• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Ақпан, 2018

Астана өмір сүруге қолайлы мегаполиске айналады

382 рет
көрсетілді

Еліміздің бас қаласының әкімі Әсет Исекешев кеше халық алдында есеп беріп, өткен жылы атқарылған шаруалар туралы айтып, болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Елорда әкімінің есепті кездесуіне Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин қатысып, сөз сөйледі.

Әкімнің биылғы елорда тұрғындарының алдындағы есепті кездесуі Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп жатқанын атап өткен А.Мамин бас шаһар барша қазақстандықтың мақтанышына айналғанын, қысқа мерзім ішінде қарқынды дамыған қала Елбасының жүзеге асырған тарихи шешімі екенін айтты. Мемлекет басшысы Астананың дамуына ерекше мән береді. Сондықтан елорданы өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыру мақсатындағы Президенттің тапсырмаларын сапалы орындау үшін Үкімет қалалық әкімдікке қолдау білдіруге әрдайым дайын, деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Бұдан кейін мінбеге Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев көтеріліп, елорданың бүгінге дейін қол жеткізген табыстары туралы баяндады.

Аз уақыттың ішінде толағай табыстарға жеткен бас шаһарда бүгінде 1 млн 200 мың адам тұрақты тұрып жатыр. Әкімнің айтуынша, тек былтырдың өзінде қалаға 233 мың адам уақытша тіркелген. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Әлбетте, халық санының көбеюі әлеуметтік-экономикалық салаларға қосымша салмақ түсіретіні белгілі. Соған қарамастан бас қаланың дамуы баяулап қалмай, барлық мақсатты индикаторларға қол жеткізген. Айталық, өлім көрсеткіші 9 пайызға, ана мен бала өлімі 38 пайызға, онкологиялық ауруға шалдыққандар 9,7 пайызға, туберкулезбен ауырғандар соңғы бес жылда 28 пайызға азайған.

Былтыр 19 мың жаңа жұмыс орны ашылса, оның 15 мыңы шағын және орта бизнес саласында құрылған.

Астана еліміздің бас қаласы болғандықтан оған жүктелер жауапкершілік те үлкен. Қала қай жағынан да өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс. Осыған байланысты бүгінде қаланы ең қауіпсіз әрі өмір сүруге қолайлы шаһарға айналдыру мақсатында Астананы 2020 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы қабылданған. Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып әзірленген бағдарламалық құжаттың басты мақсаты – елордалық әрбір тұрғынның, әрбір отбасының өмір сүру сапасын арттырып, халықпен тікелей қатысты әлеуметтік салаларды, атап айтқанда, білім, денсаулық, қоғамдық көлік, тұрғын үй жағдайын жақсарту. Екінші мақсат – тұрғындардың табысын арттыру. Қаланың әрбір тұрғынының кірісі жақсы өмір сүруіне жеткілікті болуы тиіс, біз елордалықтардың табыс табуына мүмкіндік жасап, бизнес бастамаларына қолдау көрсетуді өзіміздің негізгі міндетіміз санаймыз, дейді Ә.Исекешев.

Сонымен, халықтың жақсы өмір сүруіне алдымен не керек? Әрине, халқының саны күн санап көбейген Астанада бірінші кезекте баспана мәселесі өзекті тұр. Сондықтан қала билігі алдымен осы мәселені шешудің жолдарын қарастырып, келешекте әрбір тұрғынға кемі 30 шаршы метр тұрғын үй болатындай жағдайға қол жеткізуді мақсат етіп отыр.

Былтыр қалада бір жыл ішінде 2,36 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Бұл – рекордтық көрсеткіш, деді әкім. Соның ішінде мемлекеттің қаржы көзі есебінен 7 тұрғын үй кешені тұрғызылған. Сөйтіп 1062 отбасы пәтермен қамтылған. Бұған қоса, жеңілдетілген несиемен және арендалық баспаналар салу нарықтағы үйлердің бағасын төмендетуге алып келген. Мемлекеттік баспананың бүгінде шаршы метрі 180 мың теңгенің айналасынан аспай тұр.

Тұрғындарды баспанамен қамтудың тағы бір жолы – қаладағы тозығы жеткен үйлерді сырып, онда тұрған халықты жаңа қонысқа көшіру. Осыған байланысты қолға алынған қанатқақты жобаның бірінші кезеңі аяқталып, апатты үйлерді сүру нәтижесінде 3449 отбасы баспаналы болған. Тозығы жеткен 228 үйдің 15 мыңға жуық тұрғыны жаңа қонысқа көшкен. Былтырдың өзінде 111 апатты үйден 1746 отбасы баспанаға қол жеткізіпті.

Енді биыл аталған жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру басталған. Жоба іске асырылатын бес жыл ішінде қаладағы әбден ескірген 150 көп пәтерлі үйді сүріп тастау жоспарланып отыр.

Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасаудың тағы бір жолы – білім саласын жетілдіріп, балабақша мәселесін шешу. Ә.Исекешевтің айтуынша, елорданың білім саласын қаржыландыру соңғы төрт жылда 95 пайызға өскен. Былтыр бұл көрсеткіш 53,9 млрд теңгені құраса, биыл 60,5 млрд теңгеге жетіп отыр. Ал соңғы жеті жыл ішінде балабақша жасындағы балалардың саны екі есеге көбейген. Соған қарамастан 2017 жылы балдырғандарды мектепке дейінгі мекемемен қамту 70,6 пайызды құраған. Ал биылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша балабақшамен қамту 78 пайызға жетіпті. Болашақта бұл мәселе де ретімен шешілетінін әкім атап өтті. Алдағы уақытта мемлекет пен ұлттық компаниялардың есебінен 960 орынға арналған 4 балабақша пайдалануға беріледі. Сонымен қатар алдағы үш жылда 27 мектеп пен оларға жапсарлас 10 ғимарат салу жоспарланып отыр және биылғы жаңа оқу жылында барлығы 6900 орындық 6 мектепті пайдалануға беру қарастырылған.

Елордалықтардың өмір сүру сапасын жақсартудың тағы бір индикаторы – халықтың денсаулығын қорғау екенін айтқан қала әкімі бұл салаға бөлінген қаражат көлемі де жыл сайын көбейіп келе жатқанын айтты. Астананың медицина саласы адамдардың өмір жасын ұзартуға, емдеу-диагностикасын жетілдіруге, ауру мен өлім көрсеткішін төмендетуге бағытталмақ. Ол үшін кезексіз емхана, әртүрлі мобильді қосымшалар арқылы халыққа мамандандырылған медициналық кеңес беру, кол-орталықтар арқылы арыз-шағыммен жұмыс істеу секілді жұмыстарға ден қойылмақ.

Алдағы уақытта 8 мыңнан астам медициналық қызметкерді шет мемлекеттерде оқыту жоспарланып отырғанын айтқан Ә.Исекешев өндіріс, Интернациональный, Айнакөл, Жағалау тұрғын алаптарында жаңа амбулаторлық-емханалық кешендер ашылатынын жеткізді. Сондай-ақ елордада туу көрсеткішінің жоғары екені ескеріліп, қалада тағы бір перинаталды орталық және көп салалы аурухана мен оңалту орталығы бой көтермек.

Қала әкімі есепті кездесуінде өзі де осы шаһардың тұрғыны ретінде Астананы гүлденген мегаполис ретінде көргісі келетінін айтып, еліміздің бас қаласы жан-жақты көркейген, дамыған, ақылды да заманауи шаһарға айналуы үшін әрбір тұрғын оған үлес қосуы керектігін еске салды және Астана қызмет көрсету жағынан да, инфрақұрылымдық тұрғысынан да көрікті орынға айналатынына сенім білдірді.

Ә.Исекешевтің баяндамасынан кейін тұрғындар қала әкіміне өздерін алаңдатқан сауалдарын қойды. Есепті кездесу Астана қаласы әкімдігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында онлайн режімде көрсетілді және халықтың мейлінше көп бөлігін қамту мақсатында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен  С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде тікелей онлайн-трансляция ұйымдастырылды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»