ІІМ заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылға және заңсыз мигранттарды анықтауға бағытталған «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды.
Үш күн ішінде полицияның мобильдік тобы елімізге келу тәртібін бұзған 7 мың шетелдікті анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сот шешімі бойынша 1000 шетелдік елден шығарылып, 700 адам қабылдау-бөлу орындарына әкелінді.
Шетелдік жұмыс күштерін тарту және пайдалану ережесін бұзған 269 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды.
– Көші-қон, криминалдық және әкімшілік полиция қызметкерлерінің жұмысы нәтижесінде көші-қон заңын бұзғаны үшін сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне 78 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, – деп атап өтті ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов. – Іздеуде болған 14 қылмыскер ұсталды, оның ішінде төртеуі ТМД азаматы.
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 3 мыңнан астам шетелдіктің елімізде уақытша болу мерзімі қысқартылды.
«Егемен-ақпарат»