Жұрт жағдайын жақсартатын жобаларға жол ашылды
Еліміздегі әр азамат мемлекеттің қорғауы мен қолдауын және қамқорлығын сезінетін жағдайға жету – орындалмас арман, қол жетпес сағым емес екен, бұйыртса, жуық жылдарда жүзеге асатын жоталы жобалардың қатарына енгенін естіп-көріп, шынын айтсам, балаша қуандым. Президент Н.Назарбаевтың Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында жаңа әлеуметтік бастамалар көтеріп, жұртшылықтың әл-ауқатын жақсартуға жаңа бетбұрыс басталғанын жариялауы қоғам өміріне наурыздың жаңа лебіндей әсер етті. Елбасы өз Үндеуінде ұсынған 5 бастамасының баршасы мән-мағына, маңызымен жүрекке жылы тиіп, көкейге қонды.
Бірінші – әр отбасының баспаналы болуына жағдай жасау мәселесі. «Отан от басынан басталады», «Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейтін исі қазақ баласы бұл бастамаға қалайша мейірленбесін?! Қазіргі нарық қыспағында отырған кезеңде арзан баспана алу дегеніміз аспандағы айға қол жеткізгенмен бірдей көрінеді.
«Біз соңғы жылдары азаматтарымыздың үй алу мүмкіндігін кеңейту үшін көп жұмыс істедік. Өткен жылы ауданы 11,2 млн шаршы метр болатын қыруар тұрғын үйлер салынды. Бұл – бұрын болмаған рекордтық көрсеткіш. Алайда бұл атқарылған жұмыстар жеткіліксіз. Әлі күнге дейін көптеген отбасында өзінің үйі жоқ. Бұл – әлеуметтік маңызы зор проблеманың бірі. Біз ипотекаға қолжетімділікті арттырып, осы мәселені шешу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы ұсынған, тұрғын үймен жаппай қамтуға арналған «7 – 20 – 25» бағдарламасы тығырықтан жол тапқан ұтқырлығымен көңілден шықты. Озық шетелдердің деңгейімен шендесетін жоба. Ең төменгі 7%-дық ипотекалық несиеге 20%-дық бастапқы жарнасын төлеп қалаған пәтеріңді алу, оны 25 жылдық мерзімде өтеу – қай отбасына болса да үлкен көмек, тәуелсіздік тұсында бұрын-соңды болмаған жақсылық.
Біз қазір төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде өмір сүріп отырған елдердің қатарындамыз. Жер шарында жаһандық осы құбылыс қарыштауда. Бұрынғы үшеуі қандай еді дейсіздер ғой? Біріншісі – ХІХ ғасырда бу қозғалтқышын жаппай қолданысқа енгізу кезеңі, екіншісі – ХХ-ғасырдың басындағы электрлендіру дәуірі, ал үшіншісі осы өткен ғасырдың соңында келген автоматтандыру мен компьютер заманы. Ентелеп келген соңғысы– осы үшінші кезеңнің жалғасы, бірақ анағұрлым жоғары деңгейдегі, киберфизикалық жаңа технологиялар дәуірі.
Біз технологияны өзгертумен шұғылданып жүргенде технологиялар біздің өзімізді өзгерте бастады. Жаһандану жықпылында адасып қалмау үшін қандай қарекеттер керек?
Осы орайда еске түседі. Ұлы Бернард Шоудан бір тілші: «Сіз ғылыми-техникалық революция жетістіктеріне қалай қарайсыз?» деп сұрағанда: «Біз осы ҒТР-дың арқасында суда балықша жүзуді, аспанда құсша ұшуды үйрендік, бірақ жер бетінде адамша өмір сүруді бәрібір үйрене алмадық», деп жауап берген екен.
Шынымен, қалай адамша өмір сүруге болады? Әрине, жауап айқын – адам бола білу керек, адам болып қалу керек дейміз. Дегенмен, бір сәт төмен түсіп, құдайшылығын айтайықшы. Қарапайым адамға ең алдымен керегі не нәрсе? Ең басты қажеттілік – баспана, азық, киім, білім... Басқасы кейін... Ал бәрінің түбі айналып келіп қаржыға тіреледі. Тапшылықтан зәрулік туындайды. Мемлекетің бай болып, қарапайым адамың баспанасыз, аш-жалаңаш, білімсіз болса, киберфизика мен нанотехнология көмектесе ала ма? Міне, Президент Н.Назарбаевтың осы бір қалың бұқара үшін аса маңызды, әлеуметтік мәні зор, өте өткір де өзекті мәселені шешуді батыл қолға алғаны сүйсінтті. Бұл – баспанасыздық проблемасын мейлінше жеңілдететін игілікті, берекелі бастамалар.
Мемлекет басшысы өзінің Үндеуіндегі екінші бастамасында жалақысы төмен жұртшылықтың жағдайын жақсарту үшін салықты 10 есеге азайтып, 1-ақ пайызбен салық салуды ұсынды. Мұндай жағдайда жалақы көлемі анағұрлым ұлғаяды. Бұл да білген адамға зор жеңілдік, үлкен көмек.
«Болашақ – жастардікі» дегенді көп айтамыз. Біз «Болашақ» бағдарламасымен жастарымызды шетелдерде оқытуды сәтімен жолға қойдық. Ол түлектер өз Отанына мол біліммен оралып, Қазақстанның даму жолына лайықты үлестерін қосу үстінде. Оларға хош көңілмен сүйсіне қараймыз. Бірақ өз еліміздегі білім беру жайы қалай? Сын көтере ме? Осы мәселеде, биыл бір жыл толып отырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қазақ тіліне аударылып жатқан «100 озық оқулық» жобасының келешегіне үлкен үміт артатынымыз рас.
Үндеуге үңілейік: «Үшінші бастама. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын. Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, роботты техника, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр».
Міне, мұның бәрі – болашаққа талпынған әрбір қабілетті жасқа туғызылған қосымша тың мүмкіндіктер. Қарапайым қазақ балалары жаңа дәуірге лайық сирек те жаңа мамандықтарды меңгеріп жатса, еліміздің ертеңі жарқын болмай ма?
«Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұрғын орнына жағдай жасауға жете назар аударуымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, сырттан келетіндер қаланың шетіндегі ескі үйлерді жалдап, содан қиындық көріп, зардап шегіп жатады. Мұндайда, әрине, сапалы білім алу туралы айтудың да қажеті жоқ. Бүгінде жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін ЖОО-лар, колледждер және девелопер-компаниялар мемлекет-жекеменшік серіктестігі бойынша жатақхана құрылысын бастауы қажет», деді Елбасы.
Оқу грантын көбейтіп, жатақхана тапшылығын жою дегенімізді – келешекке жол ашу, болашаққа жағдай жасау, жас буынға мемлекеттік қамқорлық, еліміздің ертеңіне салынатын отандық инвестиция деп есептеу керек.
Сондай-ақ шағын несие беру мен аймақтарды газбен қамтамасыз ету туралы бастамалар да халықтың көкейінен шығары анық.
Елбасы өз сөзінде ұсынылған бес бастаманың ойдағыдай іске асуына бірден-бір кепілдік – елдің бірлігі екенін баса айтты. Шынында да, бүкіл берекенің бастауы мен түп қазығы ұлтымыздың тұтастығында жатыр.
Конституциямызда белгіленген әлеуметтік мемлекет ұғымы әр азаматқа мемлекет тарапынан қамқорлық жасаумен өлшенеді. Бұл бастамалар, түбегейлі алғанда, әлеуметтік мемлекетті нығайтуға жасалған нық қадам деп бағалауға лайық. Сонымен қоса қарыштап басқан Қазақстанның халықаралық қоғамдастық алдындағы абырой-беделін де айтарлықтай арттыра түсері сөзсіз.
Еліміздің тілегі – жастар, тірегі – ауыл. Ендеше, олардың мүддесі мемлекет мүддесіне айналғаны бізді неге қуантпасын?!
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
АЛМАТЫ