«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында 1 наурыз – Партия күніне орай ұйым қатарына қабылдау салтанаты өтті.
Шараға жас нұротандықтармен қатар, ұйымның қалыптасуына зор еңбек сіңірген алдыңғы буын өкілдері де арнайы қатысты. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев барша нұротандықтарды айтулы мерекемен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі. Сондай-ақ ол «Нұр Отанның» алдында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген партия қызметін жаңғыртуға бағытталған маңызды міндеттер тұрғанына назар аударды.
Осыдан тура 19 жыл бұрын, яғни 1999 жылдың 1 наурызында партияның бірінші тарихи съезі өтіп, онда Елбасы бірауыздан «Нұр Отан» партиясының Төрағасы болып сайланды. Содан бері партия жылнамасына алтын әріптермен жазылған дәл 1 наурызда Партия күнін атап өту игі дәстүрге айналды. Осы уақыт аралығында «Нұр Отан» халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартып, Қазақстанның дамуына бағытталған Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруға үлкен үлес қосты. Партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы еліміздегі жетекші саяси күшті ХХІ ғасырдың барлық талаптарына сай, инновацияға бейім, жоғары технологиялы, креативті партияға айналдыру жөнінде нақты тапсырма берді. Соған орай нұротандықтардың білек сыбанып іске кіріскенін айтқан Мәулен Әшімбаев Елбасы жүктеген міндеттерді орындау үшін кадрлық аудит жүргізу, сараптамалық жұмыстарды күшейту, жастарды көптеп жұмылдыру сияқты тың бастамалардың берері мол екеніне тоқталды. Осындай игі істер «Нұр Отанды» замананың жаңа биігіне көтермек.
– Біз өзіміздің басты міндетімізден жаңылмай, Елбасының сенімді тірегі болып, елімізде қолға алынған жаңғырту жұмыстарына жүйелі түрде қатысуымыз керек. Халықты алаңдатқан қоғамдағы өзекті мәселелерді жедел әрі оңтайлы шешу үшін де «Нұр Отан» елмен етене жұмыс істеп, барлық бастаманың басы-қасында болуы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.
Осы ретте бүгінгі мерекеге орай еліміздің барлық өңірінде партия қатарына қабылдау рәсімі өткізілгенін атап өткен жөн. Астана қаласының өзінде әр салада еңбек етіп жүрген 19 азаматқа партия билеті табыс етілді. Олардың қатарында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының қатысушылары – тоғызқұмалақтан спорт шебері Әсел Дәлиева, волейболдан паралимпиадалық жастар құрамасының капитаны Серік Есматов, шығысқазақстандық мұғалім Валентин Алифанов, «Үздік педагог-2017» төсбелгісінің иегері Александр Кинцель және опера әншісі Медет Шотабаев бар. Сондай-ақ жоғары санатты хирург Данияр Жақыпов, «Зерде» ұлттық холдингінің басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев, қарағандылық кәсіпкер Людмила Ваймер, Назарбаев Университетінің студенті, «Компьютерлі физика» халықаралық олимпиадасының жеңімпазы Мират Жекеев, солтүстікқазақстандық кәсіпкер Иван Зенченко, Құрманғазы атындағы республикалық байқаудың гран-при иегері Қайрат Кәкімов, педагогика ғылымдарының магистрі Әсел Қожахметова, Қарағанды облысындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Құлпейісов, қостанайлық жас кәсіпкерлер Нұрсұлтан Қасымов пен Қадыржан Мақанғали, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, «Астана Innovations» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Олжас Сартаев және PhD, доцент Жанар Тайжанова да бүгін партиялық билеттерін алды. Жаңадан қабылданған нұротандықтарға партиялық билеттерін салтанатты жағдайда тапсырған Мәулен Әшімбаев олардың Елбасымыздың салиқалы саясатын жүзеге асыруға және партияның одан әрі дамып, нығаюына үлкен үлес қосатындарына сенім білдірді.
– Біз партия қатарына өз ісінің шебері, патриот, елімізді жаңғыртуға мүдделі, партия күн тәртібін жүзеге асыруға қатысқысы келетін азаматтарды қабылдауымыз керек. Бүгін партия мүшесі атанып отырған жандарды солардың қатарында деп есептеймін. Біз сіздерді үнемі қолдап отырамыз. Алдағы уақытта еліміздің жарқын болашағы жолында бірлесіп жемісті жұмыс істеп, биік белестерді бағындырамыз деп сенемін, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Іс-шараға «Нұр Отанның» саяси ұйым ретінде қалыптасып, бүгінгідей биік дәрежеге жетуіне зор еңбек сіңірген партия ардагерлері мен құрметті мүшелері де арнайы шақырылды. Мәулен Әшімбаев ел дамуы жолында еселі еңбек еткен жандарды партия Төрағасы және барша нұротандықтар атынан кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс білдірді.
Іс-шара соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары барша қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтап, бұл күннің партиямыздың басты мерекесімен қатар келуінде үлкен мән бар екенін айтты. Сондай-ақ ол Алғыс айту күні Қазақстан халқының ынтымағы мен бірлігін арттыратын аса зор маңызға ие екенін де сөз етті.
Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»