынтымақтастықты дамытудың әлеуетіне назар аударды.

Көрнекті саясаткер, Құрметті аға министр Го Чок Тонгпен кездесу барысында сауда және білім беру саласындағы ынтымақтастықты өрістетуге басымдық бере отырып, екіжақты қатынастардың негізгі мәселелері талқыланды. Сингапур саясаткері «Қазақстан Сингапурдың Орталық Азиядағы ірі сауда әріптесі болып табылады», деді және «Бір белдеу, бір жол» бастамасының зор әлеуетіне тоқтала келіп, оны іске асыруда екі елдің де негізгі рөл атқара алатынын атап өтті.

Д.Назарбаева Парламент Төрағасы Тан Чуан-Джинмен  парламенттік байланыстарды нығайтуды талқылады және парламентаралық үнқатысудың дамыту қарқыны туралы айта келіп, екі елдің заң шығару билігі тармақтары бас­шы­ларының 2016-2017 жылдардағы өзара сапарлары парламентаралық байла­ныстарға елеулі серпін бергенін атап өтті.

Екі ел арасындағы сыртқы экономи­калық байланыстарды дамыту, қауіп­сіздікті нығайту және қаруларды таратпау мәселелері Сингапур сыртқы істер меке­месінің басшысы Вивиан Балакриш­нанмен әңгімеге арқау болды. 

В.Балакришнан Сингапурдың АСЕАН ұйымына төрағалық етудегі басым­дықтары туралы әңгімелеп берді және Сингапур мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы еркін сауда аймағын құру жөніндегі мәселені ілгерілетуге қо­лдау білдіргені үшін Қазақстанға алғы­сын жеткізе отырып, «мұндай айма­қ­ты құру екі ел арасындағы сауда-эконо­мика­лық және инвестициялық ынтымақ­тас­тық­ты елеулі түрде күшейте түседі», деп атап өтті.

Шараға сонымен қатар Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев та қатысты.

«Егемен-ақпарат»