Осынау көркем сөзді, көрікті де келбетті келген талдырмаш қыздың бет-бейнесін еліміздің көзіқарақты кез келген азаматы бірден тани қоятыны бар, бір сөзбен айтқанда жақсы біледі... Теледидардан алғаш хабар жүргізгенде Салтанаттың иығында ілулі тұрған лейтенанттың қос жұлдызы осы күндері үлкейе келіп подполковник дәрежесіне жеткен!
Салтанат Әзірбек автомобиль нөпірі халқының санына таяған Алматы шаһарында аса жауапты қызмет атқарады. Әңгімені «көркем сөзді» деп бастауымыздың мәнісі – Салтанатқа жаратылыстың берген сыйы шығар, елдегі үстем екі тілде де, оның өте көркем де мәнді сөйлей білетіндігінде. Жасыратын несі бар, бүгінде Алматыдағы журналистер қауымының үлкен шаһардың тыныштығы бейне осы Салтанаттың қолында тұрғандай сезінетіні де бар. Өйткені мегаполистегі қандай да бір тосын немесе төтенше оқиға болсын, алғашқы ақпарат Алматы қаласы ІІД ресми өкілі, полиция подполковнигі Салтанат Әзірбектің қолынан өтеді, БАҚ-қа содан соң жетеді. Салтанаттың сарабынан өткен қандай да бір деректің шикілігі жоқ, нақты құжат саналады. Бұқаралық ақпарат құралдары 2016 жылғы 18 шілдедегі Алматыда Руслан Күлікбаев жасаған 25 минуттық зұлматта журналистермен тікелей байланыста отырып, бірден-бір дерек көзі болғанын әріптестер ұмытқан жоқ...
Ханымдар мерекесі қарсаңында «от пен оқтың ортасында» жүрген біздің әріптесіміз Салтанаттың ерлікке пара-пар әрбір жауынгерлік істері туралы жазу кез келген тілшіге еш қиындық тудырмасы ақиқат. Шыны солай! Ол нағыз әмбебап маман, нағыз офицер, құралайды көзден атқан мерген, департаменттегі нәзік жандылардың алғы шептегі жетекшісі... Әйтсе де, өзінің есімін атауды жөн көрмеген онымен қызметтес бір офицердің Салтанат туралы таза адамгершілік қағидаттарына қатысты айтқан бір әңгімесі жадымнан еш шығар емес...
Ұлы Жеңістің 70 жылдығының қарсаңы екен. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атақты әскери ұшқыш Талғат Бигелдиновтің жұбайы қалалық ІІД-не Салтанатты іздеп келеді. «Айналайын Салтанат, (Ол кезде 90-ның төріндегі Батыр ағамыздың көзі тірі, – авт.) ағаларың қалада «Нивасымен» арлы-берілі шаруамен шауып жүргенде жол ережесін байқамай бұзып, бірнеше мәрте бейнекамераға түсіп қалыпты. Үйге 38 мыңдай теңге айыппұл келіп тұр. Соны жеңілдікпен жоюдың жолы болмас па екен?!» Салтанат орнынан атып тұрып, апайды орындыққа жайғастырады. «Талғат Бигелдинов ағамыз дейсіз бе? Әрине болады... апай, түбіртекті маған беріңіз! Бізге бейбіт өмір сыйлаған Батыр ағамызға, тек қана екі мәрте батыр ағаларымызға, әрине жеңілдік жасаймыз!..» «Компьютерге енген айыппұл кестесін желіден жоюдың ешқандай да амалы жоқтығын жақсы білетін біздер бастығымыздың бұл қылығына таңданғанымыз да рас,» – дейді офицер. Сөйтсе, қонақ кеткен соң Салтанат мекемедегі кассаға барып, батырдың мойнындағы айыппұлын өзінің айлық жалақысының есебінен төлеп тастапты.
Салтанаттың әріптестері оның кез келген қысылған жанға заңды әрі құқық шеңберінде қолұшын беруге әзір тұратындығынан бұрыннан да хабардар-тын. Алайда, талдырмаш жетекшілерінің қазақтың аңыз адамына жасаған таңғаларлық сол бір әрекеті ұмытылмастай естерінде қалыпты... Халқы қадірлеген қаһарманға Салтанаттың көрсеткен бұл құрметі мені де қатты таңғалдырды. Тілшілік қызметте бұдан бірнеше жыл бұрын Салтанат Әзірбектен өзім алған жайдары сұхбат есіме түсті. «Балабақшада ұл балалар ұшқыштың киімін киіп, қыз балалар қолдарына қуыршақ ұстап суретке түсетін дәстүр болған. Мен «қуыршақ ұстамаймын, ұшқыштың киімін киемін...» деп алғаш рет шу шығарған тәрбиеленуші екенмін. Осы мінезім менің өмірлік арманымның бастамасы болған секілді...» деген еді сонда Салтанат ұяң жымиып.
...Өткенде елміздің Бас прокуратурасы Салтанатқа «құда түсіп» Астанаға жоғары лауазымды қызметке алдыртып жатыр екен-ді естігенде Алматы журналистерінің көңілдері жабырқап қалғаны да тегін емес. Әрине, олардың барлығы да Салтанаттың қызметінің өсуіне тілектес. Бірақ, бұл қылмыстық-құқықтық саланың білгірі полиция подполковнигі Салтанат «Алматыда жүре берсе, біздің шамшырағымыз ғой...» деген шынайы әріптестік іштартқан сезімдері ғана болатын...
Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»