«Қазақстан» орталық концерт залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Көктем шуағы» атты мерекелік шара өтті.
Бұл жарық тіршіліктегі екі жылуды ерекше сезінбеу мүмкін емес шығар! Бірі ерте көктем лебімен жеткен дала таңының жылуы болса, екіншісі – алпыс екі тамырын иіткен ана алақанының жылуы! Екеуі айналып келгенде бір ғана ұғым, көңілдің шуағы, өмірдің шырағы – Ұлы жаратылыс!
Бұл ойлар кешегі шуақты мерекенің шұғылалы сәтінде, атап айтсақ «Қазақстан» орталық концерт залындағы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Көктем шуағы» атты концертті тамашалап отырған сәтімізде санамызда сәулеленген.
Шаттықты шараны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мерейлі мерекеге арналған құттықтау сөзімен ашты. Онда Президент ел өмірінде әйелдердің ерекше рөл атқаратынына тоқталып, Қазақстандағы өскелең ұрпақтың санасына адамгершілік құндылықтарды сіңірудің қажеттілігін айтты.
– Бұл күн асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейірімге бөлейтін ерекше мереке екенін білеміз. Қазақта «ұл туса ұрпағым өседі, қыз туса ұлтым өседі» деген ұлағатты сөз бар. Кең-байтақ Ұлы Даламызда есімдері ел мақтанышына айналған ардақты аруларымыз аз емес. Әйел әсемдік пен әдеміліктің, көрегендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы болып табылады. Біздің халқымыз «даналардың өзі аналардан жаралады» деп бекер айтпаған. Гендерлік саясат пен феминизм дәстүрі қазақ мәдениеті үшін ешқашан жаңалық болған емес. Дала өркениетінің негізін қалаған бабаларымыз қыздарды қадірлеуді о баста өмір салтына айналдырған. Әйелдер қауымы мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласында аянбай еңбек етуде. Қазіргі жаһандану заманында қазақ қызына тән асыл қасиеттерді сақтап қалуымыз керек, – деді Президент.
Расымен де, Елбасы атап өткендей, біз ел мен жер тарихын айтқанда баһадүр бабалардың ерлік істерімен бірге, сол ат үстінде арыған аруақты батырларға майдан алдында дулығасын әперіп алдынан шығатын аңыз-арулардың ардақты есімдерін ұлықтап отырғанымыз жөн. Біз әсте, бабалары найзаға сүйеніп түн қатқан, аналары найзаға сүйеніп толғатқан жауынгерлігімізді сол әзиз жандармен бірге айтқанда ғана айбарланатынымызды ұмытпағанымыз абзал. Текті аналарының атын ұранға айналдырған ұлт та Алаштың алдына түсе қоймас. Осындайда, «Ұмай ананы ұранына қосып, «Қарқабаттап!» қалың жауға бет қойған қайран ерлікке қайрақ болған асыл Аналар-ай!» дейсің!
Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз құттықтауында «Қазақстан әйелдерінің бойында еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті нығайтуға септігін тигізетін мейірімділік пен жасампаздық энергиясының сарқылмайтын көзі бар», деп атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әрбір қазақтың қызында дәуірдің жақсысын бойына сіңіріп, жаманын жуытпайтын ішкі сүзгі болуы керектігін тілге тиек етті.
– Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Қыздарымыздың өздерінің ұрпақ тәрбиелеушісі екенін ұмытпағандары ләзім. Қазіргі қазақтың қыздары қандай болса, ертең тұтас ұлт та сондай болады. Сондықтан ар-намыс, адалдық пен адамгершілік, ізгілік пен қайырымдылық, әдептілік сияқты асыл қасиеттер қазақ аруларының бойындағы ұлттық иммунитет іспетті, – деді Қазақстан Президенті.
Қай кезеңде болсын аналардың арқасына артылған жүк жеңіл болған емес. Ол аналар тізімінің басында «Жер әлемнің қадірменді жарты патшасымын!» деп жар салған Құрыш патшаға қылыш тіреген түп анамыз – Тұмар әже тұр! Оны біз қол төңкеруге кетіп бара жатқан Қобыланды батырдың тақымына Тайбурылды тарту еткен қыз Құртқаның хикаясынан көре аламыз. Біздің бүгінде Ақжүністей ажарлы, Баян сұлудай бәденді перизаттардан бері келе жатқан сол ұрпақ сабақтастығы мен дәстүр жалғастығының алтын арқауы мәңгілік үзілмесе деп тілейтініміз анық.
Алаштың ару қыздары мен текті аналары ежелден ар мен намыстың нақты өлшемі, сұлулық пен сымбаттың үкілі үлгісі бола білген. Елбасы айтқандай, бүгінде жас ұрпақтың тәрбиесі мен олардың білім алуына байланысты бүкіл салмақ аналарға түсіп отыр.
– Бала қамқорлығына қатысты негізгі міндетті өздеріңізге алып, олардың дүниетанымын қалыптастырасыздар, өзіне деген сенімін жетілдіресіздер. Сіздер өз сенімдеріңізбен, үміттеріңізбен және махаббаттарыңызбен еліміздің жарқын болашағының берік негізін қалап келесіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әйел табиғатына әлемнен мысал іздер болсақ, ежелгі Спарта әйелдері есімізге түседі. Соғыста шейіт болған ұлдарының мүрделерін қалқанның үстіне салып әкеле жатқанда, сол спарталық зарлықтар «батыр туған екенмін ғой!» деп масаттанады екен. Міне – Рух! Міне, қайсарлықтың қаймағы болған қайран Ару-Азаттық!
Елбасының кешегі «Біз аруларды ардақтап, оларды киелі шаңырақтың алтын діңгегіне айналдырған елміз. Бір заманда бабаларымыз «әйел – ырысың, қыз – өрісің, келін – тынысың» деген. Бүгінгі сіздер ұлыстың ұйытқысына, ұлттың ұятына, берекенің бастауына айналдыңыздар. Себебі біз тәуелсіз елімізде тұрып жатырмыз. Татулық пен тұрақтылықтың бағасын аналардан артық ешкім білмейді», деген сөзі де осы ойларды ордаландыра түсетіндей.
Мемлекет басшысы бір сөзінде елімізде 250 мыңға жуық ананың «Алтын алқамен» және «Күміс алқамен» марапатталғанына назар аударып, мемлекетіміздің қарқынды дамуына қазақстандық әйелдердің зор үлес қосқанын атап өтті. Расымен де ұлттың ұстыны аналар екені, тіршіліктің тетігі сол нәзік жандылардың еншісіне бұйырғаны шындық сөз. Сондықтан Елбасының «Жаһандану жағдайында қыздарымызға тән асыл қасиеттерді сақтауымыз керек. Интернет заманында қаптаған ақпараттар легін біржола тоқтату мүмкін емес. Әрбір бойжеткеннің жақсы мен жаманды ажырата білетін ішкі сүзгісі болуы қажет», деген сөзін де қазіргі қызғалдақ бойжеткендеріміз елемей өтпеуі керек деп білеміз.
– Жаңа ұрпақтың дүниеге келуі және халқымыздың көбеюі – мемлекетіміздің басты стратегиялық мақсаты. Әйелдер жетістікке жете алмайтын ешқандай сала жоқ. Сіздер кәсібилік пен спорттың, ғылым мен саясаттың шыңдарын бағындыра аласыздар. Қазіргі таңда үш мыңға жуық докторанттың 60 пайызы – әйелдер. Мәжіліс депутаттарының үштен біріне жуығы қыз-келіншектер. Жалпы, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлес салмағы 50 пайыздан асады. Мұны мемлекетті басқару ісінің тиімділігін арттыруға септігін тигізетін дұрыс үрдіс деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Шынында да, сөзіміздің басында айтып кеткен батыл да батыр аналарымыздың ізін басып, ісін жалғап келе жатқан еліміздің айбынды арулары аз емес қой. Алаш үшін ат жалында жүрген айымдарымызды қалай айтпай кетерміз? Олардың да өнегелі өмір өрнектері ертең-ақ келешек ұрпақтың санасында сәуле шашары анық.
Елбасы сөзін еліміздегі барлық ер-азаматтардың атынан әйелдер қауымын шуақты мерекелерімен құттықтап, оларға бақыт, махаббат пен бақ-береке тілеп аяқтады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, көп балалы ана А.Түзелбаеваны «Алтын алқамен» және Астана тұрғыны Р.Аяғанованы «Күміс алқамен» марапаттады.
Р.S. Біз осынау көрікті жиыннан көшелі ой түйіп, көңіл көкжиегіне көш түзедік. Есімізге «Абай жолы» романындағы оқудан келе жатқан шәкірт бала жас Абайдың ауыл шетіне іліккен бетте «көп ішінен ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре бергені» түсті. «Қайран, Мұқаң!» дедік. Иә, әлгі «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген ұлағатты сөзді де осы Мұхтар ата айтып еді ғой! Бұл нені аңғартады? Мүмкін шығармадағы шәкірт баладай ересектің де, келешектің де бейсана таным түкпірінде алдымен адам баласы анасын іздейтін шығар? Мүмкін түгел тіршіліктің тұма басы Ана алдында мәңгі сәби дегенді меңзейтін шығар? Қайткен күнде де Ананың құшағынан кең құрлық, мейірімінен мол мұхит жоқ-ау!..
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»