• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Ақпан, 2018

Минералды су бүршіктері

358 рет
көрсетілді

– Біз неге ертерек кездес­педік екен, ә? – деді келіншек қоштасар сәтте мұңайып.

Оның үнінде өкінішпен бірге санаторийде өткізген мұңсыз, қамсыз тәтті күндер­дің ыстық лебі де бар еді.

Сонсоң ұзын кірпігін тағы бір қағып, басын сәл ғана иіп, қоштасу белгісін жасады да, таксиге отырды.

Ол ұзап кеткенде тұп-тура он күнге созылған сауық-сайран, ойын-күлкі аяқ астынан сап тыйылып, бұл өзін жапан далада жалғыз қалғандай сезінді. Содан да болар, «Ен­ді... бір-екі күннен кейін мен де жолға шығармын», деп жұ­батты өзін.

Бірақ, күнделікті про­цеду­раларға баратын кез­дегі көтеріңкі көңіл-күйі бүгін жаз өтіп, күз келгенін сезгендей бәрібір жабырқап қалды.

«Біз неге ертерек кездес­педік екен, ә?..».

Әдемі келіншектің ыстық демі бетінен тағы бір өбіп өткендей болды.

«Кім білсін, – деп ойлады ол басын ақырын ға­на шайқап. – Біз, бәлкім, бұрын да көшеде немесе метрода бір-бірімізді кө­ріп жүрген болармыз. Бі­рақ, мойын бұрып қарауға, бір-екі ауыз тіл қаты­сып, танысуға мұршамыз келмеген шығар. Себебі үл­кен қаланың иірімі қатты. Шыр­көбелек айналдырып, ес жиғызбайды. Ал мұнда... айналаңдағы дүниені жаңа көргендей боласың».

Аздан соң үлпілдеген ақ сүлгісін мойнына орап, минералды ванналар орналасқан корпусқа қарай бет алды.

Кенет қос жиегін жап-жа­сыл желек көмкерген ұзын-шұбақ бетон тротуарға тық-тық қадалған біз өкше туф­лидің дыбысын естіп, артына бұрылып еді, санаторийге емделуге келетін кісілерді тір­кейтін бөлімге қарай бара жатқан сұңғақ бойлы, сымбатты, сұлу келіншекті көрді.

Ол да бұған жалт қарап, әп-сәтте көңіл көзімен сынап та, бағалап та үлгергендей болды.

* * *

Ып-ыстық минералды ваннадағы шымырлаған су түйіршіктеріне қарап жатып өзінен-өзі: «Жанары өт­кір, тәкаппар жан екен, – деп ойлады жаңа ғана көр­ген сұлу келіншек туралы. – Бірақ, сырттай сабырлы болғанымен, іштей әзіл-қал­жыңға, ойын-сауыққа құ­мар екені бесенеден бел­гілі. Пенде шіркін, бар қазы­насын тереңге жасырған құпия шат­қал емес пе...».

Ол таңертеңгі мұңның түс болмай жатып сейіліп, көңілшек бұлттай жеп-жеңіл көше жөнелгеніне таңғалды.

Сонсоң:

«Жо-жоқ, кету керек, – деді шым-шым етіп, шымыр­лап шығып, көзді ашып-жұм­ғанша тез ғайып болып жатқан минералды су бүр­шіктеріне қадала қарап жатып. – Кету керек!..».

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»