Жақында Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде «Нұрлы жүрек» қайырымдылық клубының ұйымдастыруымен «Мейірім шуағы» атты көңілді толқытқан, өзгеше концерт өтті.
Өзгешелігі сол, мүмкіндігі шектеулі балалар бұл күні қаладағы Шалқар Мұхамғалиев, Влад Лоскутов секілді әнші жастармен бірге ән шырқап, би биледі. Әсіресе Айзар Айдостың қоларбада отырып орындаған «Қайтер едік өмірге келмегенде» әнін айтқандағы мұңды дауысы залдағы жұртшылықтың көзіне жас үйірді. Мәдени шара аяқталғаннан кейін «Үлбі» мүмкіндігі шектеулі балалар орталығының тәрбиеленушісі, церебральды сал ауруымен ауыратын балғын Роллан Сымбатов сахнаға шақырылып, оған осы университеттің түлегі, жеке кәсіпкер Мирас Сайнолдин көмек ретінде 200 мың теңгені табыс етті.
«Нұрлы жүрек» қайырымдылық клубының жетекшісі, оқу орнының сәулет факультетінің 3-курс студенті Нұргүл Базылқызының айтуынша, Роллан емделу үшін жақында Қытай еліне бармақ. Онда барып, тек тіркелу үшін ғана 2,5 миллион теңге керек. «Былтыр «Нұрлы жүректің» мүшелері Ролланның өз елімізде емделуіне 500 мың теңге қаржы жинап берген болатын. Ал 2,5 миллион теңге сәуір айына дейін жиналуға тиіс. Одан кейін қанша рет шақырады, қанша қаржы жұмсалады. Ол жағы әзірге белгісіз», – дейді Нұргүл.
Реті келгенде айта кетейік, «Нұрлы жүрек» қайырымдылық клубы осыдан тура бір жыл бұрын жұмысын бастапты. Клуб мүшелерінің барлығы да – осы университеттің белсенді студенттері. Елуге жуық мүшесі бар клуб мүмкіндігі шектеулі, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мақсатында құрылыпты. Осы шараға Айзар Айдос есімді мүмкіндігі шектеулі баланың әжесі Маржан Шәбиева арнайы келіпті. «Менің немерем жүре алмайды. Арбаға таңылған. Мына студенттерге мың алғыс. Келіп, жағдайымызды біліп, сыйлықтарын әкеліп тұрады», деп ризашылығын жеткізді. Кеш соңында «Үміт» балалар үйі, «Үлбі» мүмкіндігі шектеулі балалар орталығы мен «Ақниет» интернатының 130 тәрбиеленушісіне сыйлықтар табыс етілді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН