• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Наурыз, 2018

Оралда 2 мыңнан аса пәтер, 500 орындық студенттер жатақханасы салынады

205 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысында жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі Батыс Қазақстан облысының активінде қызу қолдауға ие болды.

Облыс активінде баяндама жасаған өңір басшысы Алтай Көлгінов Елбасы ұсынған бастамалар аясында облыста атқарылатын жұмыстардың бірқатарына тоқталды.

Бірінші бастама – «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» Батыс Қазақстан облысында да өткір мәселе болып тұр. «Түрлі кездесулерде, азаматтарды қабылдауларда жиі қойылатын сұрақ та осы баспана мәселесі» деген Алтай Көлгінұлы «Өңірімізде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары 56 мың, ал баспана кезегінде тұрғандар саны 22 мыңнан асты. Президент қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы өңіріміздегі құрылыс саласының қарқын алуына оң септігін тигізуде. Соңғы 2 жыл ішінде 3 мың адам өз үйінің кілтін алды. Оның ішіндегі 700 отбасы жетім-жесірлер, ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен басқа да әлеуметтік топтар өкілдері» деп атап өтті.

Әкімнің айтуынша, 2018 жылы Орал қаласында 2 мыңға жуық пәтерлі көпқабатты үйлердің құрылысы басталып, аудандарда бір және екі қабатты 140 үй салынатын болады.

Екінші бастама бойынша Батыс Қазақстан облысында 73 088 адам (оның ішінде 67 331 жалдамалы қызметкер) салық жеңілдігіне ие болады. Бұлар – айлық жалақысы 60 мың теңгеден төмен қызметкерлер.

Үшінші бастама бойынша айтар болсақ, қазіргі таңда өңірдегі екі мемлекеттік университетте 3 135 студент грант арқылы білім алып жүр. Студенттердің әлеуметтік жағдайын зерделеген сараптама ЖОО-ның – 500, колледжердің – 1750 студенті жатақханамен қамтылмағанын көрсеткен.

- Біз Президенттің бастамасына сәйкес, жатақхана құрылысына көбірек көңіл бөліп, мемлекет пен жекеменшік әріптестігі қағидасында жұмыстануымыз қажет. Сондықтан орта және кәсіптік оқу орындардың студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана салуды жоспарлап отырмыз, - деді Алтай Көлгінов.

«Шағын несие беруді көбейту»

Батыс Қазақстан облысында ішкі жалпы өнімдегі орта және шағын бизнестің үлесі 42 пайызды құрайды. Елбасы тапсырған 50%-дық меже де алыс емес. Биыл өңірде «Bastau бизнес» бағдарламасы бойынша 2 мыңнан аса адам арнайы оқудан өтеді. Олардың инновациялық жобалары 100 АЕК-тен аспайтын шағын несиелермен қамтамасыз етіледі.

Елбасы ұсынған бес бағдарламаның ішінде тұрғындарды табиғи газбен қамту ісі Батыс Қазақстан облысында түбегейлі шешілген десе де болады. 2016 жылы Батыс Қазақстан облысының көгілдір отынмен қамтылуы 93,4% болса, былтыр бұл көрсеткіш 94%-ға жетті. Ірі елді мекендер, ауылдық округ орталықтары түгел газдандырылып, кезек шағын елдімекендерге жетті. 2017 жылы алты ауданда 36 ауылға табиғи газ құбыры тартылды.

Баяндамасын қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлінің: «Көлден үлкен теңіз бар, Елден үлкен неңіз бар?!», «Ең алдымен - ел қамы, Содан кейін қалғаны» деген дана сөздерімен қорытқан Алтай Көлгінов облыс жұртшылығын алдағы көктем мейрамдарымен құттықтап, ел болашағы үшін тынбай еңбектенуге шақырды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»