Ақтөбеде кешенді диагностикалық Check-up орталығының құрылысы басталады. Тиісті келісімшартқа Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Сеул ұлттық университеті госпиталінің вице-президенті, профессор Кванг Вунг Ли кездесуінің нәтижесінде қол қойылды.
- Ауруларды ерте диагностикалау мәселелері тұтастай алғанда аймақ үшін де, жалпы ел үшін де өзекті болып қала береді. Осыған байланысты Оңтүстік Кореяның тәжірибесі мен ең алдыңғы қатарлы технологияларын ескере отыра денсаулық сақтау жүйесін дамытуда қызығушылық танытып отырмыз. Біз сондай-ақ, осы жобаны іске асыруда және жоғары білікті жұмысшыларды дайындауда қолдау көрсететініңізге сенеміз,-деді келіссөз кезінде Бердібек Сапарбаев.
Өз кезегінде профессор Кванг Вунг Ли Оңтүстік Кореялық мамандар тобының Ақтөбеге осы мақсатта арнайы келгендігін атап өтіп, аталмыш мәселеге қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
- Кем дегенде алғашқы екі жылда маңызды дәрігерлер - Оңтүстік Кореяның мамандары болады,-деді ол.
Орталық құрылысы келесі айда басталмақ. Жобаны 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында аяқтау жоспарланып отыр.
Заманауи диагностикалық орталықты құрудағы негізгі мақсат – түрлі ауруларды ерте және уақытында анықтау, медициналық туризмді дамыту, Ақтөбе облысындағы мамандардың біліктілік деңгейін көтеру, диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу. Қазақстанда алғаш рет Корея медицинасының көшбасшысы – Сеул ұлттық университетінің госпиталімен расталған халықтың денсаулығын кешенді бағалау бойынша әлемдік стандарттарға жауап беретін заманауи орталықтың үлгісі ұсынылмақ.