• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Наурыз, 2018

ШҚО әкімі жұмыс сапарымен Лондонда жүр

268 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бастаған арнайы делегация Ұлыбританияның Лондон қаласында жүр. Жұмыс сапары үш күнге (5-7 наурыз) жоспарланған. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне сүйенсек, аймақ басшысы үш күндік іссапардың алғашқы күнінде «Southwark Integrated Waste Management Facility» қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытын аралап, «Transport for London» қоғамдық тасымалдауды ұйымдастыру жүйесінің қызметімен танысыпты. Іссапардың екінші күнінде Еуропалық қайта құру және даму банкінің бірінші вице-президенті Алон Пилокспен кездесіп, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың екіжақты серіктестік жоспарын талқылапты. Ең маңыздысы, жұмыс сапары барысында облыс әкімі Д.Ахметов пен ЕҚҚДБ президенті Сума Чакрабарти арасында құны 5,6 миллиард теңгені құрайтын «Шығыс Қазақстан облысы қалалары мен аудан орталықтарының көшелерін жарықтандыру жүйесін жаңғырту» жобасын қаржыландыру туралы келісімге қол қойылыпты. Жоба жүзеге асқан жағдайда Шығыс Қазақстанның 630 мыңнан астам тұрғыны бар 6 қаласы мен 11 аудан орталығына 32 мың дана энергия үнемдеуші шамдар орнатылатын болады. Қазіргі уақытта аталған банктің қолдауымен 4,8 млрд теңгеге Өскемен мен Семей қалаларында «ақылды» жарықтандыру жүйелері енгізілуде. Бұл өз кезегінде 25 мың шамды энергия үнемдеуші түріне ауыстыруға мүмкіндік бермек. Келіссөздер барысында аймақ басшысы мен ЕҚҚДБ президенті Өскеменде құны 29,5 миллиард теңгені құрайтын қалдықтарды заманауи жолмен жою және қайта өңдеу жобасын да пысықтап, бірлесе жұмыс істеуге келісіпті.

Елбасы 5 наурыз күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде газдандыру мәселесіне ерекше мән берген-ді. Облыс әкімі Лондондағы іссапарында осы маңызды мәселені де назардан тыс қалдырмай, аталған банк өкілдерін құны 33,3 миллиард теңге тұратын Зайсан, Үржар, Тарбағатай аудандарының 50 елді мекендерін газдандыру жобасына атсалысуға ұсыныс білдіріпті. Кездесу қорытындысында Сума Чакрабарти ЕҚҚДБ-мен бірлескен жобалардың саны мен сомасы бойынша еліміздің аймақтары арасында Шығыс Қазақстанның көш бастап отырғанын жеткізіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Д.Ахметовке «Алғыс хат» табыс етіп, биыл қарашада Пекинде өтетін Орталық Азия форумына қонақ ретінде қатысып, бірлескен жобалардың барысы туралы баяндама жасауға шақырыпты.

Реті келгенде айта кетейік, 2015 жылдан бастап, осы уақытқа дейін облыс әкімдігі мен ЕҚҚДБ 46,1 миллиард теңгенің 10 несиелік келісімшарты пен келісіміне қол қойған.  

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»