• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Наурыз, 2018

Бала психикасына кім жауапты?

2818 рет
көрсетілді

Бүгінде жұмысбасты ата-ананың бала жайын ойлауға мұршасы келе бермейтіні рас. Балаға барын әперіп, аш қалмау жағын ойлау бір басқа, оның психологиялық жай-күйіне мән беру мүлде бөлек. Өсіп келе жатқан ұл-қыздың не ойлайтынына әдетте көп ата-ана мән бермейді.

 

Баламен жиі сөйлесіп, құрбысындай ойын ашық айтуға үйрету керек дейміз. Бірақ әр баланың әңгімесін тыңдап, оған ақылын айтып отыруға ата-аналар уақыт таба бермейді. Үйде бала тәрбиесін өз мойнына алған ата-әже болса бір жөн. Бірақ бүгінде көпшіліктің осы ата-әже деген дәрежені иеленген аға ұрпаққа да айтар назы бар. Немере бағудың белгіленген ережесі жоқ. Баланы былай тәрбиелеу керек деп нақты бір бағытты нұсқауға да болмас. Өйткені әр баланың қалауы басқа, жан-дүниесі бөлек. Әр бүлдіршіннің өмірге өзіндік көзқарасы бар.

Қазіргі кезде тәрбиенің үздік үлгісі ретінде жапондар­дың бала тәрбиесі көбірек айтылады. Иә, жапон отбасында ұлдың да, қыздың да тазалыққа жақын жинақы, тәртіпті болуы үшін ата-анасы көп еңбек етеді. Біреудің ала жібін аттамауға үндей­тін ұлттық даналық, істі дер кезінде атқаруға жете­лей­тін тиянақтылық, отбасы және қоғам алдындағы жауап­кер­шілік жапон баласының санасына жарық дүние есігін ашқан сәттен бастап құйылады десек артық емес.

Соңғы жылдары қазақ қо­ғамында жасөспірімдердің ғана емес, бастауыштағы бала­лардың да күйзеліске жиі ұшы­райтыны туралы мәселелер көтеріліп жүр. Мамандар мұ­ның себебі балалардың дұрыс тамақтанбауы салдары­нан ағ­зада қоректік заттар жетпе­ген­діктен деп түсіндірсе, сарап­шылардың бір тобы отбасы жағ­дайымен және әлеуметтік мәселелермен байланыстырады. Бұған ата-ананың баламен жиі әңгімелеспеуін, яғни ұл-қы­зы­ның пікіріне құлақ аспа­уын да қосуға болады. Ғалымдар баланың ой-жүйесі дұрыс ж­етілу үшін отбасындағы үл­­кен­­дер оны материалдық тұр­­ғы­да қамта­масыз етіп, «бас­­­қасын өзі біле­ді» деп қоя сал­май, ұдайы пікірін біліп, әр­түрлі мәселелер төңі­ре­гін­де сөйлесіп отырған абзал дейді. Өйткені әрбір жас өс­кін­­нің белгілі бір нәрсеге қатыс­ты өзіндік ойы болады. Ере­сек­тер болса «жас қой» деп, ұл-қызының айтқанына көп жағдайда көңіл бөлмейді.

Уэйтли деген данышпан «Баланың болашағын қам­тамасыз етті деп, оған мол дү­ние-мүлікті мұра ғып қал­дыр­ған адамды емес, еңбекқор­лықты бойына сіңіре білген жанды айтса керек», деген екен.

Балалар күйзеліске, күрделі психологиялық шиеленісті жағдайға тап болмауы үшін мамандар ата-аналарға алуан түрлі кеңес ұсынады. Жуырда ЮНИСЕФ Балалар қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласында жасөспірімдердің психикалық денсаулығына қатысты халықаралық жиын өтті. Жиынға қатысқан педагогтар мен денсаулық сақ­тау мекемелерінің өкілдері жас­өспірімдер арасында кез­десетін өмірден түңілу тәрізді қауіпті жайттардың алдын алу мәселесін талқылады. Дү­ние­жүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде жыл сайын жас­өс­пірімдердің 10 пайызы пси­хо­логиялық күйзеліс сал­дары­нан өз денсаулығына зақым жасайды екен. Шамамен 67 мың бала соның салдарынан өмірмен қоштасады деген жан­түршігерлік ақпараттар бар.

Өмірден түңілу факторларына тек кедейшілікті кінә­лауға болмайды. Әлемдегі аса бай мемлекеттерде 11-15 жас аралығындағы әр төртінші ба­ла­ның апта сайын жүйкесі сыр беру, әлсіздік, ұйқысыздық сияқты жағдайларға душар бо­латыны анықталған. Осын­дай психологиялық күйзе­ліс нә­ти­жесінде орын алатын өзіне өзі қол жұмсау фак­­тор­ларының алдын алу мақсатында Қазақстан Үкіметі ЮНИСЕФ-пен бірігіп, тиісті бағдарламаларды қолға алуда. Республика Үкі­меті­нің жасөспірімдердің пси­хи­калық денсаулығы мен өмір­лік дағдыларын қалыптас­тыру, өзіне өзі қол жұмсау фак­тор­лары­ның алдын алуға ба­ғыт­т­алған жобалары бірнеше об­лыста жүзеге асырыла бас­та­ды. Мектеп психологтары да балалардың жаман ойдан арылуына көптеп үлес қосу­да. Бірақ балаға сырттай ық­пал емес, отбасының ішкі ық­па­лы маңызды екенін естен шығар­майық.

«Bilim Foundation» қоры­ның басшысы Е.Айтмұхамбетов­тің айтуынша, республика­да суицидті бастапқы деңгейде анықтайтын ерекше жоба қолға алынған. Иә, ұлт тағдыры әр баланың тағдырынан бас­талады. ЮНИСЕФ Балалар қоры­ның Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный «Жасөс­пірімдердің психикалық ден­саулығын нығайтуға жаңа тәсіл­дерді енгізу арқылы Қазақстан психикалық ден­сау­лықтың жаһандық білім жүйесіне өлшеусіз үлес қосу­да», деді. Дүниежүзілік психиатриялық ұйым, Еуропа­лық психиатрия­лық ұйым өкіл­дері де балалар­дың сана­сындағы ауытқу­шылық­тарды болдырмаудың амалдарымен бөлісті.

Шетелдік сарапшылар баланың психикалық жай-күйінің қалыпты деңгейден ауытқу факторларына мынаны қосады: тым бұйығы болу, ызақорлық, шектен тыс қор­қақтық, бағынбастай бұзық болу, көңіл-күй құбылмалығы, басқа балаларға қосылмай бөлек жүру, ойынға қызықпау, түнде ұйықтай алмау. Сондай-ақ үнемі шаршап жүру, өзін өзі жек көру, басқалар оны жек көреді деген ойдан арыл­мау, құлағына түрлі дыбыстар­дың естілуі сияқты факторлар бала психикасы өте қауіпті жағ­дайда екенінен хабар береді. Жа­сөспірімдер арасында кездесетін тамақ­саулық – бас­қаны ойламай, есіл-дерті тамаққа ауып тұра­тын қомағайлық ауруы да психи­калық жай-күйінің жақсы еместігін танытады.

Жасөспірім баланың мінез-құлқындағы ауытқушылықты өтпелі кезеңге ғана телу дұрыс емес. 13-15 жас аралығындағы жеткіншектердің айналасына селқос қарайтын апатиялық күйі, ойын жинақтай алмауы, тәбетінің бұзылуы, жүрек, асқазан ауруларының жиі мазалауы, ұмытшақтық, маңызды мәселелерге де селқос қарау, өз іс-әрекетіне жауап бермеу, түнде ұйықтай алмау, жал­ғыздыққа ұмтылу, темекі, арақ сияқты нәрселерге әуестік тәрізді жайттар байқалса, бұл баланың қауіпті жағдайда тұрғандығын білдіреді.

Бала тәрбиесін толығымен мектепке ысырып тастап, одан қалса, бала күтушісі мен мектеп психологына жаба салу, бар мәселені сынып жетек­шісінің мойнына іліп, өзін ұр­пағын материалдық жағынан қамтамасыз етуші деп қана білетін ата-аналар саны соңғы жиырма бес жылда көбей­гені рас. Қазіргі таңда оқушы­ның мінез-құлқында, қимыл-әрекетінде түсініксіз өзгерістер байқалса, мектеп психологына жүгіну үрдісі белең алған. Алайда баланың адам болып қалыптасуынан бастап ол алатын тәрбие ең алдымен ата-анасына, отбасына қатысты екенін ұмытпаған абзал. Мектеп психологы, ұстаздар бала тәрбиесінде қосалқы рөл атқарады, тәрбие тетігі ата-ананың қолында болуы тиіс. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге де ата-ана жауапты. Егер жас­өспірім өзіне немесе төңірегіне қандай да бір зиян тигізсе ең алдымен ол білім алатын мектеп емес, ата-ана жауапты екенін ескеру керек. Пси­холог немесе басқа да мамандар баланың бойындағы үрей­ді уақытша сейілтіп, ол бейімделе бастаған жаман әдеттен уақытша арылтуы мүм­кін. Бірақ бала бойындағы, ой-жүйесіндегі өзгерістерді сырттағы маман емес, алдымен өзінің туған ата-анасы байқайды ғой. Сондықтан қай жастағы бала болса да оның қалыптасуына қажетті игілікті ата-анасы дер кезінде бойына құя білгені абзал.

Э.Хаббард деген америка­лық жазушының «Баланы оқыту дегеніміз – мұғалімнің көмегінсіз дамуына қабілетті болуға үйрету» деген сөзінде үлкен мән бар. «Оқыту» тек мектептегі ұстаз міндеті деп қабылдамау керек. Бала білімді мектептен ғана емес, үйде, отбасындағы ересектерден алса ғана толық тұлға болып қалыптасады. Бүгінде қалалық жердегі қазақ отбасыларының көпшілігіне тән көрініс – мектептен тыс уақытта балаларды ойын-сауық орталықтарына апару әдетке айналған. Іші қапы­рық, тауарға толы дүкен­дерден басқа ештеңе жоқ сауда орталығының ішінде қы­ды­руға бірнеше сағатын жібе­реді. Қалалық, аудандық кітап­ханаларға осынша уақытын жібере ме екен? Мысалы, Ал­мат­ы қаласындағы кітапха­наларға бара қалсаң, өзге ұлт­ өкілдерінің баласына үйде оқуға бірнеше кітаптан алып тұрғанын байқайсың. Ере­сек­­терге арналған кітап­ха­на­ны айтпағанда, И.А.Кры­лов атын­дағы Балалар кітап­хана­сына қай уақытта бас сұқсаң да оқу залында отырған қазақ баласын көрмейміз. Қашанда орыс тілді ата-ана кітап алып, бұрын алған кітабын өткізіп жатады.

Бір жағы электроника дүке­ні, екінші жағы киім-кешек бутигі дегендей, рухани берері жоқ сауда орта­лы­­ғы­ның ор­тасындағы қапы­рық фойе­де сенделу бала­ның ой-өрісін кеңейтуге еш­қан­дай көмек бермейді, тіпті ден­сау­лығына зиянды. Оның орны­на табиғи ортада, мәсе­лен, тауға, көл жағасына, тіпті ауыл­дағы туыс­тарына апарып, дем­алдырса, бала үшін әрі тәр­бие, әрі демалыс болар еді. Үнемі тар көше­де, төрт қа­быр­ғамен қоршал­ған үй ішін­де уақыт өткізген бала күй­зел­іске ұшырамағанда қай­теді? Ғалымдар зообақта қамап ұстаған хайуандардың да ауруға тез шалдығатынын анық­таған. Бала тар жерде қамап ұстайтын хайуан емес. Қап­таған техниканың (ұялы телефон, теледидар, компьютер, т.б.) ортасына «қамап қойып» ой-санасын тұншықтырған соң бала психикасы да қыспаққа қамалады. Баланың санасы сергек болуы үшін ата-ана тәр­бие ауанын материалдық ортамен шектемей, рухани бағытқа да бұрғаны жөн болмақ.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА

Суретті түсірген Ерлан Омар