«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, кейбір полиция қызметкерлерінің ағат істерінен кейде көпке топырақ шашу көрінісі кездесіп қалады. Содан жұрттың полицейлерге деген сенімі де ортайып жатады.
Оған әлеуметтік желілерде айтылатындай, азаматтар мен полицияның арасындағы өзара түсініспеушілік оқиғалары да себеп болады. Бірақ полиция қызметкерлерінің адамдарды қорғауда өмірін де қиып жіберетін ерлігі немесе күнделікті тәртіп сақтаудағы игі істері туралы желілерде көпшіліктің жақ ашпайтыны таңғалдырады. Өзім іздеп, полицейлердің атына жазылған бір жылы сөз таба алмадым.
Полиция қызметкерлерін дайындағанда, ең алдымен, олардан адамгершілік пен адалдық талап етіледі, осы жақсы қасиеттерді бойына сіңіру үшін оқу орны тарапынан көп жұмыстар жүргізіледі. Жақында ғана соның қайтарымындай бір оқиға орын алды. Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қызметкері, полиция майоры Ерболат Қайнар мен магистратураның бірінші курс магистранты, полиция капитаны Нұрдәулет Мырзазияев көшеде келе жатып әмиян тауып алады. Олар әмиян ішіндегі жарты миллион теңгесімен иесін тауып, қайтарып береді. Бұл адамгершілік, имандылық емей немене?!
– Біз туысқан інім Нұрдәулет екеуміз келе жатып, үйдің жанында жерде жатқан әмиянды тауып алдық. Басында алуға қымсынғанымыз шындық. Өйткені қазіргі заманда аяқтан шалатын адамдар да болады ғой. Бірақ көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен сондай істің құрбаны болмайық деген оймен сәл кідіріс жасадық та, қарау керек деп шештік. Нұрдәулет жерде жатқан әмиянды көтеріп алып, ішінде құжаты бар ма деп қарады. Ашсақ, әмиянның ішінде 500 мыңнан астам теңге және әмиян иесінің төлқұжаты, басқа да жеке құжаттары бар екен. Екеуміз дереу әмиян иесін іздестіріп, таныс-тамырларға ғаламтордағы әлеуметтік желілер арқылы жазып, қоңырау шалып, 2-3 сағаттай іздестіру шараларын жасап, иесін тауып алдық. Телефон арқылы сөйлескенде әмиянды жоғалтып алған адам оны қайда түсіріп алғанын есіне түсіре алмай қатты қиналды. Сосын біз әмиянды тауып алғанымызды айтып, сүйінші сұрап, оны қайтарып беруге кездесетін жерді белгіледік. Біршама уақыттан соң күткен кісіміз келіп, әмиянын қарап, ішін тексеріп, ақшасы мен құжаттарының орнында болғанына қуанышын білдірді. Міне, осылай кішкентай ғана жақсылық жасаймыз деп, Нұржан (әмиянның иесі, ол аты-жөнін толық жазбауды өтінді) бауырымыздан үлкен алғыс алдық, – дейді Ерболат Қайнар.
Ал әмиян иесі Нұржан:
– Менің академия қызметкерлері Ерболат пен Нұрдәулет бауырларыма алғысым шексіз. Егер де қомақты соманы маған қайтармағанда не болар еді? Қазақта «қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деген жақсы сөз бар ғой. Мұның иманжүзді адамдардың қолына түскенін, маған қайта бұйырғанын үйдегі бала-шағамның несібесі, өзімнің ақ-адал малым екен деп білдім. Бұл жігіттер қоғамдағы полицияның беделін арттыруға үлкен үлес қосты деп ойлаймын, – деді.
Міне, жарты күнге созылған жарты миллион теңгенің оқиғасы осылай жақсылықпен аяқталғаны үлкен абырой болды, баршамызды қуантты.
Мейрам ОСПАНОВ,
ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының баспасөз хатшысы
ҚОСТАНАЙ