• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2011

Шәкен Ниязбеков: «Ту – мемлекеттің ең қысқа жазылған конституциясы»

2600 рет
көрсетілді

Төрткүл дүниенің төрт бұрышында жерұйық мекен Қазақстанның даңқының дүбірі естіліп, бабалар көзіндей көк байрағымыз көтерілер болса, онда терең ойлы суреткер Шәкен НИЯЗБЕКОВТІҢ қолтаңбасы бар. Сексеннің сеңгіріне көтеріліп келе жатқан Мемлекеттік Ту авторының тағдыры қай қырынан алып қарасаңыз да қызғылықты. Ардақты ағамыз кешегі кеңестік кезеңде әйгілі «Волга» жеңіл автокөлігін құрастырған бес инженердің бірі екенін екінің бірі біле бермес. Біз бұл жолы Қазақстандағы дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі, ҚР өнер қайраткерінен тудың қалай «туғанын» сұраған едік. – Шәкен Оңласынұлы, Қа­зақстан Республикасының Мем­лекеттік туы қалай өмірге келді? – Тәуелсіз еліміздің туын жасауға қылқалам шеберлері, яғни суретші-дизайнерлер ара­сында байқау жарияланғаны жө­нінде Жоғарғы Кеңестен Ербол Шәймерденов деген азамат ха­барлаған болатын. Ұтамын деген ой болған жоқ. Конкурсқа қа­тысуға бел будым. Шын пейіліммен, ниетіммен дүние жүзін­дегі барлық тулардың фотоларын жинап алып, зерттеуге кірістім. Сөйтіп, қа­зіргі туды жасауға отыр­дым... Ту демекші, мынан­дай қызық оқиға болды. Телефон шылдыр ете қалғаннан кейін көтеріп едім, біреу өзін Қарағандыдан хабарласып тұр­мын деп таныс­тырды. «Сіз­дің туыңыздың кө­лемі дұрыс емес», дейді. «Неге?» дедім. «БҰҰ бекіткен стандарттан ауыт­қығансыз». «Үш­бұ­рыш­ты, төртбұрышты, үш те екі ту бар екенін білесіз бе?» деп едім, үнсіз қалды. – Мен де осыны сұрайын деп едім. Мемлекеттік тудың ені ұзындығының жартысы­на тең. Ту көлемінің бекітілген өлшемдері бола ма? – Біздің туымыздың көлемі – бір де екі. Қазақтың жер кө­лемі әжептәуір. Табиғаты алуан түрлі. Қысқа ту жақсы желбіремейді. Астанамыз жел өтінде тұр. Алматыдағы жағдай керісінше. Әр жақтағы желдің ба­ғы­ты да әрқалай. Сол себепті де туымыз шолтаңдамай, еркін желбіреп тұрсын деген ниетпен осы өлшемге тоқтадық. – Туды «тудыруға» 600-ге тарта автор қатысқан екен? Яғни, осыншама идея мен нұс­қалар болды деген сөз ғой? – Конкурс екі айға созылды. Бі­рінші отырыс, екінші отырыс, үшін­ші отырыс болды. Ар жағы­ның санын білмеймін. Әйтеуір көп болды. Біреуге анау ұнайды, біреуге мынау ұнайды дегендей. Бірінші орын алғанға дейін мен бар­лық идеяларымды толық көрсет­­пей жүрдім. Себебі, сол кон­курсқа қатысқандар өз жақ­тау­шыларын әбден «менің сөзімді сөйле» деп көндіріп алған. Соны байқадым. Бәрі бір-бірімен айты­сып болғаннан кейін соңғы нұс­қамды көрсеттім. «Неге сегізбұ­рыш қолданбаймыз?» деген сұ­рақ қойылды. «Сегізбұрышты Әзер­­байжан алып қойды, басқа ұлттық нақыштарымыз жетпей ме?» дедім. «Неге айды сал­майсың, неге шаңырақты салмай­сың?» дегендер де табылды. «Мен мешітке емес, мемлекетке ту жасап жатырмын. Мен дінді сыйлаймын, бірақ дін – әркімнің жеке шаруасы, ал шаңыраққа келсек, ағайындар-ау, шаңырақты қырғыздар қызыл туларына салып қойды, неге біз біреудің істегенін қайталауымыз керек?» деген жауап қаттым. – «Қыранның күннің қақ астында ұшуы қисынға сый­майды»,  деген көзқарастар бол­ға­ны белгілі. Мемлекеттік рә­міз­дер жөніндегі республи­ка­лық ко­миссия мүшелерінің пікірі қандай болды? – Бүркіттің күннің қақ ортасында ұшуы қисынға келмейді деген көзқарастар кейінірек шықты. Талқылауда: «Ту­дың түсі көк. Себебі, біз тәңі­рінің адамдарымыз. Көк аспанда күн болуы керек. Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Әлем елдерімен иық тірестіре алатындай жағдайға жетті. Бүркіт – ең биік­ке көтерілетін әрі ұзақ жасай­тын құс. Былайша алсақ, Қазақ елінің рәмізі», дегеннен кейін елдің бәрі идеямды түсінді. Қарсы келген жоқ. Қыран құс – ерлік пен азат­тықтың символы. Ал қыранды алғаш рет тек біздің баба­ла­рымыз ғана бағын­дырып, қо­лына қондыра білген. Сон­дықтан да қыран құстың Туы­мызда бейнеленуі – заңды­лық! – Туда қазақтың үш мәсе­лесі бар дегенді таратып ай­тыңызшы. – Осы арада басынан бастап Ту түсінің көп түрлілігінен қаш­­қанымды айта кеткенім жөн. Бірегей көгілдір түс тектен-текке таңдалған жоқ. Ол аспан мен өмір нәрі судың да түсі. Бірінші, көк тәңірі көк түс. Қазақ тәңірге сиынған. Тәңіршіл­діктің кейбір әдет-ғұрпы қазіргі сал­ты­мызда да бар. Екінші, қазақ­тың мәрттігін, кеңпейіл­ділігін, ерлігін танытатын бүр­кіт. Бүр­кітіміз бен күніміз, көк ас­па­нымыз Туда. Үшіншіден, қазақ­тың қазақ екендігін ай­шық­тайтын оюын туға қонды­руды мақсат еттім. Ұлтымыз бен туымызды айшықтап тұр­сын деп ерекше ою ойлап таптым. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.