• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Наурыз, 2018

Елбасы Үндеуін бірауыздан қолдады

295 рет
көрсетілді

Астанада Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті. Оған елдегі саяси партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. 

Жиын Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараға төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бұл Үн­деу Қазақстанның әлеуметтік жаң­ғыруындағы бес басым бағыт­ты айқындап берген бірегей бағ­дарламалық құжат екенін айтты. Сондай-ақ Елбасы ұсыныстары халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша әсерін тигізетінін атап көрсетті.

«Бүкіл әлем бойынша мем­ле­кеттік әлеуметтік бағдар­ла­малар кейінге шегеріліп, үкіметтер бұрынғы міндеттерінен бас тартып жатқан аумалы-төкпелі шақта Мемлекет басшысы осындай батыл бастамаларды қолға алып отыр. Осылайша Елбасы кезекті рет Қазақстан үшін халқының әлеуметтік жағдайы әрдайым басым бағыт болып саналатынын іс жүзінде дәлелдеп берді», деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ М.Әшімбаев қа­зіргі таңда халықтың ең бас­ты әлеуметтік мәселесі баспана екеніне тоқталып, мұны ше­шу үшін атқарылып жатқан жұмыстарды мысалға алды. Мә­селен былтыр рекордтық дең­гейде 11 миллион шаршы метр­ден астам тұрғын үй салынған. Әйт­се де партия Төрағасының орын­басары әлі күнге дейін көп­теген қазақстандықтың пәтер­ге мұқтаж екенін айтып өтті. Сон­дықтан да Президенттің бастама­ларын жұртшылық қуана қабыл­дауда.

Партия Төрағасының орынбасары Үндеуде баспа­на мәселесі, жалақысы төмен аза­маттардың салық жүктемесін азайту, жоғары білімнің қол­жетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастарды жатақханамен барынша қамтамасыз ету, шағын несие көлемін ұлғайту, бірнеше қалаға газ тарту мәселелері ұсынылып қана қоймай, оларды іске асыру тетіктері де нақты көрсетілгеніне назар аударды.

«Президенттің барлық бас­тамасы жан-жақты сарапталып, зерделенгенін және оларды жүзеге асыруға нақты қар­жылай негіз бар екенін атап өт­кен жөн. Соның арқасында қазақ­стандықтар Елбасы тапсыр­маларын жүзеге асырудың нә­ти­желерін таяу жылдары сезіне алады. Мемлекет басшысы бұл маңызды бастамалардың жүзеге асырылуын бақылауды «Нұр Отан» партиясына жүктеді. Осы­ған орай Елбасы тапсырмасы партия жұмысының алдағы уа­қыттағы негізгі міндеті болады», деді М.Әшімбаев.

Бұдан кейін сөз алған «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» ең басты назарда қарапайым тұрғындардың мүддесі тұрғанын атап көрсетті. Яғни осы бағдарлама халықтың тұрмысын жақсартып, оларға қажетті, өзекті мәселелердің тиімді шешімін табуды мақсат етеді. А.Перуашев «Ақ жол» партиясы мен оның депутаттық фрак­циясы да Үндеуді қолдап, он­дағы міндеттерді іске асыруға өз үлесін қосуға әзір екенін мәлім­деді.

«Мына нәрсеге назар аудар­ғым келіп отыр. Шағын несиелеу көлемін арттыру, пайыздық және салықтық жеңілдік арқылы кәсіпкерлікті көтермелеуге талпыну құрылыс саласын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі. Яғни осы­ның барлығы түптеп келгенде қарапайым халыққа пайдалы болмақ. Мұның тағы бір мысалын табысы төмендерге салынатын салықтың мөлшерін он есеге азайту жөніндегі шешімнен де байқауға болады», деді «Ақ жол» партиясының төрағасы.

Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының хатшысы, Мәжіліс депутаты Жам­был Ахметбеков Мемлекет басшысының бастамалары әрдайым нақты әрі ел эконо­ми­касының мүмкіндігіне сай есеп­телетінін айтты. Сонымен қатар Елбасының бірер күн бұрынғы Үндеуінде көтерілген баспана, жалақы мәселелері, сол сияқты білім беру мен оның сапасын арттыру Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы ұстанымымен сәйкес келетінін жеткізді.

«Ауыл» халықтық-демо­кра­тиялық патриоттық партиясының төрағасы, сенатор Әли Бектаев Мемлекет басшысының Үндеуін тарихи оқиғаға балады. Сенатор әлеуметтік бастамалар ауыл тұр­ғын­дарына тікелей қатысты бол­ғандықтан, Елбасының Үн­деуін «Ауыл» партиясы да қол­дайтынын мәлімдеді.

Бұдан соң Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы мүшелері, елдегі жетекші партиялар басшылары, Парламент депутаттары сөз алып, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасына» байланысты өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.

Іс-шара соңында елі­міз­дің барша азаматтарын Қазақ­станның әлеуметтік жаңғыруы жолындағы батыл қадам деп бағаланған құжатқа қолдау біл­діруге, ондағы бастамаларды жүзеге асыру жұмыстарына бел­сенді қатысуға шақырған үндеу қабылданды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»