Тап осы Наурызда қырқа-белі қыраулы, қарлы қыстың ызғарлы лебі лезде тоңмойын қалыбынан танып, топырақ тоңы жіпсіп, майда самал маңдайды өбеді. Көктем – көркем-ау!
Көгорай шүйгін дүркірей бой көтеріп, сол маңнан құстар әні жүрек тербеп, бойды кернеп, көңіл сергітеді. Табиғат-Ана еміне елжіреп, көкжиектен көл-көсір мейірім-шуағы төгілген масаты шақтан бастап адамзаттың жайдармен тіршілік-әрекеті сәруар сарында сабырсыз өрбиді.
Үлпілдей үркектеген үйрек-қаздың айдын бетін аймалай жапқан көгілдір қанаты кербез көсіледі. Сауық-сайран салған үлкен-кіші мәз-мәйрам қалыпта бір-біріне алғыстарын жаудырып, емен-жарқын сәлемдесіп, айнала айнадай нұрға малынып, мейірлене мерейленер, масаттана марқаяр мезеттің көктеммен бірге ілесе келуі сірә, бекер болмаса керек-ті.
Көктемнің алғашқы айының басы 1-і – Алғыс айту, 8-і – қыз-келіншектер мейрамы, 14-і – жыл бастауы – Көрісу күні, 22-сі – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі. Айтайын дегенім, тұтастай бір айға жуық уақытымыз мерекемен өтеді екен. Құдай-ау, кейде осының өзін көпсініп, қимайтын пенделердің іштарлығын түсінбейсің. Адамзаттың бір-бірімен арқа-жарқа қауышуы, шаттықтан жүздері бал-бұл жайнап, ризашылық сезімге бөленуі өмірдің бір ғанибеті емес пе? Мәселе көпте, азда ма екен?! Мерекенің мән-мағынасы айтарлықтай рөл атқармай ма? Мысалы, бұлардың қай-қайсысына да тек жақсы сөз арнау, амандық-саулық тілеу, мейірім мен ізгілікке үндеу тән, түпкі идеясы қорыта келгенде – ортақ. «Жақсы сөз жан семіртеді, жаман сөз жан кейітеді» дейді халқымыз. Сол айтқандай, сөз қадіріне жете мән берген атам қазақ баласын: «Қарғыс алма, алғыс ал» деп, бір ауыз сөздің құдіретіне байыппен бағындыра білген.
Бұл мезгіл несімен ерекшеленеді? Адамдардың өздеріне жақын, аяулы жандарын іздеуімен, бір-біріне жақсылық жасауға асығуымен құнды болып саналады. Отбасы мүшелерінің бірі қалмай жиналып, дастарқан басында бас қосады. Туған-туыс бауырлар жақындарына рухани сый-сияпат жасап, жарасымды жағдай орнығады. Ата-аналар ардақталады. Ұлттық құндылықтар ұлықталады. Ежелгі салт-дәстүрлеріміз жаңғырады. Қазақтың киіз үйі тігіліп, ұлттық жауһарлар сан қырынан насихатталады. Түрлі қайырымдылық іс-шаралары арқылы Қарттар мен Балалар үйлеріндегі рухани көмекке, демеуге мұқтаж мұңлықтардың жүрегін мейірім отымен жұбата білудің өзі не тұрады десеңші! Әсіресе мұндай дәстүрлердің жер-жерде кеңінен қолдау тауып, жыл санап артып келе жатқаны қуантады.
Жақында Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданындағы «Шаңырақ» отбасы клубының жетекшісі Камира Сләмбекқызынан хат келді. Автор Асықата кентінің тұрғындары 82 жастағы Владимир Цхай мен 78 жастағы Галина Овчинникованың Ділдәбеков ауылдық округіндегі Алпамыс елді мекенінің тұрғыны 93 жастағы Жүніс Үсентаев ақсақалдың үйіне алғыс айтуға барғандарын жазады. Бір кездері тағдыр тәлкегімен қазақ топырағына табан тіреген өзге ұлт өкілдерін Жүніс ақсақалдың жат тұтпай, құшақ жая қарсы алып, өз үйін паналатқанын, тұрмыс-тіршілігін түзеп, қатарға қосылуларына қолұшын аямай созғанын тілге тиек еткен олар ақсақалдың ауласына құрмет сезімінің белгісі ретінде «гибискус» гүлінің көшеттерін отырғызды. Қазақы салт-дәстүр бойынша қарияның иығына шапан жауып, заттай сыйлық табыстады. Ардагермен бірге қазақтың небір дәстүрлі мерекелерін бірге тойлап келе жатқан көршісі Хамро Машрапов бір қап ұн әкелді, дейді. «Менің де әжем екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда бір неміс отбасы мен татар қызын бауырына басып, асырап, қамқорлығына алған екен», деп аяқтайды автор хатын. Былай қарасаңыз, соншалық бір елең еткізерлік үлкен жаңалық емес сияқты, әрине. Бірақ өсіп келе жатқан кейінгі жас ұрпақ мұндай өнегелі өмір жолдарынан әрдайым тәлім-тәрбие алып өссе екен дейсің ...
Күн сайын өзіңді қоршаған ортаңнан, қызметтес әріптестеріңнің іс-әрекетінен кемшілік іздемей, өкпе-назға ерік бермей, ашу шақыратын келеңсіз жайттарды тізбектемей бір сәтке болсын бір-бірімізге күлімсірей қарап, жақсылығымызды асырсақ несі айып?! Күн көзі шуағын төккенде әдепкі дағдымен барлық жерде көше бойындағы жыралар мен жылғаларды қыстың лайсаң қалдығынан тазарту жұмыстары қызу басталып кетеді. Адам баласының тіршілік әуені жыл мезгілімен етене егіз дейтініміз содан-ау. Бір-біріне деген өкпе-ренішін, нала-назын осы айда солай жуып-шаятын, көкжиегін мұнарлы бұлттан тазартып, бір-бірімен қимас сезіммен табысатын бұрынғы үлкендердің өнегелі өмір әуенінен әрдайым тәлім алып отырсақ, қанеки. Жүректің көзі бітелсе, сана-салтты қараңғылық қаптайды деп есептеген көне көз қарияларымыздың аузынан Наурыздың қадір-қасиеті жайында небір тұшымды әңгімелерді ақылмен естіп өскен ұрпақ үшін мұнан асқан құнды мұра болмаса керек-ті...
Әңгімеміздің басында: «Мынадай мереке бізге керек пе өзі?» деген сыңайдағы алуан сипатты алыпқашпа пікірлердің кейде қылаң беріп қалып жататынын айтқан болатынбыз. Кім не десе, о десін, өзімізге наурыздағы қай мереке болсын ешкімнің одан тыс өмір сүре алмайтынымен, адамзаттық асыл қасиеттерді дәріптеуімен, жүрекке мейірімнің мейіздей дәнін себуімен өте-мөте маңызды.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»