Қашанда қатарының алды болып, қияға қанат қағып, үнемі өсу – самғау үстінде жүріп, бұл күнге жеткен қарындас-құрбы жайлы қалам тарту мен үшін әрі қуаныш, әрі жұбаныш дер едім. Қуанышы – талай асу-белестерді артқа тастап, кейде ашық аспанның астында, кейде қат-қабат қалың бұлтты қақ жарып, қырандай самғап осынау жасқа жетті. Тәубе, дейік! Жұбанышы – қос ғасыр тоғысында, бір-біріне кереғар екі жүйенің де сынынан өтіп, ыстығына күйіп, суығына төзіп дегендей, әр дәуірдің дауылына да, желіне де төтеп беріп, бүгінгі тәуелсіздік заманын көзбен көріп, өмір сүру екінің бірінің басына қона бермеген сирек бақыт екенін сезіну.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының Тәуелсіздік тоғысындағы ширек ғасырын шиырлап шықсақ, басқасын былай қойғанда, бүтін қазақ баласының басынан өткен дәуірді түгендеп айту екінің бірінің қолынан келе бермесі хақ. Дүниені дүрліктірген желтоқсан дауылынан кейін арпалыспен өткен күндер мен түндер тәуелсіздіктің бүгінгі мамыражай мезгіліне жалғасты. Осы кезеңдегі ел басынан өткен аласапыран өзгерістерді қанша көзбен көрсек те безбендеп айтып беру оңай іс емес. Демек, халқымыздың басынан өткен осынау тағылымды да тауқыметті істерді тарих толқынына тоғыстырып, бүгінгі күннің үрдісінде ұрпаққа үлгі етіп ұсыну біз түгіл болашақ ұрпақтың еншісіне айналар ерен еңбек екенін ұмытпауымыз керек. Осы ерен еңбек жақында ғана Елбасының қолымен жазылып, «Тәуелсіздік дәуірі» деген атпен қалың оқырман қолына тиді.
Қазір Қазақстан халқы іргелі іс, ерен еңбекті жан-жақты талқылап, ел кәдесіне жаратып жатыр. Осындай игілікті әңгімелерге иек артқанда, алдыңдағы ағалардың ақыл-кеңесі, парасат-пайымы ойыңа оралады. Қасыңдағы қатарларыңа қарап, өзіңе де көңіл бөліп, «осы мен Тәуелсіздігіме қандай үлес қостым?» деген қастерлі талапқа табан тірейсің. Осы кезде менің ойыма сонау Торғай даласынан түлеп ұшып, сол кездегі ел астанасы – Алматыға аңсары ауып оқу іздеп келіп, білім кәусарын қанып ішіп, қияға қанат қаққан қарындас-қарлығаш-замандас-досым Рәшила Қабиқызы Мұрсалиева оралады. Енді Рәшила Қабиқызының өмірбаяндық ақпараттарына бір сәт көз жүгіртіп көрейікші.
1966 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны 1971 жылы аяқтап, биология және химия пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шыққаннан кейін өзінің кіндік қаны тамған Торғай даласына бір-ақ тартады. Барған бетте бірден сол кездегі Жангелдин аудандық комсомол комитетінің мектеп бөлімінің меңгерушісі қызметіне кірісіп кетеді. Сөйтіп оның еңбек жолы Ыбырай Алтынсарин атасы мектеп ашып, білім нұрын шашқан қастерлі мекеннен бастау алады. Сол кезде комсомолдың рөлі өте күшті болатын. Ауданда жастарға жетекшілік еткен Орекен Алматов, Сабыржан Шүкірұлы, Жақан Қосабаев, сондай-ақ өзінің құрбы-құрдастары Марат Қасымов, Қойшы Сәрсенгелдин, Сәуле Аяшева сынды қызметтің қым-қуыт сынағынан, сындарлы сынынан өткен азаматтармен қоян-қолтық жұмыс істеп, болашақ қайраткер қыз сол кездің өзінде-ақ күрделі істердің күрмеуін шеше білетін шебер ұйымдастырушылығымен көзге түсе білген еді.
Торғайдағы жылдар жалындаған жас маманның оң-солын танып, туған елдің тарихы мен шежіресіне терең үңілуге мүмкіндік береді. Ол өзінің ата-бабалары – атақты Ахмет Байтұрсынұлы ұрпақтарымен түбі бір туысқан екенін, нағашыларының да жүректі батырлар болғанын біліп, туған жер тарихын зерттеп, зерделеуге ден қойды. Өзінің арғы атасы Ахмет Байтұрсынұлымен тек бірге туысып қана қоймай, бір кезде жас бала Ахметке арабша дәріс үйреткен ғұлама абыз Тұрғынбек есімді кісі өзінің түп атасы екенін Рәшила кейін білді. Кезінде осы өңірдің діни сауатын ашып, мешіт ұстаған бала Ахметке арабша дәріс берген Тұрғынбек туралы аңыз әңгіме ел ішінде көп айтылады. Рәшила Қабиқызы бертінге дейін осы Тұрғынбек атасының есімін иеленіп «Тұрғынбекова» болып келді.
Осыған орай бір қызық әңгімені қоса кеткім келіп отыр. Алматыдағы жалындаған студенттік жылдар. Біз сол кездің өзінде әжептәуір көрініп қалған жас ақындар – Кеңшілік, Серікбай, Серік боп «ұрынарға қара таппай» желкілдеп жүрген кезіміз. Жасыратыны жоқ, басқа жақтың бикештері болмаса, ауыл қыздары бізден қашқақтап жүретіні бар. Себебі көбінесе «көңілді» жүріп, көлденең киліге кеткен қыздарға көп сөйлеп қоятынымыз бар ғой баяғы. Оны ауыл қыздары ұнатпайды, әрине. Бір күні бас пошта үйінде Рәшиланы кезіктіріп қалдым. «Т» әріпі бар «окошкада» тұр екен. Мен де қапталдасып тұра қалдым. Қолында – төлқұжат. Ақша ма, әлде хат па алғалы тұрған сыңайлы. Қолындағы төлқұжатқа көз қиығын салып қарасам, о, ғажап, фамилиясы Тұрғынбекова деген сөз көзіме оттай басылды.
– Фамилияң осылай ма?! – деп едім.
– Иә, – деген жауап алдым.
Жалындап тұрған жас ақын мұндайда қарап қала ма?
– Әй, Рәшила! – дедім. – Болса да фамилияң Тұрғынбекова екен, бізде не тұрыс бар, «загске» барып әуре болып жатпай-ақ қосыла салайық, – деппін ғой. Оның түрі бұзылып сала берді. Бұзылғаны сол, құжатын қолына қыстырған күйі алды-артына қарамастан, тартты да отырды.
– Әй Рәшила, Рәшила! – деп мен қала бердім. Оны мен сол кеткеннен тоқсаныншы жылдардың аяғында Атырау облысы әкімінің орынбасары кезінде бір-ақ көрдім ғой. Баяғы жас кезіндегідей жасқаншақтығы жоқ, батыл да белсенді қазақ қызы көз алдымда тұрды.
Иә, айтпақшы, мен Рәшиладан бұрын оның күйеуі – Ғибадатты Алматыда көріп, бір қуанысып қалғанбыз. Онда да тіпті өз үйімде кездестім. Ол кезде әр өңірдің шаруашылық басшылары Алматыда бас қосатын. Білімін жетілдіретін. Ол кезде Қазақстанның батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік өңірлерінің шаруашылық басшылары кезек-кезегімен келіп, білік-білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасатын жақсы бір дәстүр болатын. Батыс өңірінің шаруашылық басшылары біздің үйде бас қосып қалды. Оған себеп менің жиенім Сағитжан Досов ол кезде Ақтөбенің Хромтауындағы бір шаруашылықты басқаратын. Батыс өңірден келген бір топ жолдас-жораларын бастап біздің үйге келді. Ішінде жастау, ұяңдау қызыл көйлекті сүйкімді бір жігіт отырды. Көп үндемейді. Сөйтсем ол өзіміздің күйеу бала – Торғай қызы Рәшиланың жұбайы болып шықты. Танысқаннан кейін іздегенімізді тапқандай шұрқыраса кеттік. Қасымда Кеңшілік пен Серікбай бар еді. Мәжілісіміз одан сайын қыза түсті. Рәшиланың күйеуі – Ғибадат Есниязұлы Мұрсалиев сол кезде Балықшы ауданындағы «Қызылбалық» колхозының төрағасы екен. Алдында Рәшила екеуі Алматыда Жоғары партия мектебін бітіріп, қол ұстасып туған жері Атырауға аттанған екен. Сол кездің өзінде ол маған болашақта биікке беттейтін, салауатты ел басшысындай көрінді. Қателеспеген екенмін. Ғибадат партия-кеңес органдарында біраз басшы жұмыстардың басын қайырып, аудандық партия комитетінің хатшысы, колхоз-совхозға жетекшілік жасап, өз өңірінде өркенді істер атқарған өрелі де өнегелі азамат болып шықты. Біраз жыл облыстық жекешелендіру жөніндегі департамент басшысы болды. Кейіннен жеке кәсіпкерлікке біржола бет бұрды. Ұлы – Ғаділбек, қызы – Әсел жоғары білімді кәсіп иелері. Рәшила екеуі бақытты отбасын құрап, алтын асықтай екі немере (Айзере, Сәруар) өсіріп отыр.
Рәшила Қабиқызы Мұрсалиеваның ең бір дәуірлеп, биік белестен көрінген тұсы – Атырау облысы әкімінің орынбасары болған кезі. Бұл жаңа ғасыр – 2000 жылдың басы болатын. Облыс әкімінің орынбасары болып істеген жылдар Рәшила үшін үлкен бір жемісті кезең болды. Облысқа келген талай әкімдермен өзара мәмілеге келіп, тіл табысып, кейде тіпті пікір таластыра жүріп, қиын-түйіндерді шешетін тұстарда да тәжірибелі маман не бір сындардан сүрінбей өтті. Әсіресе Рәшиланың сол кездегі облыс әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовпен бірлесе жұмыс істеуі оңай өткел болған жоқ. Ісі тастүйін, тапсырмаларына қатал басшының тынымсыз тірлігіне ілесу үшін білім-білікпен қоса, күш-қайрат та қажет болды. Осындай тұста Р.Мұрсалиеваның көпті көрген, талай асулардан өткен өнегелі өмір жолының, алған тәжірибе-білігінің көп көмегі тиді. Әсіресе өзі ертеден араласып, сырласып-сыйласқан, ардақ тұтқан қазақтың қадірлі ақыны Фариза Оңғарсынованың ақыл-кеңесі оны үнемі демеп-жебеп отырды.
Соның нәтижесі болар, Атырауда республикалық, тіпті халықаралық деңгейде – ЮНЕСКО көлемінде өткен Махамбеттің 200 жылдығы облысқа үлкен абырой әперді. Той шеңберінде өткен шаралардың бәрі ел жүрегіне жол тауып, тың бастамаларға жол ашты. Кең көлемде жыр мүшәйрасы өткізіліп, сан-салалы сахналық қойылымдар жүзеге асып, ел мерейін көтерді. Осынау үлкен шара – мерекелі мерейтойға Елбасының өзі қатысып, елге алғыс айтып, ризашылық білдірді. Міне, осы шаралардың баршасына күн демей, түн демей бас-аяғына дейін қатысып, деңгейін көтерісіп, өз биігіне жеткізгендердің бірі де бірегейі Рәшила Қабиқызы болды.
Торғай даласы да, Атырау атырабы да таланттарға кенде емес. Екеуі де ақындар мен батырлардың елі. Ол тек өткен ғасырлардың еншісінде ғана емес, күні бүгінге дейін, тіпті болашақта да өз жалғасын тауып, ғасырлар қойнауына жол тарта бермек. Ал біздің Р.Мұрсалиева болса, Кеңес өкіметі кезінде де, Тәуелсіздік алғаннан кейін де халқына қызмет етуден бір танған жоқ. Қос кезеңнің қай-қайсысында да іске ел игілігі үшін білек сыбана кірісіп, ұлты мен ұлысы үшін маңдай терін төкті. Оның осынау үрдісті еңбегі мен қосқан үлесі елеусіз қалған жоқ. Ел-жұрты, Отаны мен Үкіметі бағалап, талай марапаттар мен құрметке ие болды. Ол алған «Құрмет» ордені, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әр кезеңдегі ресми мерекелеріне орай берілген медальдары мен төсбелгілері қайраткер қыздың тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені белгілі. Өз Отаны мен қоғамының өсіп-өркендеп дамуына аянбай еңбек етіп келе жатқан қайраткер қыздың алар асуы әлі де аз емес.
Сөз соңында қайраткер қыздың қоғамдық жұмыстар саласында сіңірген еңбегіне бір сәт көз жүгіртіп көрейікші. «Отан» өз алдына отау тіккеннен бүгінге дейінгі «Нұр Отан» партиясының үзіліссіз мүшесі, бір кезде облыстық филиалының төрайымы да болған. Облыстық мәслихат депутаты. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жетекшісі. Атырау мұнай-газ университеті директорлар кеңесінің мүшесі. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті қоғамдық байқау кеңесінің мүшесі. Жіпке тізгендей безбендей берсек, Рәшила Қабиқызының қоғамдық істерге сіңірген еңбектерін санап тауыса алмайсың.
Ол әлі де ат үстінде. Бұл күнде Атырау облысын абыройлы басқарып отырған Нұрлан Ноғаев ұйымдастырған іргелі шаралардың баршасына араласып, өзінің талай жылдар жинаған ақыл-кеңес, іс-тәжірибесін жүзеге асыруға үнемі қолқабыс етіп келеді. Табиғатында адамға жақсылық жасауға, мемлекет, Отан алдындағы азаматтық міндетін абыройлы атқаруда аянбай үлес қосып келе жатқан қайраткер қыздың күш-қабілеті әлі талай игілікті істерді атқарудан тартынбасы анық.
Торғайдан түлеп ұшып, Атырауда бақытын тауып, баянды еңбек нәтижесіне жеткен қос қанатты қазақ қызын қырандай самғатқан қадірлі де қастерлі Елге әрқашан бас иіп рахмет айтуға біз де пейілдіміз.
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ