Қазір қай сауда орталығына барсаңыз да қаптаған балалар әткеншектері орналасқан алаңды немесе қабатты көресіз. Әрине, қала тұрмысында мұндай орындардың болғаны ата-аналар үшін қолайлы. Бірақ бұл ойын алаңдары жабық ғимараттарда орналасқандықтан жеткіншек денсаулығына кері әсері барлығын ата-аналардың барлығы байыптай бермейді. Өйткені онда ауа айналымы аз, ал келуші саны көп. Санитарлық талаптардың сақталуы да әркелкі. Бұл алаңдар – ең алдымен табыс көзі, яғни қалтаны қағады. Осындайда елімізде балалар туризмінің жеткілікті деңгейде дамымай отырғаны ойға оралады. Өйткені балаларды таза ауа аясындағы түрлі саяхаттарға, туристік нысандарға жібергенге жететін дүние жоқ. Кеңестік кезеңде оқыған буынның көпшілігі ымырт үйіріле алқақотан отырып, ортаға от жағатын жазғы лагерлерді ұмытпаған болар, сірә...
Қазір елімізде 1 миллионға жуық баланы (947 327 немесе 31,1 пайыз) қамтитын 1 287 қосымша білім беру ұйымы бар. Сондай-ақ жас турист-өлкетанушылардың 40 стансасы мен орталығы, мектептерде 2 188 туристік-өлкетану үйірмесі жұмыс істейді. Оқушылар сарайлары мен орталықтарында балалар және жасөспірімдер туризмімен 7 – 17 жас аралығындағы 80 мыңнан астам бала қамтылған екен. Бұл бар-жоғы 2,6 пайызды құрайды.
Жалпы, туристік-өлкетану бағытындағы балалар ұйымдарының желісі ХХ ғасырда қалыптасты. Бірақ жаңа ғасырмен қоғамымызға дендей енген нарықтық жүйе балалар туризмінің де ту-талапайын шығарып, өз әмірін жүргізгендей әсер қалдырады. Мәселен, Парламент Сенатының депутаты Нариман Төреғалиевтің айтуынша, кеңестік кезеңнен қалған балаларға арналған туристік нысандардың басым бөлігінің қазіргі ахуалы халықаралық стандарттарға сай келмейді, техникалық жағдайы үрей туғызады немесе материалдық техникалық базасы ескірген, кейбірі мүлдем жойылған.
Бүгінде балаларға арналған орталық туристік нысандар 20 бейімделген ғимаратта орналасқан, оның 50 пайыздан астамы күрделі жөндеуді қажет етеді, 10 шақты орталықтың жеке ғимараты да жоқ. Ал өз бетінше ұйымдастырылған туристік бірлестіктер мектептерде орын тепкен. Мұндай сипаттағы ғимараттардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысына тән. Тағы бір мәселе – сала заманауи озық технологиялардан, оқу құралдарынан, компьютерлік техникадан, сапалы интернеттен тапшылық көріп отыр. Елімізде туристік жабдықтарға ие өз бетінше ұйымдастырылған туризм бірлестіктері 15 пайызды ғана құрайды. Сондай-ақ туристік-өлкетану бағытындағы технологияларды меңгерген педагогтардың, мамандардың біліктілігі де жеткіліксіз деңгейде. Мәселен, соңғы 3 жылда туристік-өлкетану бағыты бойынша педагогтардың 30,8 пайызы біліктілігін арттырды. Яғни, педагогтардың 69,2 пайызы әлі біліктілігін жетілдіруді қажет етеді. Осы орайда түрлі коммерциялық ұйымдар кадрлардың біліктілігін арттыру қажеттілігін ескере отырып, педагогтар үшін маңызды емес қымбат курстар ұйымдастырып жүргені байқалады. Бұл осы мақсатта мемлекеттік тапсырыстарды әзірлеу керектігін көрсетіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда бастауыш, орта және жоғары дайындық семинарлары арқылы демалыс күндерді, күрделі саяхаттарды ұйымдастырушы жетекшілер мен мектеп туризмінің нұсқаушыларын даярлайтын жүйе жоқ. Оған ведомствоаралық құзыреттіліктердің алуандығы да кері әсерін тигізіп келеді. Мәселен, қажетті мамандар мен оқу-тәрбие әдістемесін даярлау Білім және ғылым министрлігінің құзыретінде болса, туристік нысандардың жұмысын ұйымдастыру Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды. Бұл ортақ мақсат пен біртұтас талаптарды шешуде тиісті министрліктер арасында өзара тиімді іс-қимылдың жоқтығын көрсетеді. Яғни, балалар туризмі жүйесінің барша елді қамтыған сипаты байқалмайды.
Осы орайда елімізде балалар-жасөспірімдер туризмін дамытудың тұжырымдамалық тәсілдерін бекіту туралы 2015 жылы Білім және ғылым министрлігі мен Инвестициялар және даму министрлігі бірлескен бұйрық шығарған болатын. Таяуда туристік-өлкетану бағытында балаларға қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар басшыларының республикалық үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытудың жаңа мүмкіндіктері қаралды. Жалпы, бұл сала балалардың туған елі мен жерінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытуда ерекше маңызға ие екені белгілі. Оны Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алға қойған міндеттер мен тапсырмалар да жандандыра түсті. Балалар туризмін түрлі саяхаттар мен жарыстар, байқаулар негізінде жолға қоюда қосымша білім беру ұйымдарына үлкен жүк артылып отыр.
– Қосымша білім беру ұйымдары – балаларға арналған әлеуметтік институт. Бұл баланы жеке тұлға ретінде дамытуға, білімі мен ой-өрісін жетілдіруге, ұлттық қасиеттерді бойына сіңіруге, өзін өзі дамытуға, көшбасшылық бітімді игеруіне алғышарт бола алады. Жан дүниесі таза жеткіншек табиғатты жақсы көреді. Осы тұрғыда педагогтың міндеті – балалар туризмі арқылы тәрбиелеу. Бұл баланың келешегін айқындайтын дүние. Сондықтан бүгінгі жедел өзгерістерге толы әлемде балалар туризмін дамыту өте өзекті, – дейді Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер. Оның айтуынша, Батыс Еуропа елдерінде қосымша білім беру ұйымдарына 70 пайыз, мектепке 30 пайыз ғана көңіл бөлінеді. Бұл жағдай Қазақстанда керісінше өріс алып отыр.
Парламент Сенатының депутаты Динара Нөкетаева балалар-жасөспірімдер туризмін жандандыру саламатты өмір салтын қалыптастыруға, ұлт денсаулығын нығайтуға, әлеуметтік бейімделуге, кәсіптік шыңдалуға, жас өскіндердің өзін өзі дамытуына, ұлттық сана-сезімі мен рухани жан дүниесін байытуға, табанды, қажырлы, жігерлі азамат ретінде өсуіне ерекше ықпал ететінін айтады. Сол себепті балалар туризмін педагогикалық ұйымдастыру ісі мен оқу-тәрбиелік әдістемесін заманауи талаптарға сай кешенді түрде дамытуға ден қою керек, бұл ретте мемлекеттік деңгейдегі қолдау өте өзекті. Мәселен, көпшілікке арналған балалар туризмі қымбат болмауы керек. Бұл мәселеде мемлекет ірі туроператор қызметін атқаруға немесе реттеуге құмбыл болуы тиіс. Сонымен бірге туристік-өлкетану бағытындағы қосымша білім беру жүйесінің нормативтік-құқықтық базасын жетілдірмейінше, оның әлеуметтік мәртебесін толық қамту, сақтау мен қорғауға кепілдік жоқ. Яғни саланың дамуына шек қояды. Бұл жүйені артқа тартатын тағы бір мәселе бюджеттік қаржының аз бөлінуі деуге болады. Айталық қолымызда бар дерек бойынша, 2014 жылы қосымша білім беру ұйымдарын жергілікті бюджеттен қаржыландыру 3,2 пайызды ғана құраған және оның жартысы айлық төлемақыға жұмсалған екен. Бұл орайда Мәжіліс депутаттары Шафқат Өтемісов пен Павел Казанцевтің айтар уәжі, балалар туризмінің дамуы ішкі туризмге тәуелді, заң шығарушы орган бұл саладағы қоғам тарапынан берілген барлық ұсыныстарды жаңа заң жобасын жасақтауда ескереді, сондай-ақ қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге салаға жеке қаржы көздерін тартуға жағдай жасалуда және мұнымен шектелмей, жас туристерді ынталандыру тетіктерін де қарастыру керек.
«Kazakh tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев балалар туризмін насихаттауда біріншіден, өңіраралық, еларалық байланыстың тиімділігін, екіншіден, кез келген киелі орындарды таныстыруда нысан туралы жай ғана әңгімелеп қоймай, аңыздар мен ертегілерді кіріктіре отырып түсіндірудің, яғни әдістемесін жетілдірудің маңыздылығын жеткізді. Бұл ұйым былтыр оңтүстік өңірлерден келген балаларға орталық Қазақстанды аралатса, биыл 2 мыңнан астам баланы қамтитын жаңа бағыттарды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ киелі жерлер туралы мәліметтерді бала танымы мен қызығушылығына сай электронды форматта қызықты етіп ұсынудың тетіктерін қарастыруда. Озық елдерде ішкі туризм бюджет түсімінің 80 пайызына дейінін береді. Оның үстіне баладан ешбір ата-ана аянып қалмайды. Сондықтан балалар туризмімен бірге отбасылық туризмді де ұмытпауымыз керек, дейді Т.Дүйсенғалиев.
Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Спорттық туризм ұлттық федерациясының президенті Елена Тарасенко болса, балалар туризмін дамытуда республикалық үйлестіру кеңесін тиісті ведомство басшыларының қатысуымен жоғары деңгейде өткізудің өте өзекті екенін айтады. Астанаға арнайы келген А.А. Остапец-Свешников атындағы балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану халықаралық академиясының президенті Дмитрий Смирнов та осы ойды құптайды. Ресейлік маманның айтуынша, Қазақстанда үйлестіру кеңесі парламенттік тыңдауға негізделген болса, Ресейде үйлестіру кеңесіне премьер-министрдің орынбасары төрағалық етеді. Сондықтан онда нақты атқарылған жұмыс бойынша есеп беріледі. Яғни ұсыныс беруші емес, атқарушы орган ретінде жұмыс істеу балалар туризмін алға жылжытудың кепілі, дейді ол. Бірақ мұның кері әсер ететін тұсы да бар. Бұл – қағазбастылық. Ал қағаз кіріккен ортада бюрократиялық кедергілер де туады. Жалпы, шетел тәжірибесіне зер салар болсақ, Германияда жастар туристік базаларының одағы жұмыс істейді. Көрікті табиғат мүйістерінде жас табиғаттанушыларға арналған 400 үй орналасқан. Канада, Кения, АҚШ және Қытай елдерінде жастар арасында қорықтар мен ұлттық парктерге бару танымал болса, Жапония жастары мектептегі демалыста халықтың түрлі кәсіпшіліктерін үйренуге барады екен. Ал Франция, Англия, Аустрия елдеріндегі оқу орындарында кейбір жекелеген пәндерді оқытуда мұғалімдер оқушыларды қала маңына жаяу серуенге алып шығуды дәстүрге айналдырған. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер туризмінің ұлттық жүйесін құруда қоғамның ой-пікірін зерделеуден артық кешенді ұсыныс болмайды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»