Ақ күріштің атасы атанған, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев пен мойынқұмдық шопан ата Жазылбек Қуанышбаев ағалы-інідей болып араласқан еді. Ыбекең мен Жазкеңдей заманының заңғар-заңғар бәйтеректерінің сондағы өзара сыйластықтары бір-бірін толықтырып, дәуірдің кескін-келбетін келістіріп тұратын. Бес жастай үлкендігі бар Ыбекеңді 90-ға таянғанда кәрілік айналдырып, сексеннің бесеуіне келген інісі үйде отыра алмай атқа қонып, омырауындағы қос жұлдызы жарқырап ағасының хал-ахуалын сұрап келіпті. Сондай бір сәттерден қалған сәулелі кадр бүгінде ерекше естелік болып, болашаққа өз биігінен тіл қатып тұрғандай. Суреттің оң жақ шетінде тұрған Ыбекеңнің жолын қуған шәкірті Социалистік Еңбек Ері Заһира Ержанова апай.
Қазақ телевизиясы еңбек «маршалының» өнегелі ісін әрдайым насихаттап отырды. Өз кезегінде ақын Әбділда Тәжібаевтың қатысуымен «Үш бәйтерек» телеповесі жарыққа шығып, көрермендерге жол тартып жатты. Ыбырай атаның 90 жылдығына арналған салтанатты жиыннан хабар ұйымдастырылып, күріш өсірушілер мектебінен репортаж жүргізіліп жатқан қызу еңбек кезінде телевизия мұрағатына келіп түскен бұл суретті бүгінде сіздердің назарларыңызға да ұсынып қоюды жөн санадық.
Қажы ҚОРҒАНҰЛЫ, ардагер-журналист