• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Футбол 02 Наурыз, 2018

Станимир Стойлов ұлттық құраманы жоғары деңгейге көтере ала ма?

352 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері ретінде болгариялық Станимир Стойловты таныстырды. Осыған дейін «Астана» футбол клубының тізгінін ұстап келген 51 жастағы маманның елордалық клубтан кеткені белгілі болды.

Ал енді «ұлттық құраманы Станимир Стойлов қандай деңгейге көтеруі мүмкін?» деген ой келуі заңдылық. Біз осы тұста спорт саласының басы-қасында жүрген бірнеше журналистің пікірін беріп отырмыз.

Несіп Жүнісбай: «Станимир Стойловтың «Астанада» жүріп жеткен жетістіктері мақтауға тұрарлық. Бірақ отандық футболдың деңгейін Станимир Стойлов та көтере алады дегенге күмәнім бар. Мен білсем болгар маманы ешқандай жетістікке жете алмайды.

Қазіргі проблемамыз Қазақстан ұлттық құрамасының УЕФА-ға құрамына қолсығаны болып тұр. Ал қазақ футболы мен Еуропа футболының деңгейі жер мен көктей. Сондықтан ел футболын өркендетіп алмай, құраманы бапкер алып шығады деп ойламаймын. Ұлттық құрамамызды тіпті тәжірибесі мол Жозе Моуриньо, Арсен Венгер жаттықтырса да бір белеске көтеруі екіталай».

Дүрәлі Дүйсебай: «Жеке өз басым үшін бұл дұрыс таңдау болды. Осы тағайындауды ұзақ күттім. Келісу процесі біразға созылды, бірақ дұрыс шешілді.

Қазір Қазақстанда Стойловтан асқан бапкерді көріп тұрған жоқпын. Ең бастысы, ол ірі тактик. «Астанада» «Қайраттағыдай» аса құнды футболшылар жоқ. Соның өзінде болгариялық бапкер супер команда жасақтап, бүкіл Еуропа санасатын ұжым жасап шықты. «Қайрат» ше? «Қайратқа» тура осы Станимирдей бапкер келсе, «Астанадан» да мықты ұжым қалыптастыруға болар еді.

Жаңа бапкер ел командасын көтеруге уәде беріп жатыр. Ол уәдеге сараң адам, сөз берді ме қолынан келгеннің бәрін істейді. Ол енді ең алдымен, қабілетті команда жасақтауға кіріседі. Бірден жаңа команда жасақтау қиын, әрине. Оны көп ұзата қоймас. Ал бізде болашағы бар, шебер ойыншылар аз емес. Бірақ оны көре білу керек, ол үшін тек көреген көз ғана емес, керемет түйсік әрі басқа бапкерлердің көмегі керек. Стойловта түйсік бар, енді премьер-лига бапкерлері ептеп «сыбырлай» қойса, еурокомандалардың тегеурініне шыдас беретін жаңа команда жасақтауға болады. Жаңа дегенде, 15-20 пайыз жаңарса да – жаңа команда.

Екіншіден, жаңа бапкердің сүйікті ісі – тәртіп. Бізге жетісе бермейтіні де сол. Біраз «жұлдыз» бар бізде. Сондайлар сабасына түсіп, елі үшін жан сала ойнаса мақсатымыз орындалды деп есептеуге болар еді.

Қалай десек те, әліптің артын баққан жөн. Құраманың жаңа бапкерін түртпектей бермей, жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау керек».

Амангелді Сейітхан: «Елімізде қазіргі уақытта ең білікті бапкер Стойлов деп ойлаймын. Бірақ болгар маманы үшін нағыз сын сәт енді басталды. «Астана» ол бір басқа, ол жақта негізгі күш легионерлерге түсті. Енді қаншалықты мықты бапкер екенін отандық футболшылармен көрсетуі тиіс. Өзінің біліктілігін дәләлдейтін сәт келді.

Мен мына нәрсені айта кеткім келеді, әйтеуір Қазақстанға бір қатысы бар деген ниетпен шетте жүрген футболшыларды ұлттық құрамаға шақырмаса екен деймін. Осы тұста Талғат Байсуфиновты мысалға келтіре кеткім келеді. Өз тұсында ол тек қазақстандықтарды алаңға шығарып, жақсы нәтиже көрсеткен болатын. Міне, осы тәжірибені пайдаланса нұр үстіне нұр болар еді».

Асқар Хамиден («Астана» ФК баспасөз хатшысы): «Станимир Стойловтың «Астанадағы» жетістігін бәріміз білеміз. Елорданың командасын бұрын-соңды болмаған жетістікке жеткізіп кетті. Тарихи сәттердің себепшісі болды. 51 жастағы маман пресс-конференцияларда еліміздегі футболдың жағдайын, балалар футболының, стадиондардың, жасанды алаңдардың, яғни инфрақұрылым проблемасын жиі қозғайтын. Енді ұлттық құрамада осы мәселелерді қолға алуы қажет. Егер бәрі жоспарлы түрде жүзеге асса алдағы ұлттар кубогында жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын.

Станимир Стойловтың бір артықшылығын айта кетейін, ол «Астананы» жаттықтырып жүрсе де, ұлттық құрамада өнер көрсететін футболшылар жайлы жақсы біледі. Тіпті бірінші, екінші лиганың матчтарын да назарынан тыс қалдырмайтын. Жастардың әлеуетін, шама-шарқын, деңгейін жақсы білетініне сенімдімін.

Стойловқа аздап уақыт беру қажет деп ойлаймын. Бірден Еуропа, әлем чемпионаттарының топтық кезеңіне шығарады деп қысымға алмағанымыз жөн. Қайта жанкүйер, БАҚ өкілдері тарапы «Астанадағы» жетістіктерін негізге ала отырып, сенім артуы қажет».

Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»