• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Наурыз, 2018

«Баламды жүз жылға кессе де кешірмеймін»

424 рет
көрсетілді

Қыздай қосылған қосағы, кішкентай шақалағы бар келінінен айдың, күннің аманында айырылып, қан жұтып қалған азамат осылай дейді. Ет жақындарын қандықол қарақшы қырып кеткен жоқ, жар дегенде жалғыз ұлы жайратып тастаған екен.

Бұл сұмдық оқиға Оңтүс­тік Қазақстан облысы Шұбарсу ауылында болды. Бұл ауыл кезінде Шымкент қала­сы тұрғындарының сая­жайы болатын. Сонау бір тол­­қынмен Өзбекстаннан кел­ген ағайын осындағы арзан саяжайларды сатып алып, үл­кен ауылға айналдырып жі­берген еді. Әбді Қожықов та осы топпен Өзбекстаннан көшіп келіп, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жат­қан. Оның жалғыз ұлы жиырма сегіз жастағы Жан­дар­бек кейінгі жылдары күрт өз­геріпті. Есірткі тартады-ау деп шамалайды әкесі. Өз-өзі­мен жүрген соң жалғыз ба­ласын полицияға қайдан ұс­тап берсін. Қояр деген үмі­ті бол­ды. Темекі шеккен Жан­дар­бек түнде далаға шы­ғу­ға қорқады екен. Күніне намазын қаза қылмай оқып, сосын ұйықтай беретін болған.

Қанды оқиға болатын күні себеп болатындай ұрыс-ке­ріс болмаған. Келі­ні дәрі ке­рек деген соң Әбді ақ­са­қал оны дәріханаға жі­бе­­­ріп, Жандарбекке отын әкел деп бұйырады. Сөйт­се ұлы дастархандағы пышақ­ты іле кеткен екен. Ол әйе­лін қуып барып пышаққа жық­­қан соң, айқайды естіп үй­ден шешесі атып шығады. Ке­ліні қорқырап жығылып жатқанын көрген ол ұлынан қорқып, кері қашады. Есірткі көзін тұмандатқан ессіз ұл туған шешесін де пышақтап тастайды. Қанды қырғынның үстінен түскен әкесіне көзі қы­зарған ұл «сіз де өлесіз, мен де өлемін» деп пышағын жа­лаңдатып тұра ұмтылады. Әбді ақсақал елірген баланың қолын қайырып, пышағын алады да, айқайлап көршісін шақырады.

Осылайша, айналдырған бес-алты минуттың ішінде бір отбасының шаңырағы ортасына түскен. Келіні алты ай бұрын босанған еді. Жетім қалған нәрестені қыздың әке-шешесі келіп алып кетіпті.

Отбасы бір күнде ойран­дал­ған Әбді Қожықов бала­сын ақтарға сөз таппай отыр. «Жүз жылға кесілсе де өкін­бей­мін» дейді. Бірақ бір нәр­сенің байыбына барғысы келеді. Әшейінде момын баласына есірткі әкеп беріп, сатып жүрген кім?! Өйткені есірт­кіге еліккен осы ауыл­дың бір тұрғыны баласын пы­шақ­­тап тастаған екен. Яғни адамды ақыл-естен айыратын анашаны сатып, пайда тауып жүрген қаскүнемдер бар. «Соларды тауып, жазаласа», дейді жүрегі қан жылаған бейбақ әке.

Бүгінде бұл мәселемен құ­қық қорғау органдары айналысып жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы