Астана әкімі 12 көпбалалы ананы марапаттап гүл шоқтарын табыстады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Бүгін Астана қаласы әкімдігінде Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға 200 ден астам қыз-келіншек қатысты. Әсет Исекешев қыздарды көктем мерекесімен құттықтап, еңбекте табыс тіледі. Мерекелік шараға келген қыз-келіншектерге қызғалдақ гүлін сыйлады.
«Сіздердің мерекелеріңіз көктемгі шуақпен, адамзатқа жылылық әкелуде. Біздің ұлт қашанда ананы ардақтап, құрметтеген. Ана отбасының жылуы, ұйытқысы. Сіздер аналық парызбен қатар біздің қоғамның дамуына да елеулі үлес қосудасыздар. Қымбатты аналар, қыздар, сіздердің кішіпейілділік, даналық, түсіністік пен қолдауларыңызға рахмет», - деді әкім.
Сондай-ақ, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елімізде Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының арқасында гендерлік саясатқа, ана мен баланы қорғауға басым көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.Кездесу соңында 10 көпбалалы ана - «Күміс Алқа», екі ана - «Алтын Алқамен» марапатталды.