Бүгінде елімізде жүзден астам этностың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Олардың салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап, нығайтуына барынша жағдай жасалып отыр. Осы этностардың арасында Мемлекет басшысы алға қойып отырған міндеттерді барша қазақстандықтармен бірге жүзеге асыруға дайын, әлеуметтік тұрғыда белсенді, ғылым мен мәдениетті дамытуға атсалысып келе жатқан күрд этносы да бар.
Қазақстандағы этномәдени бірлестіктер еліміздегі барлық жетістіктер қоғамымызда салтанат құрып отырған татулық пен келісімнің арқасында болып жатқанын терең түсінеді.
Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған бес әлеуметтік бастамасын ыстық ықыласпен қабылдадық. Мен білім саласының өкілі болғандықтан, Елбасының осы бес бастамасының ішіндегі жоғары білім беру, жастарды қолдау бағытындағы мәселелерді ерекше атап өткім келеді. Өйткені өскелең ұрпақ – біздің болашағымыз, мемлекет тарапынан жоспарланған барлық реформаларды жүзеге асырушы күш.
Менің пікірімше, көтерілген барлық бастамада ауқымды әрі салмақты, онда қазақстандықтарды толғандырып келе жатқан маңызды мәселелер қамтылған. Ондағы барлық мәселелер халқымыздың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған. Нақтылай айтқанда, бұл бастамалар арқылы баспанамен қамту, салықты төмендету, білім беруді сапалы әрі қолжетімді ету, микрокредитті кеңейту, газдандыру секілді маңызды мәселелер шешімін таппақ. Бұл өз кезегінде еліміздің әлеуметтік тұрғыда дамуына мүмкіндік береді. Осы арада ерекше тоқтала кетер жайт, әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, Елбасы бірінші кезекте елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қарапайым халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға баса назар аударып келеді. Бұл көреген басшыға тән қасиет.
Князь МИРЗОЕВ,
«Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының төрағасы, ҚХА Кеңесінің мүшесі
АЛМАТЫ