Бүгінде кәсіби шеберлігі жоғары ардагерлердің эстафетасын лайықты түрде жалғастыратын ізбасарлардың қатары селдіреп бара жатқаны алаңдатады.
«Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауатты болу жеткіліксіз». Халыққа арнаған Жолдауларының бірінде Елбасы осылай деп атап көрсеткен болатын. Сәт сайын теңдессіз жаңалықтар еніп, озық технологиялар толассыз қолданылып жатқан бүгінгідей жаһандану кезеңінде заманауи білім беру жүйесін халықаралық стандарттармен үйлестіру, педагог кадрларының кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіру арқылы жеткіншек ұрпақты сыни ойлауға бағыттаудың, функциялық сауаттылығын арттырудың, дербес тұлға ретінде қалыптастырудың қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, мұғалімдер қауымы алдында тек білім беру қызметімен шектеліп қалмай, таптаурын әдістер мен ескі көзқарастардан арылып, инновациялық жобаларға бағытталған машықтарды терең игеру, кеңінен қолдану секілді іргелі міндеттер тұр. Адами капитал жаңғыруының негізін білім сапасы құрайтыны, бұл саладағы бағдарламалардың басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытуға қойылатын талаптар биылғы Жолдауда да анық айтылды. Бұл тұрғыда ой сабақтайтын болсақ, өңірде үлгі етерлік іс-тәжірибелер аз емес. Облыс бюджетінің төрттен бірі осы салаға бағытталады. Биыл оның мөлшері 46,3 миллиард теңгені құрады. 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер балабақшалармен толық қамтылды. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында кәсіптік даярлық және сервис колледжінде мүмкіндігі шектеулі балалар мамандық алады. 52 мектепке «Робот-техника» элективті оқыту курсы енгізілді. Алдағы уақытта оның саны үш есеге дейін көбейеді. Жаңартылған бағдарлама бойынша 8 мыңнан астам ұстаз даярлық курстарынан өтті. Оқулықтар сатып алуға 466 миллион теңге қарастырылды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде «IT-лицей», «smart-балабақша», smart-мектеп» жобалары жұмыс істейді. Петропавл қаласында мектептердің үш ауысымда оқытылуын еңсеру үшін 1500 орынды екі білім үйін салу жоспарланған. 16 мектепке күрделі жөндеу жүргізілмек. 365 кабинет мультимедиялық қондырғылармен жабдықталмақ.
Десек те, білім саласында өзіндік қиындықтарға қоса жедел шешімін табатын жайттар да жетіп-артылады. Солардың кейбіріне тоқтала кетсек, жұмыс істеп тұрған білім ошақтарының 400-і шағын комплектілі санатқа жатады. Республика бойынша жылына бір оқушыға 400 мың теңге жұмсалса, өңірде 262 мың теңгеге көп. 187 білім үйі нормативтік талаптарға мүлдем сай келмейді. Мектеп жоқтығынан 216 елді мекеннің балалары кеңшар, аудан орталықтарына қатынап оқуға мәжбүр. Соңғы 4 жылда Есіл ауданында 11 мектептің мәртебесі төмендетілді. Айыртау, М. Жұмабаев, Жамбыл, Тайынша аудандарында да осындай жағдай қалыптасқан. Білім басқармасының өкілдері бұл мәселеде бірқатар обьективті себептердің орын алып отырғанын алға тартады. Келіселік. Ал дипломды мамандардың тапшылығына, мұғалімдердің «қартайып» бара жатқанына қандай дәлел келтіреді? 70533 оқушыға тәлім-тәрбие берумен айналысатын 10626 мұғалімнің 506-ы зейнет жасынан әлдеқашан асып кеткендеріне қарамастан әлі еңбек етіп жүр. Жағдай осылай жалғаса берсе, олардың орнын алмастыратын лайықты ізбасарлар әзірлеудің ауылы алыстай беретіні анық. Білікті мамандар дайындауға 12 мыңнан астам студенті бар кәсіптік-техникалық колледждердің әлеуеті толық жете тұра, толық пайдаланылмай келе жатқаны неліктен? Зерттеу көрсеткендей, жыл сайын жарты мыңға жуық түлек мұғалім мамандығын алып шыққанымен ауылдарға ат басын бұра бермейді. Өйткені олар мұғалімге қалыпты әлеуметтік жағдайлардың жасалмайтынын, жалақысының аздығын жақсы білетіндіктен көбіне қала төңірегін жағалайды. Осының салдарынан араларында басқа кәсіпке ауысып жатқандары да баршылық. «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлерден оқуға келген жастардың есебінен елді мекендердегі кадр мұқтаждығы шешіледі деген үміт әзірше ақталмаған сыңайлы. Мәселен, Ақжар ауданында колледжді тәмамдаған алғашқы толқынның бірде-бір өкілі өңірде қалып, жұмыс істеуді қош көрмеген. Оның бір ұшығы жоғарыда айтқанымыздай, тұрақты жұмысқа орналастырудың тиімді тетіктерінің қарастырылмауына келіп тіреледі. Сондықтан серпіндіктердің әлеуметтік жағынан қорғалуы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына енгізіп, тиісті орындарға міндеттелуі тиіс. Бүгінде колледждерде – 325, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де 860 серпіндік жастар оқиды. Олардың жергілікті жерлерде қалып, жұмысқа орналасуы қатаң бақылауға алынбаса, алдыңғылардың жолын қууы әбден ықтимал. Демек, биыл педагогтар қатары 127 серпіндікпен, 192 колледж түлегімен толығады деп алақайлауға әлі ерте. Бұған мектеп бітірушілердің үштен біріне жуығы білім іздеп Ресей асып кететінін, қайта оралмайтынын қоссақ, әсіресе шекаралас аймақтардағы ахуал шиеленісті күйде қалып отырғаны алаңдатады. Мемлекеттік емтиханға қатысушылардың саны да қысқарып келеді. Мектеп басшыларының орыс тілі, математика, ағылшын тілі пәндеріне квота мен грант аз бөлінеді деген пікірлерімен келіспеске болмайды. Бүгінде облыс бойынша 63 орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қажет болса, сұраныстың үштен бірі ғана қанағаттандырылған. 24 физик, 72 математик тапшы. Осы олқылықтарды ескере отырып, облыс әкімінің жергілікті бюджет есебінен 75 грант тағайындауы өте құптарлық. Өңірдегі бірден-бір жоғары оқу орны М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне жүктелетін жауапкершілік жүгінің салмақты екенін баса айтқымыз келеді. Мұнда 5,5 мың студент білім алса, жартысына жуығы – болашақ ұстаздар. Университет ректоры Серік Өмірбаевтың сендіруінше, жаңа педагогикалық мамандықтар оқытылып, квота жеткілікті мөлшерде бөлінбекші. Келешекте ауыл шаруашылығы, фармация, жалпы медицина кадр- ларын дайындау міндеті тұр.
57 мектепте факультативтік үйірмелер негізінде жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытудың қанатқақты жобасы қолға алынды, 544 мұғалім ағылшын тілін үйрену курстарын бітіріп, 207-і В1, В2 деңгейін меңгерді деген ақпараттар дүдәмал ойларға жетелейді. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындылары бойынша облыстың 6-шы орыннан 15-ші орынға төмендеуі біраз жайтты аңғартса керек. Білім ошақтарын кең жолақты интернетпен қамту, робот-техника үйірмелерін ашу, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүйелі жүргізу, мүмкіндігі шектеулі балалардың үзіліссіз оқуын қамтамасыз ету үшін инклюзивті білім беру мекемелерін құру, мектептерде онлайн-режімде оқыту мүмкіндіктерін қарастыру бағыттарында да атқарылатын іс-шаралар аз емес.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы