Елімізде құқық қорғау қызметін жетілдіру бағытында көптеген игі бастамалар жүзеге асырыла бастады. Расы керек, бұл бағыттағы жұмыстар еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келеді.
Десек те, құқық қорғау қызметін ойдағыдай жетілдіруде көптеген кемшіліктер аяққа оралғы болып жататын. Бүгінде аталған саланы жаңа қырынан жаңғырту арқасында сол бірқатар кемшіліктерден арылуға қол жетті.
Оған не себеп болды? Оған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында өткен жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң себеп болды. Ол үстіміздегі жылдың қаңтар айында күшіне енді. Бірден айту керек, осы заңды қабылдау арқылы қолданыстағы қылмыстық-процестік заңнамаға айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Ең бастысы, көп жылдардан бері қалыптасқан қылмыстық процестегі тәжірибе тәртібі өзгерді. Бұл өз кезегінде құқық қорғау қызметін жетілдіре түсуге жол ашып, заң негізі құқық қорғау қызметін қадағалауды және оған ведомстволық бақылауды күшейтуді талап етеді.
Мұндай іргелі өзгерістерді үлкен жетістік деп әбден айтуға болады. Себебі осы ірі реформалық қадам құқық қорғау қызметін жетілдіруге жол ашып қана қоймайды, ең бастысы, қылмыстық процесті реформалау арқылы заңның үстемдігін қамтамасыз етуге батыл бетбұрыс жасауға негіз қалайды. Өйткені осы кезге дейін үнемі айтылып келе жатқандай, қылмыстық процесті жаңғырту ісі заман талабына және халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Сарапшылар пікіріне сәйкес, бұл заңның да негізгі мақсаты қылмыстық процестегі адам құқығын қорғауды күшейту, тараптардың жарыспалылығын арттыру, сондай-ақ тергеу органдары, прокуратура мен соттың арасында құзыретті нақты бөліп, оның қайталануын болдырмауға, қылмыстық қудалау органдарының қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Демек, қылмыстық процесте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын талапқа сай қорғаумен қатар, күдіктінің ұстауда болу мерзімінің қатаң сақталуы тиіс қағидасы да қалыптаса түседі.
Алайда заң қабылдануын қабылданды. Бірақ енді ең бастысы, оның орындалғаны керек. Міне, осы жайтқа байланысты өткен жылы аталған заң күшіне енгенінен бастап, оның талаптарын бұлжытпай орындау және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында, қылмыстық қудалау органдары мен облыстық прокурорларға тиісті нұсқау жолданды. Оның үстіне заңның нормаларын әркім өзінше жорамалдап қолданбасы үшін әдістемелік ұсынымдар да дайындалды. Олар заңның орындалуын қадағалайтын тиісті құзырлы органдарға жіберілді.
Қылмыстық процесті жаңғырту мәселесі дегенде, ең алдымен азаматтар құқын қорғау кезінде заң талаптары толығымен сақталуы қажет. Алайда ол талаптарды сақтауда бұрмалаушылыққа, қағазбастылыққа салынбас үшін қандай ілкімді амалдар қолданылып отыр? Міне, Конституциямызда айтылғандай, мемлекетіміздің түпкі мақсаты адамның құқын қорғау болса, сол міндеттерді бұлжытпай орындау үшін қылмыстық процесті жаңғырту жұмысына жаңа технологиялар легі енгізілді. Осылайша, бұл бағытты жаңғырту саласында заманауи технологиялардың мүмкіндігі жан-жақты қамтылды. Цифрлы технология өз кезегінде құқық қорғау қызметінде аяққа оралғы болып келген көптеген кемшіліктерді жояды. Соның арқасында құқық қорғау органдарының жұмысы, соның ішінде қылмыстық қудалау қызметін жіті назарда, қатаң бақылауда ұстау тиімді жүзеге асады деп күтілуде. Тергеу әрекеттерін жүргізгенде адамдардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, оларды заңсыз қылмыс процесіне тартпау қатаң сақталмақ. Міне, осылайша құқық қорғау қызметін жетілдіруде, алдымен заң үстемдігінің салтанат құруы басты назарға алынды. Ал оның сақталуы үшін күн сайын бүкіл республикадағы жағдайға мониторинг жүргізіліп отырады. Демек, заң үстемдігі қанат жайып, заңдардың бұлжытпай орындалатынына сенім зор.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»