Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттің сыртқы саясаты стратегиялық бағыттардың бірі ретінде ерекше маңызға ие екені белгілі. Бүгінгі таңда осындай жауапты салада қызмет етіп жүрген әйелдер де баршылық. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Егемен Қазақстан» газеті сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметімен бірлесе отырып дипломат әйелдер арасында сауалдама жүргізіп, бірнеше сұраққа жауап алған болатын.
Негізінен дипломатия ерлердің жұмысы екені жиі айтылады. Бұл пікірмен келісесіз бе?
2. Неліктен дипломатиялық қызметті таңдадыңыз?
3. Әйелдерге тән қасиеттердің дипломатиялық қызметте көмектескен кездері болды ма?
4. Жауапты қызмет пен отбасын қатар алып жүру қиын ба?
Раушан ЕСБОЛАТОВА, Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі
1.Расымен, дипломатия ғасырлар бойы ерлер мамандығының қатарына жатқызылды. Дегенмен, бүгінде дипломаттар қатарында әйелдердің саны артуда. Мысалы, Нью-Йоркте бас консул әйелдер саны 27-ге жетті. Ал Таиландта 12 елші әйел аккредиттелген. Менің ойымша, қазіргі таңда бұл саланы тек ер азаматтарға ғана тән деп кесіп айтуға болмайды.
2. Бұл қызмет арқылы Елбасы маған үлкен сенім артты деп ойлаймын. Сонымен қатар дипломат өзінің кәсібилігін, интеллектуалды капиталын, әлеуметтік байланыстарын пайдалана отырып Қазақстанның дамуы мен ел игілігі үшін өз Отанынан алыс жерде жұмыс істейді. Бұл да үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық.
3. Менің ойымша, патриотизм, еліне деген сүйіспеншілік, мемлекеттің жетістіктерін мақтан тұту адамның жынысына тәуелді емес. Ал дипломат жұмыс барысында кез келген адаммен тіл табысуы керек. Бұл әйел адамдарға тән қасиеттердің бірі деп ойлаймын. Сонымен қатар біз жергілікті әйелдер қауымымен тығыз қарым-қатынаста боламыз. Бұл да қызметімізге пайдасын тигізбей қоймайды.
4. Отбасы да дипломатияға негізделген кішігірім мемлекет екені сөзсіз. Ұлым менің жауапты жұмыс істейтінімді түсінеді. Ал мен онымен уақыт өткізу үшін әр мүмкіндікті пайдалануға тырысамын. Таңертең 5-те тұрып, таңғы ас әзірлеп, мектепке шығарып саламын. Жұмыс қаншалықты маңызды болғанымен, отбасындағы тәртіпті сақтауға, бала тәрбиесіне уақыт бөлу керек.
Мәдина ЖАРБОСЫНОВА, ЕҚЫҰ Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі және үйлестірушісі
1.Шынында да дипломатия ер-азаматтарға тән сала ретінде мойындалған. Мен дипломатиялық қызметке енді келгенде көп жұмыс істеуге, кәсіби деңгейде ерлермен тең немесе кейбір жерлерде жоғары болуға лайық екенімді дәлелдеуге мәжбүр болдым. Кейін Нью-Йоркте «Көптеген жетістіктерге қол жеткізе білген әйелге» деген жазумен Әлемдік ескерткіш таңбаны алдым. Бұл мені жігерлендіре түсті. Қазіргі таңда бұл салада әйелдер ер-азаматтарымыздан кем жұмыс істемейді.
2. Мен дипломат болуды мектеп қабырғасынан бастап армандадым. Алайда, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана арманым жүзеге асты.
3. Барлық әйелдердің бойында болатын жауапкершілік, жұмысқа қабілеттілік және жинақылық маған да тән қасиеттердің бірі. Сондай-ақ жұмысымызда әйелдің бейбітшілікті сақтауға деген ұмтылысы да көп көмегін тигізеді. Қарсыласымды сендіру үшін эмоцияға жүгінген кезім де аз емес. Мысалы, БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннан 2002 жылдың қазан айына Орталық Азия елдеріне сапарын жоспарлады. Мен ол кезде Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі едім. Сол кезде Бас хатшының сапары Ирактағы жағдайдың нашарлауына байланысты кейінге қалдырылатыны хабарланды. Кофи Аннан ауызша түсініктеме беру және мемлекет басшыларына кешірім хаттарын жолдау үшін Орталық Азия елдері мен Моңғолия елшілерін кездесуге шақырды. Жарты сағатқа созылған кездесуде ер-азаматтар бұл сапардың болмайтыны туралы хабарламаны жеңіл қабылдады. Ал мен эмоцияларымды шектей алмадым. Кездесуден кейін Кофи Аннан сапардың кейінге қалдырылғаны туралы хаттарды таратпады. Үш сағаттан кейін осы кабинеттің бастығы Икбал Риза телефон соғып, Бас хатшы сапарға бару туралы шешім қабылдағанын айтты. Ол маған: «Елші ханым, эмоционалды тұрғыда сендіре білдіңіз, себебі Бас хатшы алғаш рет халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарына таратылған шешімін жоққа шығарды», деді. БҰҰ Бас хатшысының Қазақстанға алғашқы сапары 2002 жылғы 18 қазанда өтті. Осылайша мен Елбасының тапсырмасын орындадым.
4.Отбасың мен жұмысыңды қатар алып жүру сырт көзге оңай көрінгенімен, іс жүзінде бірқатар қиындықтар бар. Бірақ отбасында да дипломат бола білу керек. Әйел – отбасының ұйытқысы болғандықтан, кейде өз мүдделеріңді шектеуге тура келеді.
Жұлдыз АҚЫШЕВА, БҰҰ-ның Оңтүстік Африкадағы есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының аймақтық өкілі
1.Менің ойымша, дипломатия – гендерлік белгіге негізделмеген кәсіби сала. Ол басқа мамандықтар сияқты білім, кәсіби дайындық, тәжірибе мен икемділікті қажет етеді. Табысқа қол жеткізу үшін жұмысты үлкен ынтамен істеу керек. Алайда, көптеген іссапарлар мен тұрақсыз жұмыс күні сияқты ерекшеліктерге байланысты әйелдерде бірқатар қиындық туындайды. Кәсіби тұрғыда даму мен отбасылық міндеттерді орындауды қатар алып жүру оңай емес.
2. Менің барлық кәсіби қызметім БҰҰ-мен тығыз байланысты. Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының студенті бола отырып, Ресейдің Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде тағылымдамадан өттім, одан кейін Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілеттігінің дипломаты ретінде жұмыс атқардым. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің Орталық аппаратына қайта оралып, БҰҰ мен халықаралық ұйымдар басқармасы басшысының лауазымына тағайындалдым. 18 жыл бойы Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасында, алғашында Венадағы штаб-пәтерінде, қазір Оңтүстік Африкадағы аймақтық кеңседе жұмыс істеп жүрмін. Бір сөзбен айтқанда, мамандыққа келгенде таңдау көп болған жоқ.
3. Қазіргі таңда арулардың бойынан шыдамдылықты да, табандылықты да көруге болады. Бұл қасиеттер кез келген жұмыста көмектеседі деп ойлаймын.
4. Отбасы мен қызметті қатар алып жүру өте қиын. Жиі іссапарларға байланысты уақытым тығыз, алайда бос уақытымды отбасыммен өткізуге тырысамын. Кейде ұлыма үй тапсырмасын орындауға Skype арқылы көмектесуге тура келеді. Алайда, мұндайда бос уақытты, отбасылық құндылықтарды бағалай бастайсың.
Дайындаған
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»