Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Nova City тұрғын үй кешенінен шыққан өрттен балалар мен әйелді құтқарған құрылысшыларды марапаттады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бүгін Астана әкімдігінде монолитшілер Руслан Беріков, Ақылбек Жақайымов, Әділбек Дағыстан және терезе монтаждаушы Жасұлан Байсейітов, инженер Руслан Жалбақов әкім атынан алғыс хаттармен, «Белсенді азамат» естелік мүсіншелерімен және ақшалай сыйақымен марапатталды.
Марапаттаудан кейін батырлардың бірі Жасұлан Байсейітов барлық әріптестерінің көмекке ұмтылғысы келгенін жеткізді. «Адамдарды құтқарып қалғанымыз үшін қуаныштымын, еш дүрбелең болған жоқ. Мен өзім еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша инженермін. Ең алдымен қобалжымау қажеттігін білемін, екінші қағида - дұрыс ұйымдастыру. Ынтымақтығымыздың арқасында бәрі ойдағыдай өтті», - дейді Жасұлан Байсейітов.
Өз кезегінде Әсет Исекешев жас жігіттердің өмірлерін қатерге тігіп, нағыз ерлік танытқанын атап өтті және үлкен алғыс білдірді. «Сіздер белсенді азаматтар ретінде, ерлік іс көрсеттіңіздер. Бұл біз үшін, әсіресе сіздер құтқарып қалған адамдардың жақындары мен туыстары үшін өте құнды және адами қасиеттердің ең жоғары бағасына лайық», - деді әкім.
Астана ТЖ департаменті басшысы Барат Дұзақбаевтың айтуынша, барлық құрылысшылар «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» ведомствалық төсбелгісіне ұсынылды.
Еске сала кетсек, кеше «Nova City» көпқабатты тұрғын үй кешенінің 7 қабатынан өрт шықты. Көршілес ғимаратты тұрғызып жатқан құрылысшылар өрт шыққан пәтерге өрмелеген және балалар мен әйелді терезе арқылы төменгі қабатқа түсірген.