• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Наурыз, 2018

Жаһандық қауіпсіздік жолындағы кезекті қадам

809 рет
көрсетілді

Қазақстанның ядролық қауіпсіз әлем құру бағытындағы игі бастамалары халықаралық қоғамдастықтан қолдау тауып келе жатқаны белгілі. Еліміз бүгінде жаппай ядролық қаруларды жою және таратпау ісінде көшбасшы ел ретінде танымал. Осы орайда Қазақстан тағы бір маңызды қадам жасады. Нақтылай айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуының 26 жылдығына орай, БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Ядролық қаруға тыйым салу туралы Шартқа қол қою рәсімі өтті.

Тарата айтар болсақ, Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың 2018 жылғы 9 қаң­тардағы №617 Жарлығымен бе­ріл­ген өкілеттілікке сәйкес атал­ған Шартқа Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров қол қойды.

Ядролық қарусыздану тари­хындағы алғашқы заңдық күші бар құжатқа айналған Шарт­тың мәтінін әзірлеуге және оның қабылдануына Қазақстан бел­сенді түрде қатысты. Құжаттың не­гізгі ережелері әлемдегі төр­тінші ең ірі ядролық арсенал иесінен ядролық қару­сыз­дану мен таратпау саласын­дағы көшбасшы мемлекетке ай­налудың өнегелі жолын көр­сеткен Қазақстанның қағидат­ты ұстанымына толық жауап бе­реді. Еліміздің мұндай ерен же­тістіктері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі ең ірі екінші ядролық полигонды жабу, қырғиқабақ соғыстың ядролық мұрасынан бас тарту сияқты тарихи шешімдерінің арқасында мүмкін болды. Біздің ядролық ста­тустан арылуымыз кездейсоқ ше­шім болған жоқ. Ол керісінше ядролық сынақтардың бар қа­сі­ретін өз көзімен көріп, үшінші буындағы ұрпақтарымыздың осы қарудың ауыр салдарын басынан өткеруін жете ұғынған жауапты мемлекеттің аңдап басқан қадамы болды.

Бірқатар мемлекеттердің, со­ның ішінде жетекші елдердің қару­сыздануға мойын ұсынбауына қара­мастан, Елбасы әлемдік қоғам­дас­тықты ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізуге шақыруын табандылықпен жалғастыруда. Биылғы 18 қаңтарда Қазақ­стан төрағалығымен ұйымдас­тырылған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау: сенім шаралары» атты жоғары деңгейдегі тақырыптық жиын барысында Қазақстан Пре­зиденті 2045 жылға қарай, яғ­ни БҰҰ-ның 100-жылдық мерейтойына орай ядролық қарусыз әлем құруға қайта үндеді. «Күш ядролық бомбалар мен зымырандарда емес. Нағыз қорғаныс амалдары халықаралық қоғам­дас­тықтың өзара сенімділігі арқы­лы қамтамасыз етіледі», дей отырып Елбасы БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің отырысында бар­лығын сенім шаралары не­гізін­де ядролық арсеналдарды тү­бегейлі жою арқылы ғана оны қол­дану немесе қолдану қаупін бол­дырмаудың жалғыз әрі абсолют­тік кепіліне қол жеткізуге болатынына сендірді.

Сонымен қатар Елбасы ядролық апатты болдырмау үшін ядролық державаларға адамзат алдындағы зор жауапкершілік жүктелгенін атап өтті. «Әсіресе ірі ядролық державалар ядросыз әлем құру үшін күрестің алдыңғы шебінде болып, жаппай қырып-жою қаруларын қыс­қар­тудың үлгісін көрсетуі қажет. Бірақ бұл басқа елдер сырт қа­луға тиіс, олар ештеңеге ықпал ете алмайды дегенді білдір­мейді. Екінші жағынан, егер ірі яд­ролық державалар өздерінің ядро­лық статустарын сақтап, қару­ларын жетілдіретін болса және басқаларына мұндай әре­кеттерге баруға тыйым салса, бұл оң нәтижелерге алып кел­мейді. Сондықтан мен бұл бағыт­та бәрін бірлесіп күш-жігер жұм­сауға шақырамын», – деген тұ­жырымдамасымен бірге Н.Назарбаев, БҰҰ Жарлығында жазылғандай, қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпті құрудағы Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше рөлі мен және тарихи миссиясын еске салып өтті. Елбасы адамзаттың XXI ғасырда жаппай қырып-жою қаруларынан азат әлем құру үшін лайықты жолдан өте алатынына сенімін білдірді.

Негізінде, жаппай қырып-жою қаруы­ның үш түрінен (ядролық, химиялық және биологиялық) ядролық қаруға ғана заң­ды түрде тыйым салынбаған болатын. Осы­ған байланысты Шарттың негізгі түйі­ні ядролық қаруға толық тыйым салу туралы ережелерді қамтитын «Тыйым салу» атты 1-бабы болып табылады. Атал­ған Шарт халықаралық құқықтық сала­дағы осы бір заңдық кемшілікті жою­ға бағыт­талған және ол ядролық қаруды жоюдың алғашқы қадамына айналып отыр.

Айта қарудың түбе­гейлі жойылуына әкелетін ядролық қаруға тыйым салу туралы заңдық міндет­теуші күші бар осы құжатты әзірлеу бойынша БҰҰ кон­ференциясы екі кезең бойынша, яғни, 2017 жылғы 27-31 наурыз және 15 мау­сым-7 шілде аралығында Нью-Йорк қаласын­да өткізілген. Соның нәтижесінде Ядро­лық қаруға тыйым салу туралы Шарт ашық дауысқа салынып, 124 мемлекеттің 122-сі оны қолдаған. Ал бір мемлекет (Нидерланд) оған қарсы дауыс берсе, енді біреуі (Сингапур) қалыс қалған.

Бұл конференция барлық мемлекеттер қатысуы үшін ашық түрде өткізілді. Алайда де-юре және де-факто ядролық қаруы бар тоғыз мемлекет және олар­дың одақтастары аталған келіссөздерге қатысудан бас тартқан.

Осы күнге дейін Шартқа 56 мемлекет қол қойып, олардың ішінде бесеуі оны ратификациялап үлгерген. Қазақстан бұл құжатқа 57-ші мемлекет ретінде қол қойды. Шарт елуінші ратификациялық грамотасы сақтауға өткізілгеннен кейін 90 күн өткен бойда өз күшіне енетін болады.

Бұл құжат әлемдік қоғамдастықтың басым көпшілігінің ядролық қауіптің сақталуына қатысты алаңдаушылығы мен оған қарсы саяси күш-жігерінің көр­сет­кіші ретінде қарусыздану тарихынан өзіндік орнын алады деп күтілуде.

Жалпы, тәуелсіздіктің алғашқы күн­дері­­нен бастап ядролық қарусыз әлем құру жолын таңдаған Қазақстанның өнеге­лі жо­лы әлемдік биік мінберлерде айты­лып жүр. БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші мерей­той­лық сессиясының жалпы пікір­та­лас­та­рын­да «ядролық қарусыз әлем құру­­ды XXI ға­сыр­дағы адамзаттың басты мақ­­саты етуге» үндеген Мемлекет басшы­сы­ның баста­масына сәйкес, 2015 жылғы 7 жел­тоқсан­да БҰҰ Бас Ассамблеясымен Ядро­лық қару­дан азат әлемге қол жеткізу тура­лы Жалпыға бірдей декаларация қабылданды.

Әлемдік қоғамдастық ядролық қару­­сыз әлемге қол жеткізу бойынша бар­­лық мүмкін деген шараларды жүзе­ге асы­ру­ға тырысып келді. Осы орайда, бұл қа­был­­данған Шартты БҰҰ-ға мү­ше мем­­лекет­­тердің көпшілігінің ядро­лық қару­сыздану саласындағы игілік­ті іс­терге қол жеткізуге деген айрық­ша ұм­тылысы­ның нәтижесі деп қарастыруға болады.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»