• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Наурыз, 2018

Дәстүр: Адалдық жоралғысы

459 рет
көрсетілді

ХVІІІ ғасырда Жәнібек Бер­дәулетұлы дейтін батыр өмір сүр­ген. Шамамен 1714 жылдары туып, 1792 жылы дүниеден өт­кен. Осы кісі өзінің ұрпақ-жұ­рағатына қаратып:

Аумағың, ауылың, асың адал болсын,

Адалдың қайыры бар, арамның зайыры бар,

Ісің адал болса, тілегің қабыл болды!

– деп өсиет тастаған дейді.

Батырдың өсиетін орындау үшін кіндігінен тараған әулет «Адалдық жоралғысы» дейтін дәстүр белгілейді. Оның тәртібі былай: әр жылы мал төлдеп, қозы-лақ қара құлақтанған, аға­шы бүр жарып, шөп шалғындап, жер жасылданып, ақ молайып, мал сөлденген маусым айында батырдың барлық үрім-бұ­тақтары жиналып жоғарыдағы дәстүрді атқарады.

Әуелі ақ дастарқан үстінде жас шыбықтар әкелінеді. Ал­дымен әулеттің үлкені бас болып, батырдан қалған мұ­ра кездікті қолына алып, көп­шіліктің алдында: «Менің – асым адал, сө­зім – адал, ісім – адал», деп қо­­­лындағы кездікпен жас шы­бық­ты кеседі екен.

Егер де біреуге өтірік айтып алдаған немесе өсек таратқан, ұрлық жасағандары болса, көптің алдында тәубеге келіп, күнәсін мойындап, кешірім сұрайды екен. Мұндайда әулет­тің үлкендері шешім қабылдап, зияндалушы жақтан кешірім сұрап, тіпті шығыны болса өтеткізген. Егер зиян келтіруші туыстың шығынды өтейтіндей дүниесі болмаса, ағайындары көмектескен.

Мұндай дәстүрден кейін әу­леттің адамдары жыл бойы өзін, сөзін, ісін жамандықтан сақтап, жы­лына бір келетін жоралғыға ұялмай бару үшін адалдық жолынан таймауға тырысып, өмір сүрген.

Бұл дәстүр Алтай-Зайсан өңі­рінде жаңа низамға (қазан төң­керісі) дейін сақталып келген. Қа­зір жоқ. Осындай бір ғана дәстүр қан­шама жыл, қаншама адамды жа­мандықтан сақтап келді. Қайран қазағымның дәстүрлері-ай.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»