• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Тәрбие 01 Наурыз, 2018

Махамбеттің соңғы сөзі (Эссе)

32316 рет
көрсетілді

Үйіп-үйіріп құйындата соғатын жел құмды өңірді қабырғалата, айғыздап тас­та­ған: аттың шашасынан келеді, кей-кейде құм көшіп тұ­рады, бел-белеңі, төбе-қырқасы жаңарып жатады. Бірде қатқылға тартатын қасқа жол біраздан соң құмдауытпен еміс-еміс көрінеді, бусанған із құмды жауып жатады. Құмды өңірде әр бұтаның бағытына ой-жобаң жетпесе, мәңгіріп қаласың. Қауіп-қатерден сүрін­бей өтуің алғыр ақылыңа, кө­регендігіңе байланысты. Өмірде де солай. 

Бекетай құмы ішінде Махамбет аз-кем өткенді есіне алған пішінде. Ыза-кек қай­науы ішінде. Не бітіреді, құм далада күрсінгеннен? Пендесін ақылынан адастырмайтын еркіндіктің айдау жолы тіптен жоқ болғаны ма? Қараны айтпағанда хан неге адасады, өзінің жөнсізін білмегенсіп әдейі жөн деп неге таласады? Тұйықтан шығаратын дала даналарының ақылы қай­да? Ілгеріні кейін тартатын­дай сұмдықты түсінбегені өкі­нішті, ал сабыр сақтауға миы жетпегені несі? «Бас көтергендерді су түбіне батырам, тәж-тағымның жарық та­ңын атырам, бәрі де жүзеге оңай асады, қорқақтары бас сау­ғалап қа­ша­ды», деп ел-жұртының, туыс-ту­ға­нының қанды қырғынға баруына жол бергені неліктен? Көп жақсылығын бір жа­мандық жуып-шайып кететіндігін ес­кермеді ме? Ғасырдан асыл туса да, еркіндікке белін буса да көксегеніне қол жетпеді. Жер дауының қантөгіссіз бол­майтынын хан білмеді, обыр­дың жұтпасына жұтылып кете­ті­нін алдын ала аңғармады дей ал­майсың. Ақылға құлақ ас­пауын­да құпия зымияндық бар. 

Қара жердің топырағы түбінде бәрінің де бетін жасырады, бірақ өрмек­ші­нің торын­дай қулық-сұмдық­тың да ар­ты ашылады. Келер күн, атар таң бар, келер ұрпақ зұ­лым­дық пен ұлылықты, ақ пен қараны аңғарар деп Махамбет ауыл, ел арасында жүргендей ойларын жатарда тағы да есіне алды. Мазасыз ойдан қажып барып мызғып кеткен батыр соңғы жылдары әр басқан қадамы аңдуға түскесін сақ ұйықтайды, бейсауат адамды жанына жуытпайды, хан-сұлтандар қаһарының көтерілістен кейін бұрынғыдан бетер ушыққанына да араласпайды, у-шу, айтыс-тартыстан қажығаны, жылаған-сықтағанды жұ­ба­туға да сел­қос­тығы байқалады. Үс­тем­дік иелері теңдікті аяқасты тапап, талап, езгіні күшейткеніне, елді тоз-тоз еткеніне ғана күйінеді. Бірақ бармағын тіс­теп кіжінумен, тағдырын қара домбырадан төгілетін күймен өрнектейді, асқақ жырларымен бейнелейді. Бас­қа­ға қайран жоқ, адалдық жолдан тай­ған көп. Сатқындыққа бас иіп, алақанын жайған көп. Сұлтан елір­ді, хан халқынан жерінді, туыс-туған­нан мұжық жақын көрінді. Халық кө­терілісіндегі сұрапыл қырғын талай-та­лай асылдардан айырды. Тектіден жақ­сы туатын қағиданың қанатын қай­ырды. Ата-бабаның сүйегі жатқан ки­елі жерлерде мұжықтардың шошқасы сай­ран салды. «Жер мемлекеттікі» деп қас­көйлер ойран салды. Құйқалы өңірді ойып алды. Қарсыласқанның көзін жойып алды. 

Дыраусыған, ісініп кепкен сұлтан Баймағамбет Айшуақов: қимыл­да­саң­дар, қиып түсемін, Сібірге қой­ша шұбыртып айдатам, қолың­ды шынжырмен байлатам, ша­ңы­рағыңды қиратам, деп тасынды. Бірде ақ сақалды Абыз күңіреніп тұрып: «Дұш­пан­ды алыстан іздеме, өзі келеді, қа­сыңнан да табылып араша талап жабылады, жамандыққа қарғыс та да­рымас. Дұшпандық туыс-ту­ға­нын да танымас», деп еді. «Даусыз екен айтқаны, құ­рыл­ған екен-ау зұлымдықтың қас­қыр қақпаны. Есіріп, есекше өкіріп дүлейленіп жатқаны, сатқындық болар қорқақтардың баққаны, зұлымдық болар тапқаны», деп еді. Бірақ батыр оңайлықпен сынғысы жоқ. Махамбет үйде омалып отыра да алмайды, Баймағамбеттің елді олжалаған оңазылығын өткір өлеңмен толғайды. «Ата дұш­пан сен едің, Ата жауың мен едім. Маған бір оңаша жерде жолықсаң, Қайраңнан алған шабақтай, Қия бір соғып ас етсем, Тамағыма қылқаның ке­тер демес ем», деп те толғады-ау сабаз. Дұшпандықтың көрін сөзбен қазды. Бір Алла қолдағай деді, өткір үнім жетсе ұрпаққа, ақылға сап толғанар деді. 

Жәңгір ханға бодандықтың боқ­­та­шағын айтпады ма? Айт­ты. Қан­дай көрешекті көр­се­терін дәлелдеп жет­кізді. Мұ­жық­тардың жерді алғаны – қызыңа, қатыныңа қолды сал­ғаны. Отар­лау аждаһасының екі жұтып, бір тал­мары, ұр­па­ғыңды құл, күң етіп жал­ма­р­ы анық. Зұлымдықтың дауы­лы, халыққа ауыр салмағы, хош көрмеді ісіңді ата-баба ару­ағы. Көзінен қанды жас аққан әлсіз кедейлер, білсеңші, жел­кең қиылсын деп қарғайды. Айт­қанға елең етпесең, қаруға жүгінер хал­қың бар, еркек емес ертеңгі ұлы істен тартынған, десе де үстемдіктің буына еліріп, байлықты көтере алмай желіккен жат бірмойын пікірінен қайт­ты ма? Жоқ. Сонда Махамбет күңірене тол­ғанып, «Нұралыдан қалған көп тен­тек, бүлдірмегей еді елімді», деп асыл ойын жырмен терді. Үстемдік пен әлсіз­дік, езуші мен езілуші, тәж, тақ, құл­дықтың ара жігі біржола ашылды. Адамдық қасиет билеушінің табанына басылды. Соны жүрегімен түйген, жазықсыз қантөгісті кешіре алмаған ақын: «Алтын тақты хандардың хан­ды­­ғынан не пайда? Қаріп пенен қасірет ту­ра­лы ісі болмаса», деп келер ұрпаққа аманат та қойған-ды. 

Бірде батыр, ақын, күйші Махам­беттің әкесі Өтеміс жұпыны киіммен жүзі сынық, өкі­ніші қалың күйде түсіне енеді: мен елімнің жетім-жесі­рі­нің қаба­­ғын шытқызбай, ең­бегінің қанын ұйыт­­қызбай, тамағын тоқ, киімін бү­тін етіп едім. Халықтан қарғыс алмай, алғыс алдым. Елдің дұшпаны, хал­қын күйзелтуші іштен шыққаны Құдай­дан қорықпағандық, дейді де, «Кө­рін­ген сонадайдан Сары ат тауы, қа­зақ­тың маңдайында жанат тауы, көзі шық­қыр Жәңгір хан көрмей ме екен мұ­жық­тар өз жерінің маңы­на жолатпауын. Жер құ­на­­рынан айырылған көп, жұ­пы­нылардың күні қараңға айналған ба? – деп сауал тас­тайды. Сонда Махамбет аруақ үніне: «Мені елден айырған хан Жәңгірдің екпіні, Айтып-айтпай немене? Құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні», демеді деймісің. 

Исатай батыр көтерілісінің жеңілі­сі­нен кейін патшаға ант беріп, шапанның шал­ғайынан «шапағат» алған Жәңгір елдегі ер-азаматтарды қой­ша көгендеп, Орынбор түр­месіне айдатып жатты. 1836 жылы 14 қаңтарда Орын­бор бас­шыларына «Исатай тү­зелмейтін зұлым Махам­бет­тің ықпалында жүр», деп жазған. Хан мен патша қысы­мы үрейлендірді. Ботадай боздаған халық зары ғасырлар қойнауында атадан балаға жазыл­мас жара, айықпас дерттей мұң-шер болып сақталып қал­ды. 

Ақын түні бойы көз ілмей шықты. Ұлы Нұрсұлтанның ашық қалған жа­мыл­ғысын жөндейді. Қайғының қа­лың бұлты ұрпақ басына төнбеуін ті­лей­ді. «Көтерілістің оңбай жеңілуі – оқу-білімнің тапшы­лы­ғынан» деп ой түйеді. Білімді болса, қарудың неше түрін жасар еді, қорғаныс тәсілін мең­геріп, жеңіске қадам басар еді, – деп күбірлейді кей­де. Толып жатқан түсі­нік­­сіз әрі мазасыз ойлармен жатып, қай­та мызғиды. Түс көреді, буалдыр пер­де, Жайық-дария бетінде кілкілдеп ұйыған қан, өзен жағасында аш-арық жетім-жесірлер: «Егізде екі болмағыр, Жәңгір, қан ішерсің, ба­рымташысың, желкең қиыл­сын, тамұқтың отына күй!» – деп жағасына жармасып қар­ғыстарын төгіп жатады екен. Оған хан елең етпейді. Қы­­лы­шын олай бір, бұлай бір сіл­­теп, шабылған бастарды тепкілеп, мұжықтардың қайқы бас қайығына жармасады екен дейді.

Қанды суды қақ жарып кетіп бара жатып қолымен қанның дәмін татып: «тұщы екен, тұщы», деп ырқ-ырқ күледі. Зар-наламен тірлігінен тү­ңіл­ген­дер, ертеңгі келер күн­ге ақыл жібе­ріп, шындыққа үңілгендер «Жерің­ді жатқа бердің, ажалың жаттан болсын, қара шаңырағыңды қайғы бұлты торласын», деп күңіренгені төбе-құйқаны шымырлатады. Кенет өзен беті кібіртіктеп, шөлмекше шытынай жарылып кетіп, соның дәл орта тұсында өзінің сенімді мұжығына шашын алдырып отырған Жәңгір көрінді. Бір сәтте мұжық өткір ұстарамен оның желке тамырын қиып жіберіп, пышаққа жұққан қанын жалап «Ханның қаны тәтті екен», десе, анадай жерде жатқан бас шыңғырып, «Мені жұмаққа жібер, алданып, арандап қалдым», – дейді. Дәл сол тұста Махамбет: «Халқына қайыр­сыз ханға обал жоқ, тірлігің тынар зауал боп», дей келіп: «Тайманның ұлы Исатай ағай­ынның басы еді, алтынды ердің қасы еді, Исатайды өлтіріп, қырсық та шал­ған біздің ел», деп ойға шомып, қор­­қынышты көріністен құтыл­ғысы келеді.

Бір сәт Жаратқаннан мей­і­рім тілеп, елдіктің тірегі бо­лар жыры мен күйі өзін жұ­ба­тып еді. Тілегі қабыл бо­лып, сақылдаған өршіл үні би­­ік-биіктерге пырлап ұшып барады екен. «Еркіндік елдің қайырлы қонысына жұғысты болғай!» – деп күбірлейді. Оң жағына аударылып, ұйқысын жал­ғады. Кенет манағы түсін­де қылышымен қиылып до­малаған бас өзінікі болып шықты. Тізе­сінің үстінде, мойнына қарап жай езу тартты. Ер жігіт өлер жеріне кү­ліп барады дегені ме? Ерні күбірлеп сөй­леуге батылы бармайтындай күй­де. Қан ағып жатыр... 

Махамбет ұйқысынан тағы да шошып оянды. «Тіфә, пә­ле­кет, түсім екен, қырғын со­ғыс­та айдалада шашылып қал­ған адам бастары ма? Санада қал­ғаны қайталана береді екен-ау», деп өзінің түсін өзі көңілі әр­та­рапқа кетсе де жамандыққа жо­рымай, жұбатқан болды. Сыртта жел ызыңдайды: «Же­рің­­ді, күнкөрісіңді көпсінген ханға ер­дің құны не, тәйірі. Патша өкіметі Иса­тай­дың басын кескен Кәпен, Жапар, Сәтбайға 125 сомды тең бө­ліп бергенін естімеген шы­ғар­сың. Баймағамбеттің қарғыс арқ­алаған жансызы тірі ғой, се­нің басыңа 2000 сом ақша жариялап, Қарауыл қожа мен Баймағамбет сұлтанға мықтап тапсырды, сақ бол!» – дейтін тәрізді. Ақын ойға шомды. «Сүйініштің ұлы Қазтуған туған жерін қия алмай, Еділ менен Жайықтың арасына сыя алмай, қонысын жаспен жуған жер» деген қасіреттей жалынды сөз жанын жеді ме? Үстемдік иесі хан-сұлтандар шетінен: «Адамдар неғұрлым қорлық көрген сайын өзін бақыттымын деп сезіне ме? Жә, ібілістің айтағы да құ­рып тынар, түсінетін күн туар. Әзірге ошағының үш бұты аман, от жанып жатыр, отын салмаса, сөнеді, демек, оттың да ажалы бар», деп кешегі түсін, ой желісін жүйе­леп отырғанда сырт­тан дүбір­ле­ген ат тұяғының дыбысы ес­­тілді. Батыр қара қостағы қа­руына жар­ма­сып: Бұл кім, ей? – деп дауыстады. Іңір қа­раң­­ғысындағы үш-төрт салт атты­ның бірі: – Оу, жиен, нағашыңды танымайсың ба? Мен ғой.  – Тәңір атқыр, түнде жортуылдап, не жүріс? – дейді. Түсі қашқандардың екеуі үйге кіріп, бірқатар ойлар айтып, бі­рі­нің сөзін бірі қағып алып, әзілге де жең­діріп отырды.  Адамдармен әңгімені са­ғын­­ған ақын жүрегі секемсіз еді.  Содан бір сәтте өзінің басы алдына түсіп, мойнымен сөйлесіп тұрғандай бол­ған түсін айтып еді. Сол сәт на­­ға­­­шы­сы: «Ой, жиен, түс түл­­кінің боғы емес пе» – дей бе­ріп, Махамбеттің мойнын бұр­ғызбай үстіне қонжия кетті. Сөй­тіп үшеу­леп алыса-жұлыса далаға шық­ты. Сырт­тағы біреуі тағы жабылып, жыл­қы­ның желісіне таман сүйреп барды да, қылышпен басын шапты...  Бала кезімде Махамбеттің қапыда дүниеден озғанын қариялар аңыз етіп: «Ой, Алла, қасірет бала-шағамнан аулақ!» деп ақынның зар үні ауада қалқып, біраз жерге естіліп жа­тыпты», – десетін. Кейбір әң­гімелерде Махамбеттің басын Жүсіп Өтеулиев шапты десе, екіншілері Ықылас Төлеев Махамбетпен дос, туысқан болып жүріп, өлтірді деседі. 

...Бөкей Ордасының ең шұрайлы жерлері князь Юсупов пен граф Безбородколарға сыйланды. Отарлық езгі бұрынғыдан да күшейіп жанши түсті. Жәңгір өлгенде Николай патша «шын берілген, өте берілген адам еді, аянышты» деуі тегін емес. Сөйтіп халқымыздың азаттығы үшін алысқан батыры, ақиық ақыны, асқан күйшісі Махамбеттің басы да іштен шыққан қандыауыз дұшпандардың, сатқындардың кесірі­нен құнсыз кетіпті.  Жоқ, Махамбет қаншама жыл­дар өт­се де, ұрпаққа өл­мей­тін есімін қал­дыр­ды.  Оның өршіл үнді жаны – тірі. Заман­нан озған өнерлі салтын біреу бол­маса біреу қай­талап тірілтер, – деу­ші еді. Махамбет хақында талай қалам­­герлер шығарма жазды. Поэзия алыптарының бірі Ілияс Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» пьесасын жазып, үлкен шығармаға жоспар құр­ғаны, көптеген зерттеу де­ре­гінің қолжазбасы ер­теректе бас­пасөз беттерінде жа­рия­лан­ды да. Онда еркіндікті аңсаған жа­рық жұлдыздардың бірі Махамбеттің арманы хақында за­мандас ақын-жырау­лардың бірі бала Ораздың: «Исатай мен Махамбет он таңбалы Оралға, қырық таңбалы Қырымға, атағы кеткен ер еді, хан Жәңгірдің қорлығына көн­беген», дегені бар. Ал ақын-жыршылар Шәңгерей Бөкеев, Шынияз Шынайұлы, Қаш­қынбай Қожамбетұлы, Шернияз Жарылғасұлының құнды деректері Махамбет бейнесін биіктете түседі. Атақты күйшілердің біразы Махамбет күйлерін халық жадында қалдырды. 

Тағы да шегіністі ойды сабақтасақ, сұрапыл соғыс жылдарында күйші, жыршы, әнші келсе, біздің «Қаракөл» ауылындағы туыстарымыз бір үйге жиналып, таңды таңға ұрып, әңгімелерін ұйып тыңдайтын еді. Сондай бір отырыс Жұмабай Кіржағалов ағамыздың үйінде болды. Бүйрек құмындағы елден келген өнер үздігі Сираж адамның сай сүйегін сырқырататын күйлерді бірінен соң бірін тар­тып келіп, «Қайран Махамбет-ай», деп тоқтау­шы еді. Отырғандар кейде Өтемістен он ағайынды бола тұ­ра «Махамбет қалай қор­ғаусыз қалды?» дейтін-ді. «Аңды­ған жау алмай қой­май­ды» дегендей, ұлт-азат­тық шаруалар көтерілісіне қа­тыс­­қан Есмайыл Өтемісұлын Гекке деген қанішер аяқ-қолын кі­сендеп, Сі­бірге айдайды, Қо­жахмет, Сүлеймен және тағы бас­қаларын түрмеге тығады. Махамбеттің анасы Құспан өте ақылды, батыр тұлғалы, ержүрек, көтеріліске тіке­­лей қатысып, азық-түлік жеткізіп жүр­­генінде екі-үш қарсыласын қылыш­пен қағып түсіре беретін батыр еді дейді ай­ту­­шылар. Демек, бұл көтеріліс патша басқыншыларының иманын ұшырып, ора­сан мол шығынға батырған. Оның қайтадан бас көтеруінен қатты қорық­қан. Осы тұста Махамбет отбасын аман сақ­тау мақсатында өзі қа­ра қос тігіп, сы­бай-сылтаң жүр­се керек, деген аңыз-әңгі­мелердің де жаны бар сы­қыл­ды. 

«Қансорғыш Баймағамбет, Жәңгір­лер елін тонап, талауымен мың жасаған жоқ шығар. Қай қазақтың қолына бақыт құсын қондырды дейсің. Жәңгір де өлді, байлығы ажалына араша болған жоқ. «Қой, ешкісі 17 мың 97 бас, ірі қара – 719, түйе – 232, жылқы – 4274, ақша – 13404», – деп куә­ландырады құ­жат­тар. Де­мек, Исатай-Махамбеттің кө­те­рілісінің шығу себебі хан­ның өзінен бастап қолшоқ­пар­лары қара ха­лық­ты тонап аштыққа ұрындырған бо­лып отыр. Дальдің жазбасында ашық­қандар ер балаларын 76 рубльге са­тып жатқаны айтылса, одан артық зұлым­дық, қастандық болар ма? Елін зар қақсатып олжалаған байлық қай үстемдік иесінің қолына бақыт құсын қондырды дейсің. «Балықшы байымайды көлден алған, етікші байымайды елден алған, маңдай тер, табан етің болмаған соң, желменен кетеді екен желден алған», – депті аталарымыз. Ал ақын есімі – мәңгілік, оның асыл сөздерін мәңгілік кір шалмас, деп Жұмабай ағамыз Махамбет туралы аңыздарға жүрегі жылап отырушы еді. Сонда Сираж ауыр толғанып: «Халқымыз аман тұрса, Махамбет сынды батырын, ұлы өнерлерін төбеге көтереді. «Ұрпақ аман болсын!» – деген Махамбеттің ақтық тілегі, ақырғы сөзі жер тұрғанша тұрар», – деп домбыра шанағынан Махамбеттің «Қайран Нарын», «Өкініш» күйлерін тегілтер еді.

Табыл ҚҰЛИЯС, баспасөз ардагері