Маңғыстау облысы ішкі істер органдарында қызмет ететін қыз-келіншектер арасында ұйымдастырылған «Мерген қыздар» сайысына ішкі істер департаменті басқармаларынан 26 қызметкер қатыстырылды. Оқу-жаттығу орталығында ұйымдастырылған сайыста нәзік жандылар өз біліктілігін сынға салды.
Саптағы нәзік жандылардың мергендігін шыңдау бағытындағы сайыс жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Ішкі істер департаментінің қызметкерлері айына екі рет тапаншадан атудың даярлық сабағынан өтіп, жаттығып, тәжірибелерін шыңдап тұрады.
– Департамент басшылығы тарапынан әйелдер мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл сайыс біздер үшін. Ішкі істер органында қызмет атқаратын болғандықтан, қандай тәуекелге де дайын болуымыз керек. Бірінші рет қолымызға қару ұстап тұрған жоқпыз, яғни бізге қолға қару алу үйреншікті жағдай. Сайыста «мерген қыз» атануға әрқайсымыз тырысудамыз, – дейді ІІД штаб басқармасының бөлімше бастығы, полиция ма-йоры Ақмарал Көкенова. Басшылықтың айтуынша, ату даярлық сабағында көрсетілген жаттығуларды әйел қызметкерлер тез меңгеріп алады екен. Өйткені олардың саусақтары басу шүріппесіне өте икемді. Макаров тапаншасы бойынша статикалық және тактикалық екі жаттығудан өткен сайыста жеңімпаз командалар мен жеке мергендер анықталды. Мерген арулар департамент басшылығының марапатына ие болды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы