• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Наурыз, 2018

Сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасының бас­ты жаңа­лықтары

568 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің депутаттары сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасының өзектілігін және онда саладағы нақты проблемаларды шешу көзделгенін атап өтіп, заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын палатаның жалпы отырысында Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық Банкінің төр­ағасы Данияр Ақышев таныс­тыр­ды. Ұлттық Банк басшысы Мә­жіліс депутаттарына заң жоба­сының мақсаты халықтың мүд­десін қорғауды қамтамасыз ету және сақтандыру нарығын дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылатынын айтты.

Шартты түрде заң жобасында 5 негізгі топтаманы бөліп ай­туға болады. Біріншіден, бұл – он­лайн-сақтандыруды енгізу. Екін­шіден, шетелге шығатын қазақ­стандықтарды сақтандыруға қойы­л­атын тәсілдерді өзгерту. Үшін­шіден, міндеттелген сақтан­ды­руды енгізу. Төртінші топтама сақтандыру омбудсменінің функ­цияларын кеңейту арқылы сот­қа дейінгі реттеу тетігін жетіл­діруге арналған. Соңғысы өмірд­і сақтандырудың әлеуметтік ма­ңызды түрлері бойынша қосымша кепілдік беру жүйесін кеңейтуге бағытталған.

Сақтандырудағы цифрландыру

Заң жобасының бас­ты жа­ңа­лықтарының бірі – тұтынушылар көптен бері күтіп отырған онлайн-сақтандыруды енгізу.

Банктерде онлайн-қызметтерді ұсынудың түрлі нысандары бұрыннан ендіріліп, сәтті пайдаланылатыны белгілі. Сақтандыру нары­ғында заңнаманың ерек­шелік­теріне қарай онлайн-қызметтер әлі тиісінше дамымай отыр.

Ұлттық Банк басшысы Қа­зақ­станда қаржылық қызметтердің өңірлерде, бірінші кезекте, облыс орталықтарынан тыс және ауылдарда қолжетімділігі туралы мәселенің өзекті екендігін еске салды. Сақтандыруды айтпа­ған­­ның өзінде базалық банк өнім­деріне қолжетімділігінің бол­мауына мысалдар көп.

– Филиалдар мен өкіл­дік­терді ашу арқылы қаржы инс­ти­тут­тарының өңірлік деңгейде қа­тысуын кеңейту әрдайым мүм­кін болмайды. Банктер және сақ­тандыру компаниялары жеке инсти­туттар болып табылады және олар­дың қызметі шығындарды оңтай­ландыруға бағытталған. Сон­дықтан сұраныс пен рен­та­бель­ділік жеткіліксіз болған кез­де олар өңірлерде қатысуын едәуір азай­тады. Бұл орайда ең оң­тайлы ше­шім сақтандыру саласын жедел цифр­ландыру болып табылады. Бұл аза­маттарымыз үшін сақтандыру қыз­меттерінің геогра­фиялық қол­жетімділігін қамта­масыз етуге жағдай жасайды және бүкіл рәсімдерді тездетеді, – деп атап өтті Данияр Ақышев.

Ұлттық Банк төрағасының ай­туынша, бұл жобаның табысы­на интернеттің, оның ішінде ға­лам­тордың шалғай аудандарда заманауи ену деңгейі ықпал етеді.

– Неліктен біз мұндай жағдай қалыптасады деп ойлаймыз? Орта да, жағдай да өзгерді. Цифр­ландыру және телекоммуникациялар мен интернеттің дамуы барлық сала­дағы процестерді тездететін нақты үрдіс болды. Егер 2005 жылы ха­лықтың 4 пайызы ғана интер­нет пайдаланушысы болса, бүгін­де 80 пайызға жуығы пайдаланады. Түзетулердің мақсаты – сақ­тан­дыру қызметтерін алған кезде біздің азаматтарымыз үшін қолай­лы жағдайлар жасау. Халық пен кә­сіпорындар сақтандыру ком­па­ниясының офисіне бармай және агенттердің делдалдық қыз­меттерін пайдаланбай-ақ шарттарды интернет арқылы жасай алады, – деп атап өтті ол.

Заң қабылданғаннан кейін шал­ғайдағы елді мекендер тұрғын­дарына облыс орталығына сақтан­дыру полисіне бару немесе дел­далдардың қызметтеріне жүгіну қажет болмайтын жағдайлар жасалады деп күтіледі. Болашақта дел­дал­дардың болмауы сақтандыру құжаты құнының төмендеуіне әкеледі.

Ұлттық Банктің деректері бо­йынша, дамыған елдерде он­лайн-сақтандыру үлесі 70%-ға же­теді. Ресейде автоазаматтық жауап­кер­шілікті онлайн-сақтандыру 2017 жылдан бері қолданылады.

Алайда онлайн-сақ­тан­ды­ру­ды іске қосу заңнамалық түзе­тулерді ғана емес, мемле­кеттік органдардың жұ­мысын талап етеді. Министр­­ліктер мен ве­домстволардың де­рекқорларын ық­пал­дастыру бо­йынша жұмыс­тар тездетілуде. Қа­дағалау орган­дарының техни­калық жабдық­талуын арттыру та­лап етіледі. Атап айтқанда, сақ­тан­дыру жөніндегі дерекқорда аза­маттардың барлық деректерін барынша қорғауды қамтамасыз ету қажет.

Данияр Ақышев заң жобасын дайындау барысында автокөлік иелерінің жауапкершілігін он­лайн-сақтандыру тетігін тал­қы­лаған кезде автокөлік иелерінен по­листің бар-жоғын тексеру тетігі бойын­ша Ішкі істер минис­тр­лігімен ау­қым­ды жұмыс жүргі­зілгенін айтты.

Автокөлік иесі сақтандыру ком­паниясының сайты арқылы сақ­тандыру полисін онлайн режімде сатып алатыны болжанады. Бұдан кейін клиент Бірыңғай сақтандыру дерекқоры арқылы сақтандыру шартының бірегей нөмірін алады. Барлық деректер осы дерекқорда нақты уақыт режімінде болады. Бірыңғай сақтандыру дерекқорына онлайн-кіру есебінен жол полициясы қызметкерлері тәулік бойы кез келген жұмыс немесе мереке күні қағаздағы полисті талап етпей, автокөлік иесінің сақтандыру құжатын тексере алады.

Киберқауіптен қорғау мәсе­ле­лері цифрландыру сала­сын­дағы жобаларды іске асыру аясында аса өзекті болып табылады. Осыған орай онлайн-сақтандыру Бірыңғай сақтандыру дерекқорының қатаң қауіпсіздік жағдайларын сақтауды талап етеді. Бүгінгі күні бұл дерекқор мемлекеттің меншігінде және сақтандыру құпиясын сақтау бойынша барлық талаптарға сәйкес келеді. Бұл бірінші кезекте ақпараттың сақталуына және жеке деректерге қол сұғыл­маушылыққа жоғары жауап­кершілікке қатысты.

Алаңсыз демалыс

Қаржы нарығын рет­теу­шінің тағы бір бастамасы қазақ­стандықтардың шетелдегі демалысы кезінде орын алатын проблеманы түпкілікті шешуге арналған. Заң жобасында туроператордың жауапкершілігін сақтандырудан шетелге шығатын туристің өзін сақтандыруға өту көзделеді.

– Бүгінгі күні туроператордың жауапкершілігін сақтандырған кезде сақтандыру құжатының егер туроператордың қателескендігі дәлелденетін болса ғана жұмыс істейді, ал мұндай жағдай барынша сирек болады. Турист әдет­те өзінің проблемаларымен, негі­зінен денсаулыққа кел­ті­рілген зиян­ды өтеуге байланысты проб­ле­малармен жеке қалады, – деп тү­сіндірді Ұлттық Банк төрағасы.

Шетелге шығатын туристер­ді сақтандыру схемасының өзгере­тіні және төмендегідей болатыны бол­жанып отыр: туроператор жолда­маны сатқан кезде туриске сақ­тан­дыру сертификатын беру міндет­­теледі. Бұл құжатта шет­елде ме­­дициналық қызметке қол жет­кізу бойынша көмекті тәулік бойы ре­­жімінде ұйымдастыратын халық­­аралық компаниялардың бай­­ланыс деректері көрсетілетін болады.

Шетелде сақтандыру оқи­ғасы басталған кезде турист ме­дици­­налық қызметтерге, жедел меди­­циналық көмекке және елге қай­та оралуға ақы төлеу бойынша шығыстарды көтермейді. Бұл шы­ғыс­тарды сақтандыру компаниясы туриске көмек көрсететін ха­лық­аралық компания арқылы өтейді.

Туроператор үшін сақтандыру құны жоғары болмайды деп күтіледі – шамамен күніне 320 тең­ге. Бұл ретте сақтандыру өтемі 3 – 16 миллион теңге аралығында бо­­лады. Мұндай сақтандыру құ­жа­­ты туроператорлардың қызмет­теріне жүгінетін туристер үшін ғана қажет. Туроператорларға жү­­гін­­бейтін туристер және шет­елге өз­дері баратын азаматтар өз жау­ап­­кер­шіліктерін дербес көте­реді және мемлекет олардың сақ­тан­дырылуын міндеттей алмайды.

Мәселеге жеке көзқарас

Ұлттық Банк басшысы Пар­ламент депутаттарын жа­ңа заң жобасында енгізілетін мін­дет­телген сақтандырудың мәні жайында хабардар етті.

Көптеген дамыған елдер­дің тәжірибесі дәстүрлі міндет­ті сақтандырудан оның түрленді­рілген түрі – міндеттелген сақтан­дыруға көшу үрдісін көрсе­тіп отырғаны белгілі. Мыса­лы, Францияда міндетті сақтан­ды­ру­дың 120-дан астам түрі бар, оның төртеуін ғана Сақтандыру кодексі рет­тейді, яғни жеке заңнамалық акт деңгейінде реттеледі.

Данияр Ақышев міндеттелген сақтандыру – бұл жекелеген ма­ман­дықтар үшін міндетті болып та­былатын, бірақ оның талаптары тікелей заңда емес, сақтандыру компаниясы мен оның клиенті арасындағы шартта айқындалатын сақтандыру екендігін түсіндірді. Мәселен, міндетті сақтандыру ке­зінде сақтандырудың барлық талаптары, тарифтері мен төлемдері жекелеген заңдарда белгіленген. Мұндай тәсіл сақтандырудың стан­дартты және жаппай түрлері жағ­дайында өзін өзі ақтайды. Алай­да сақтандырудың жекелеген түр­лерінде икемділік қажет, яғни клиентке және оның тәуекелдеріне жеке қарау керек болады.

– Міндеттелген сақтандыруды енгізу сақтандыру компаниясына да, оның клиентіне де шартта сақ­тандырудың икемді талаптарын көздеуге мүмкіндік береді. Тәуекелдердің нақты тізбесін ай­қындай отырып, клиенттер үшін дұрыс тариф белгілеуге болады. Клиентке жеке-дара қарау тәсілі мін­деттелген сақтандырудың негіз­гі артықшылығы болып табы­лады, – деп атап өтті қаржы рет­теушісінің басшысы.

Сотқа дейінгі тәртіп негізінде

Бірінші оқылымда мақұл­данған заң жобасы сотқа дейінгі реттеу институтын дамыту үшін сақ­тандыру омбудсменінің қыз­метін кеңейтуді көздейді.

Бүгінгі күні дауларды реттеу инс­титуты сақтандыру омбу­дс­мені арқылы жұмыс істейді. Бұл инс­титут Қазақстанда 2007 жылдан бері бар. Ол бастапқыда сақтан­ды­рушылардың өз араларын­дағы, сондай-ақ сақтанды­ру­шылар мен көлік құралдары ие­лерінің азаматтық-құқықтық жауап­кер­шілігін міндетті сақтандыру (КҚИ АҚЖМ) полистерін ұстау­шы – олардың клиенттері қарым-қаты­нас­тарындағы даулы жағдайларды қарау үшін құрылды. Осылайша, осы уақытқа дейін омбудсменнің өкілеттіктері автокөлік иелерінің жа­уапкершілігін сақтандыруға ға­на қолданылды. Сақтандыру заң­на­­масына түзетулер омбудсменнің өкі­­леттіктерін сақтандырудың өз­ге де түрлеріне қолдануды көз­дей­ді.

Заң қабылданғаннан кейін сақ­тандыру компаниясының клиенті сақтандырудың кез келген түрі бо­йынша төлем мөлшерімен ке­ліспеген жағдайда сақтандыру омбудсменіне қорғау үшін жүгіне алады. Атап айтқанда, омбудсмен жеке тұлғалар мен шағын кәсіп­орындардың дауларын қарай­тын болады. Халықаралық тәжірибеге қарай омбудсмен қа­рау­ға уәкілетті даулар сомасына лимит белгіленді. Ол 10 мың ай­лық есептік көрсеткішті немесе 24 мил­лион теңгені құрайды.

Мемлекеттің кепілдігі арқылы

Сақтандыру нарығының ойын­шыларымен өзара қарым-қаты­нас­тарда азаматтардың мүддесін қорғау мақсатында заң жобасын­да өмірді сақтандырудың әлеуметтік-маңызды өнімдері бойынша сақ­тандыру төлемдеріне қосымша ке­пілдік енгізіледі.

– 2015 жылғы мамырда қыз­мет­керді өндірістегі жазатайым оқи­ғадан міндетті сақтандыру жөнін­дегі заңнамаға өзгерістер ен­гі­зіл­ген болатын. Құрметті депу­тат­тар, бұл заң сіздердің естері­ңізде. Біз оны Парламентте көп тал­қы­ладық. Мемлекет, жұмыс беру­ші және сақтандыру компания­сы ара­сын­дағы жауапкершіліктің оң­тай­лы теңгерімі табылды. Бұл жү­йе­­нің болашақтағы орнық­ты­лығын қам­тамасыз етуге мүм­кінд­ік берді, – деп еске салды Данияр Ақышев.

Алайда, оның айтуынша, ан­нуитеттер бойынша жи­нақ­тар үшін кепілдіктің қосымша тетіктері қажет. Осы мақсатта заң жо­ба­сында қордың зейнетақы ан­нуитеттері және жұмыс істеу қабі­летін жоғалтқан қызметкер­лер­дің аннуитеттері бойынша сақ­­тандыру төлемдеріне қатысты мін­дет­­темелерді орындауға кепіл­дігі көз­делген. Бұл тетік сақтан­дыру ком­паниялары таратылған жағ­­дайда процестің оның клиент­тері­не барынша ауыр болмауы үшін қолданылады деп болжа­нады. Кепілдік сақтандыру компаниясын тарату кезеңінде оның барлық міндеттемелері басқа сақтандыру компаниясына берілгенге дейін қолданылады. Бұл түзетулер алу­шылардың қордан өз ақшасын уақ­тылы алуына мүмкіндік береді.

Заң жобасы сақтандыру нары­ғының одан әрі толыққанды дамуы үшін жағдайлар жасауға ба­ғыт­талған басқа да бірқатар түзе­тулерді көздейді.

Ұжымдық еңбек нәтижесі

Ұлттық Банк төрағасы Мәжіліс депутаттарына заң жобасын жұ­мыс тобы қараған кезде топтың оны жақсартуға бағытталған жұ­мысы үшін алғыс білдірді.

– Үкімет заң жобасын Мә­жіліске енгізгеннен кейін жұмыс тобының шеңберінде заң жобасын жақсарту жөнінде қомақты жұмыс жүргізілді. Жұмыс тобында талқыланған барлық ұсыныстары үшін Мәжіліс депутаттарына алғыс білдіргім келеді. Мұның азаматтарымызды қорғауды одан әрі күшейте түсетіні сөзсіз, – деп атап өтті Данияр Ақышев.

Өз кезегінде Парламент Мә­жі­лісінің депутаты, Қаржы және бюд­жет комитетінің мүшесі Сергей Симонов жұмыс тобының заң жобасын қарау кезінде шын мәнінде үлкен жұмыс атқарғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, депутаттардың, мемлекеттік органдар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының жеті отырысы өткен. Депутаттардың 200-ге жуық ұсынысы қаралған. Сонымен бірге үстіміздегі жылғы 2 ақпанда осы заң жобасын талқылау шеңберінде Ұлттық Банктің, орталық мем­ле­кеттік органдардың және сақ­тандыру нарығы өкілдерінің қаты­суымен «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы Эко­номикалық саясат жөніндегі ке­ңес пен Қаржы және бюджет ко­­ми­тетінің бірлескен отырысы өт­кі­зілген.

Мәжіліс депутаты жұмыс тобы қызметінің жалғасатынын және заң жобасын екінші оқылымға қарауға дайындау шеңберінде құжат депутаттар айтқан ұсыныстар мен ескертулер ескеріле отырып пы­сық­талатынын атап өтті.

– Бүгін әріптестер сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құ­қықтарын қорғауды күшейту, сақ­тандыру жағдайларын жақсарту және халық пен бизнес үшін сақ­тандыру өнімдерінің құнын төмен­дету, сақтандыру нарығында әділ бә­се­келестікті дамыту және т.б. жө­ніндегі мәселелерді көтерді. Екінші оқылымға дейін жұмыс тобының отырыстарында біз бұл мәселелерді әзірлеуші­лермен, сақтандыру нарығы­ның қатысу­шыларымен бірлесіп мұқият қараймыз және заң жоба­сының тиісті нормаларын пы­сық­таймыз, – деп қорытындылады ол.

Парламент Мәжілісінің де­­пу­таты, Заңнама және сот-құ­қық­­­­тық реформа комитетінің мү­шесі Снежанна Имашева да па­л­а­­та­ның отырысында заңна­малық түзе­тулердің жобасын толық қол­дайтынын мәлімдеді. Пар­ла­мент депутаты заң жо­ба­сының сақ­тандыру секторын реттеудің кей­бір проблемаларын жоюға, оның тиімділігін арттыруға және ха­лық тарапынан сенім деңгейін ұл­ғайтуға бағытталғанын атап өтті.

– Біз қарастырып отырған заң жобасы сақтандыру ұйымдарын құқықтық реттеудің тиімділігін арттыру, сақтандыру нарығы қа­ты­сушыларының қызметін қадағалау тәсілдерін күшейту мақсатында әзірленді. Бұл ұлттық сақтандыру нарығын нығайтуға және сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Өтемдік, жинақтау және инвестициялау функцияларын орындай отырып, бұл сегмент эко­но­миканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге тиіс, – деді Сне­жанна Имашева.

Сақтандыру – қаржы секторы­ның әлеуеті өте жоғары, болашағы бар саласы. Осы бағыттың табысы көптеген факторларға, оның ішінде заңнамалық база­ны дамытуға, салық-бюджет жә­не ақша-кредит саясатының тиімділігіне, көрсетілетін сақтан­дыру қызметтерін қадағалау сапа­сына, қаржы ұйымдарының жай-күйіне және т.б. байланысты.

Бұл жұмыстың Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шең­­беріндегі күшейіп отырған ық­пал­­дасу процестерінің аясын­да, сон­дай-ақ Қазақстанның Дүние­жү­зілік сауда ұйымына кіруіне байланысты ерекше маңызы болады.

2020 жылы Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі шеңберінде өтпелі ке­зең аяқталатыны белгілі, ол аяқ­тал­ған соң елде бірқатар талаптар­ға сәйкес келетін шетелдік сақтан­дыру компанияларының тіке­лей филиалдарын ашуға рұқ­сат еті­леді. Бұл нарықтағы бәсе­ке­лестік деңгейін арттырады және отандық компаниялардан осыған барынша даяр болуды талап етеді.

– Еуразиялық экономика­лық одақ шеңберіндегі ықпалдасу процестері жағдайларында және жаһандық үдерістерде, сондай-ақ еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты сақтандыру нарығын дамыту өте маңызды процесс болып табылады. Сонымен бірге, сақтандыру талаптарын жақсарту, адал бәсе­келестікті дамыту, сақтандыру қызметтерін алушыларды қорғау мақсатында заң жобасының кейбір нормаларын пысықтау қажет. Бұл ретте заң жобасында кейбір нормаларды нақты тұжырымдау да керек. Бұл болашақта сақтандыру қызметін реттеуге, сақтандыру на­рығы қатысушыларының мүд­делерін қорғауды күшейтуге және сақтандыру нарығындағы проб­ле­малардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Мәжіліс депутаты.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінің мүшесі Бақытбек Смағұлов та Ұлттық Банк әзірлеген заңды қол­дады, оның нормаларының «қар­жылық қызметтерді тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғауға және оларды іске асырудың тиім­ді тетіктерін құруға мүмкіндік беретінін» атап өтті.

Ол онлайн-сақтандыру тетігін енгізу перспективалары­на ерекше тоқтады, оның «Цифрлы Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қойылған міндеттерге толық сәйкес келетінін айтты. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты шет­елге шығатын, өз проблемасымен өзі қалмауға тиіс туристерді сақ­тандыру жүйесін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

Депутат сөзін аяқтай келе, Мемлекет басшысының мемле­кет­тік тілдің мәртебесін арттыру, оның ішінде Үкімет пен Пар­ламенттің жұмысында пайдалану туралы тапсырмасының іске асырылып жатқанына қана­ғат­танатыны туралы пікір білдірді.

– Лауазымды жауапты қыз­мет­те жүрген азаматтардың осы орайда бірінші үлгі болуы керек деп ойлаймын. Данияр Талғат­ұлының бүгінгі баяндамасы өте жақсы дайындалған. Еліміз­дегі ең маңызды ұлттық мекемені бас­қа­ратын азаматтың Президент­тің әрбір сөзін толық құптайтын азаматтардың қатарында болғаны абзал және алдағы уақытта да мемлекеттік тілді меңгеруге атсалысады деп сенім білдіремін, – деді Бақытбек Смағұлов.

Бетті дайындаған Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан»