Осыдан 2 жыл бұрын Елбасы Жарлығымен елімізде Алғыс айту күні жарияланғаны белгілі. Шын алғыс жүректен шығып, жүрекке жетеді. Жанға жылылық ұялатып, жақсылық атаулыға жол ашып, жамандықтың жолын кеседі. Ал алғыс мың жүректен, мың алғыс болып шықса ше? Ол мүмкін екен, оны көз көрді.
Күйеуі қайтыс болып, шиттей 7 баламен қалған жесір әйел қайтеді? Қай жерде табыс көзі молдау, қай жерде тіршілік ету оңай, енді не істеймін деген сан сауал алдынан шыққанда Қырғызстан азаматы Раиса Лесковская Қазақстанда жағдай жақсы дегенді естіп, шекара асады. Сөйтіп жүргенде құжатын жоғалтып, еліне қайта алмай қалады. 22 жыл бойына құжатсыз тірлік еткен Раиса апайдың жадынан балалары бір сәтке шыққан емес. Алматы облысының «Суықсай» ауылын паналаған оның жанына батқан мұңын «Бармысың бауырым» бағдарламасына да ауылдасы жазыпты. Раиса апайға: «құжатыңызды жасау үшін Астанаға баруыңыз керек», дейді журналистер. «Қазақстан» орталық концерт залындағы «Мың алғыс» қайырымдылық кешінде сахна төріне шығарып, «сізге айтар жақсы жаңалығымыз бар, Бішкектен балаңыз бен ініңіздің әйелі келіп тұр», дегенде, байғұс ана селк ете қалды. Сол сәттегі ана жүрегінің дір етуімен залда отырған сандаған көрермен көзіне мөлтілдеп жас тірелген. 22 жыл бойына аңсарлы ананың қам көңілінде, пәс кеудесінде толған запыран сахна төрінде де, зал ішінде де жас болып төгілді.
Кіреукеленген жанардағы мұң тұманы сейілді, жарқ еткен жасын қуаныш Қырғызстанның Қазақстандағы елшілігінің консулы Алмазбек Куанышбекұлы Раиса Лесковскаяға жеке басын растайтын анықтаманы табыс еткенде жұртшылық шексіз риза болды.
Қызылордалық Назерке Қадірова да «Жан жылуы» бағдарламасының алғашқы кейіпкерлерінің бірі болыпты. Жары екеуі қайтсек жыртығымызды жамаймыз деп 7 бала және мүгедек ағасымен 1 бөлмелі пәтерді паналап келіпті. Және ересек мүгедекке қоса 4 бірдей баласының да денсаулығы нашар. Басыңа тартсаң аяғыңа жетпейтін, күрмеуге келмес қысқа жіптей осы өмір бағдарламадан кейін өзгерді. Назеркенің жай-күйін естіген қызылордалық кәсіпкер, құрылыс компаниясының басшысы Темірхан Әлімқұлов көп балалы отбасына үш бөлмелі пәтерді сыйға тартқан.
Жұрт жаппай қалаға көшіп, осының салдарынан оқушы азайғандықтан көп ауылда мектеп жабылғаны белгілі. Мектеп жабылған соң талай елді мекеннің тоз-тозы шыққанын да білеміз. Ақмола облысы Қошқарбай ауылы осы тұрғыда көпшілікке үлгі етер елді мекеннің бірі дер едік. Неге дейсіз бе? Олар қайырымды істі қолға алып, осының арқасында бір емес бірнеше әлеуметтік мәселенің шешім табуына мұрындық болып отыр. Бәріне бастамашы болған Қайыркен есімді азамат «Балалар үйінен бала асырап алсақ қайтеді?» деп ұсыныс жасайды ол ауылдастарына. Біріншіден, қамкөңіл балалар жан жылуын тапса, екіншіден, ауылдағы бала саны молаяр еді. Ауылдастары оның бұл ойын құптайды. Осылайша қошқарбайлық 6 отбасы 11 баланы бауырына салады. Айтпақшы алғашында 10 бала еді. Бірақ бір үйге бала болған ағалы-қарындасты балалар басқа бір балалар үйінде кішкентай қарындасының да тәрбиеленіп жатқанын айтқан. Артынша бауырларды бір-бірінен айырмауды ойлаған ата-ана қыз баланы да алып келеді.
Дүрдана қыз әнші екен. Сыңғырлаған дауысы қандай үнді, қандай әуезді еді?! Сахнадан Гүлнұр Оразымбетовамен бірге ән шырқап тұрған Дүрдана Хабиболланың көзінде көзілдірігі бар. Көзілдірік Дүрдананы бұған дейінгі тас қараңғы әлеммен қоштастырды. Бұл оның арманының орындалған сәті. Егер «Жан жылуы» бағдарламасынан Дүрдананың басындағы қиыншылық айтылып, зағип қыздың жанарына операция жасауға қажетті 2 миллион теңге қаржы жиылмағанда Дүрдана бұлай ән сала алмас еді. Туғаннан қос жанары жанбай, маңайындағы дүниенің түр-түсінен хабарсыз Дүрдана 14 жасына дейін «Анамның жүзін бір көрсем деп армандаймын. Маған жауынды күнгі айнала өте әсерлі сияқты көрінеді. Аспандағы бұлттарға қараған керемет тәрізді», деп айналасын көзімен емес, қиялымен ғана бағамдайтын. «Операциядан кейін көзәйнек арқылы анамның жүзін көргендегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын, бүгінде орындалмайды-ау деген армандарым жүзеге асуда. Дәрігерлер көруің бұдан да жақсарады дейді. Анамның жүзін көрдім.Үлкен сахнада енді міне, Гүлнұр әпкемен бірге ән салдым, бақыттымын», дейді.
Кештің негізгі мақсатының бірі туғаннан зағип 1 жастан енді асқан Арман атты балдырғанға Ресейде операция жасауға қажетті 2 миллион теңге жинау болатын. Залда отырған Полатбек Жоланов атты азамат Арманның барып келетін жол ақысын көтеретін болып шықса, Қайрат Жолдыбайұлы мен Ербол Дайраш кішкентай сәбидің еміне қажетті қаражатты түгелдей көтеретінін жеткізгенде зал дүр ете түсті. Балдырғанның бір көзіне операция жасауға 2 млн теңге керек екен.
Пенде әркез тойымсыз. Бары аздай, жетістігі жетімсіздей, табысы толымсыздай көрініп жататыны бар. Ал кешегі күні концерттен шыққан әр пенде Жаратқаннан кешірім сұрап, сабырсыздықтан, тойымсыздықтан жасаған қателіктерім болса кеше гөр, артық айтқан сөзім болса, орынсыз жасаған ісім болса кеш, 12 мүшем сау болып, жарық күнді, мына әлемдегі барлық ризықты аямай беріп, ақы сұрамаған кеңшілігіңе шүкір, тәубә деп тарасқандай.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»