Қазір «inDriver» деген жақсы болды жұртқа. Қалаған таксиіңе қалаған бағаңа отырасың. Қалаған жеріңе апарады.
Жақында осындай таксидің бірімен Өскеменнен 130 шақырымға жуық жердегі Риддер қаласына барып келдім. Бұл шаһарға автобуспен 2,5-3, таксимен бір сағаттан астам уақытта жетуге болады. Жүргізушіміз сөзшең екен. Барғанша тізгін тартпады. Сөз арасында: «Менің осындай деген досым бар, өзі Зайсанның жігіті, Риддерге 45-ақ минутта барады. Тура 170-пен жүйткиді. Бұрылыстың өзінен 120-мен бұрылады. Кеше соңына түсіп көріп ем, бірақ ұзаққа шыдай алмадым», – деді. Мақтағанын, не даттағанын түсінбедік. Тек 170 дегенді естіп, не таңданарымызды, не күлерімізді, не жыларымызды білмей аңтарылып отырғанымызда: «Көлігінің нөмірі осындай. «inDriver-ден» тауып алуға болады. Әкесі де «ұлым мықты жүреді» деп мақтанады» деп сөзін жалғады.
Мақтан демекші, ара-тұра таксиге отырғанымызда «ана досым осынша жылдамдықпен жүреді», «мына досым ана жерге осынша сағатта жеткізеді» деген лепірме сөздерді жиі естіп қалып жүрміз. Барар жерімізге асықпай, аман-есен жеткенімізге емес, апыл-ғұпыл, асыға-үсіге жеткенімізге масаттанатын болыппыз. Мақтан түбі қайда апарып соғарын кім білсін?!
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН