Қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратайұлы 82 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы хабарлады.
Сұлтанғали Қаратаев 1936 жылы 23 маусымда Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1970-80 жылдары Қазақ радиосында шолушы әрі диктор болып жұмыс істеді, сондай-ақ, телевидение саласында да біраз қызмет еткен.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Алматының Орталық стадионынан тікелей эфирді алғаш рет қазақша сайратқан Сұлтанғали Қаратайұлы еді. Оның спорт репортаждары әлі күнге дейін алтын қорда сақтаулы тұр.
Сұлтанғали Қаратаевтың бүгінде қазақ комментаторлығына қажетті көптеген термин сөздерді енгізгені белгілі. Мәселен, «Айып алаңы», «Оң қаптал», «Сол қаптал», «Қосалқы құрам» т.б. сөздер бар. Бүгінде сол сөз тіркестері спорт журналистикасында жиі қолданылады.
Сұлтанғали Қаратайұлының спорт журналистикасындағы еңбегі ерен. Сонымен қатар, бірнеше тарихи-танымдық мақалалары мен аударма еңбектері де жарық көрді.
Сұлтанғали Қаратайұлының есімі Қазақ футболының тарихында мәңгі қалмақ.