«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Алматы қаласында болды. Сапар барысында ол бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, партияның қалалық активімен, шағын және орта бизнес өкілдерімен, сондай-ақ жастармен кездесті.
Елбасының партия қызметін жаңғырту жөніндегі тапсырмасына орай әлеуметтік бағыттағы жұмыс барысын одан әрі күшейту көзделіп отыр. Соған байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға, ардагерлерге және халықтың аз қамтылған тобына қолдау көрсетуге бағытталған барлық партиялық жобалар қайта қаралып, олардың өзектілігі арта түспек. Басты мақсат – бұл жобаларды партиялық қолдау көрсетудің мейлінше тиімді құралына айналдырып, сол арқылы халыққа нақты әрі айтарлықтай пайда әкелу.
Сапар аясында Мәулен Әшімбаев ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған күндізгі орталық бөлімдерінің біріне арнайы ат басын бұрды. Аталған бөлім «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отанның» тікелей бастамасымен және қолдауымен ашылған болатын. Бүгінде мұнда 30 бала жартылай стационар жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтерді тегін алып келеді. Жалпы, қала бойынша 200 балаға қызмет көрсетіп отырған осындай 3 бөлім жұмыс істейді. Таяуда Жетісу және Наурызбай аудандарынан тағы 2 бөлім ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары балаларды оңалту және бейімдеу жұмыстары жүргізілетін арнайы кабинеттерге бас сұқты. Аталған медициналық мекеме қызметкерлерімен кездескен Мәулен Әшімбаев осы саладағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Өз сөзінде ол алдағы уақытта партия ерекше қажеттілігі бар жас қазақстандықтарды қолдауға айрықша көңіл бөлетінін жеткізді. Жүздесу соңында балаларға «Нұр Отан» партиясының атынан арнайы сыйлықтар табысталды. Ал орталыққа қазіргі заманғы «Дэльфа» логопедті жаттығу құралы тарту етілді. Бұл жаттығу құралының көмегімен кейбір балаларда кездесетін түрлі сурдологопедті мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік бар.
Сапар барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Алматыдағы ең ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде болып, қаланың шағын бизнес өкілдерімен кездесті. Кәсіпкерлермен еркін пікір алмасып, осы саланы одан әрі дамытудың қыр-сырын талқылаған Мәулен Әшімбаев жақын арада партия тарапынан шағын және орта бизнес саласына айтарлықтай қолдау көрсетілетінін жеткізді. Нақты айтқанда, Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай «Нұр Отан» шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған жаңа жобаны қолға алмақ.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары оңтүстік астанамыздың жастарымен де арнайы кездесіп, әртүрлі тақырыпта әңгіме өрбітті. Кездесу SmArt.Point коворкинг-орталығында өтті. Аталған орталық түрлі стартаптарды жүзеге асыратын орын ретінде де белгілі. Бұл жер аптаның жеті күнінде тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Мұнда сөйлесу бөлмелері, ойынға арналған орындар және спорт, конференц-залдары бар.
Кездесуде Мәулен Әшімбаев Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ел жастарының жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасап отырғанына назар аударып, жас өнертапқыштар мен инноваторларды Елбасының тапсырмасына сәйкес «Нұр Отанның» ұйымдастыруымен өтетін жастар арасындағы дәстүрлі республикалық инновациялық жобалар байқауына қатысуға шақырды. Осы ретте «Нұр Отанның» жыл сайын жас өнертапқыштарға өз жобаларын жүзеге асыру үшін арнайы жүлде тағайындайтынын айта кеткен жөн.
Жастармен кездесу барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары алда болатын «Жас Отан» Жастар қанатының съезіне де тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, бұл съезд еліміздегі жастар саясатына жаңаша қарқын беретін ірі іс-шара болады деп күтілуде.
Сапар соңында Мәулен Әшімбаев Алматы қаласының әкімі, партия қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Байбек бастаған шаһардың партиялық активімен кездесті. Партия Төрағасының бірінші орынбасары филиалда жаңадан ашылған Office of political analysis кеңсесінің жұмысымен танысты. Бұл жерде сараптамалық ресурстарды, әртүрлі болжамдарды және үлгілеулерді жедел басқаруға, олармен жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясының алғашқы мультимедиалық музейінде болды. Музей бар болғаны 10 шаршы метр аумақты қамтиды. Оның басты ерекшелігі де осы. Мұнда алдыңғы қатарлы цифрлы технология кеңінен қолданылған. Соның арқасында келушілер арнайы LED-экраннан Елбасы, партия Төрағасының өмірбаянын тамашалай алады.
Қалалық партия активімен кездесуде Мәулен Әшімбаев Елбасының партия қызметін жаңғырту және «Нұр Отанды» ауқымды «қайта жүктеу» туралы тапсырмасы туралы кеңінен айтып, оны жүзеге асырудың басым бағыттарын ұсынды.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ