• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Наурыз, 2018

Бақытты шаң баспайды

439 рет
көрсетілді

Цехтың іші шаңнан тұманданып кеткен тәрізді, машиналар дауысы мен тастың тарсылынан құлақ тұнады. Жұмысшылар көзіне көзәйнек, үстіне брезент киім, аяғына резеңке етік киіп алғанымен де, шаңның өтпейтін жері жоқ. Өрімдей қыздың қою қара кірпігіне кіреукеленіп шаң тұрып қалған. Тамағы да шаңнан құрғап, жұтынған сайын өзегін ашытып, қарлығыңқырап тұр. Бірақ оған қарап жатқан Ләззат жоқ, ленталар бойымен судай ағып бара жатқан тастардан көзін алмайды.

Студент кезінде тәжірибелік сабаққа барғанда құрбы-құр­дастарымен шулап жүріп, бір айда істейтін жұмысты бір-екі күнде қағып тастайтын. Ол кезде ештеңе ойламайтын еді, жұмыс тез бітіп қалатындай көрінетін. Қазір ойласа жеке өзіне артылған жауапкершіліктің жоқтығынан екен ғой. Студенттерге ешкім жауап­кершілік жүктемейтін, қайта оларға шеберлер қолынан кел­генше жұмыстың қыр-сырын үйретіп әлек болатын. Ол лентамен ағып жатқан тастардан көз алмай тұрған. Көзінің қиығы байқап қалды, ауысымда бірге істейтін Виктор Михайлович Махачюк деген егде кісі бұған қолын сілтеп, бірнәрселерді айтып жатыр екен. Цехтың шуынан, құлағына киіп алған қорғаныштан оның дауысы естілмейді. Тәжірибелі жұ­мысшы оған «қолыңды байқа, ұрып алма!» деп тұр екен. Кеше алғаш келгенде не істерін білмей, ерсілі-қарсылы жүре берген қызға осындағы Люба деген әйел дауыс көтеріп ұрсып тастаған болатын. Жас қыз көзі жасаурап жылап қалған. Шу мен шаң кімнің де болса жүйкесін тоздырады, Люба да шаршап жүреді, лентада тұрып қалған тасты итеріп жібер деп нұсқағанды түсінбеген жас қызға айқай салғаны рас еді.

Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі учаскелердің қай­сы­сының да жұмысы жеңіл емес. Әсіресе соның ішінде тас майдалау учаскесінің жұмысы ауыр. Машина майдалап жатқан тастың шықырлап, шуылдаған дыбысы миыңнан өтеді. «Кетсе кетсін, менің айқайыма ғана емес, мына шаңға өзі де шыдамас. Жап-жас қызға басқа жерде орын жетпей қалды ма, мектепке, ауруханаға неге бармайды? Қайта осы арадан кетіп жолын тапсын» деп ойлап қойды Люба тәтей жыламсырап тұрған қызға бір қарап қойып. Бейнеттен жауыр торыдай болған қарапайым еңбек адамы емес пе, Любаның тыз етпе мінезі бол­ғанымен, қай­тымы тез әйел болатын. Ләз­зат­ты ішінен аяп тұрды, мы­на шаңнан кетсе кетіп қалсын деп ойлады. Ал Виктор Михай­лович талдырмаш қара қыздың бо­йынан өжеттік байқаған. Үндемей, жұмсаған іске шауып кететін елгезектігін қайтерсің. Жұмыстың қыр-сырын тезірек үйренуі үшін ол Ләззатты «ана жерде тас кетті, мына жердің лентасын қара», деп жиі жұмсай береді. Орысшасы нашар қыздың қазақ ауылынан екенін цехтағы орыстілділер шамалады. «Ұяңдығына қарағанда көп балалы отбасынан болар. Ата-анасы мұнда неге жіберді екен?» деп ойлады Виктор Михайлович. Осы цехқа жұмысқа келген талай жас шаң мен шуға шыдамай, бір ай өтер-өтпестен қарасын көрсетпей кететін. Цехтағылар алғашқы күні-ақ жылаған Ләззатты ке­тіп қалады деп ойлады. Олар қате­лескен екен, қара қыз келесі ауы­сымда бәрінен бұрын келіп, жұ­мыс киімін киіп алып, оларды күтіп тұрған еді.

Осыдан 28 жыл бұрынғы осы көріністер Ләззат Бақтиярова үшін қазір ертегі іспетті. Расында, Ләззаттың осы тас майдалау учас­кесіне келгені бір тағдырдың ісі болды. Ол сонау Амангелді ауда­нындағы Иманов кеңшарында туды. Ол кезде Амангелді ауданы Торғай облысына қарайтын. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары шұбартаулықтар бастамасымен қой өсіретін комсомол-жастар бригадалары құрылып жатты. Мектепті бітірген жастар кемінде екі жыл комсомол жастар бригадасында қалып, қой бағуы керек. Заманы адамын қалай биле­меді, қалай илемеді десеңші, мектепті жақсы оқып бітірген талай дарынды, талантты жастарды қойдың соңына салды, күл-күмелеш болып ауылда қалды ғой. Ләззаттың әкесі Әбдіғұл да мал бақты, бірақ ол балаларының оқығанын қалайтын. «Қыздарыма қой бақтырмаймын» деп бұлқынса да, өзі коммунист болған соң, қатаң жүйеге қарсы сөз айта алмай іштен тынды. Бір жиналыс­та ауылдың мектеп бітіріп жатқан балаларына қой бақтыру мәселесі тағы қаралды. «Оқи­тын балаға обал жасамайық» деген оның сөзін естір құлақ болмады. Ол малдың бәрін тастап, бір түнде Қостанай қаласына кө­шіп кетті. Әбді­ғұлдың алты қыз, екі ұлы болатын, Қос­танайға келген соң, тағы да екі қызды болды. Ләззат Ы.Алтын­сарин атындағы мектеп-интернатта оқыды. Мектепті бітірген соң Рудный қаласында тұратын апасын жағалап келіп, педагогика училищесіне құжат тапсырды. Емтиханда қазақ тілі мен әдебиеттен жақсы өтті де, математикадан «құлады». Есіктің сыртында жылап тұрған қыздың қасына екі әйел келіп, «жылама, училищеге түсе алмасаң, тех­никумға түс. Химиядан қалай­сың?» дейді. «Жақсымын, училищеге түсе алмай тұрғанда техникумға қалай түсемін?» дейді өксігін баса алмай тұрған Ләззат. Екі әйел оны қолынан жетектеп әкеліп, Индустриялық тех­никумның пайдалы қазба­лар­ды байыту факультетіне «тү­сіріп жібереді». Кейін ойласа, тех­никумға бала жетпейді екен ғой.

Оны қолынан жетектеп оқуға түсірген екі әйелдің бірі ұстазы Любовь Николаевна Данилова екен. Орыс тілінде бір ауыз сөзді дұрыс айта алмайтын Ләззатқа оқуды бітіргенше көмектесті. «Сенің талпынысыңа риза боламын» дейтін. Факультетте өзі секілді өрімдей жас қыздар аз болған жоқ. Барлығымен достасып кетті. Орыстілді ортада бұл да «шүлдірлей» бастады. Студенттік көңілді күндер зулап өте шықты. Міне, содан бері Ләззаттың бар өмірі табан аудармай осы шаңы бұрқыраған цехта өтіп келеді. Өмірдің ащы-тұщысын да татты. Тұрмыс құрды, бала сүйді. Қазір Болаты азамат болып өсті. Тәртіп сақшысы. Бір ауысымдағы ұжымы Ләззатқа өзінің туғандарынан кем емес. Бірақ ұстазы Люба да, Любовь Николаевна да, Вик­тор Михайлович те емес, өмірдің өзі болды. Осы шаңы бұ­рқы­раған цехқа жеткенше асығады, ұжымдастарымен айтар, бөлісер сыры бар. Біріне-бірі қажығанда сүйеу, қуанышына да ортақтасады. Өмір деген ұстазы оған адамдарды ұлты, діні, тілі емес, адамгершілігі, адал ниеті жақындастырады деп үйретті.

Қазір өзі де шәкірт тәрбие­лейтін кәнігі маман болып алды. Құлақты тұндырған шудың арасынан қандай көлемдегі тастың келе жатқанын, қандай көлемдегі тастың лентадан өтпей қалғанын, қандай тетікке тастың тығылып қалғанын көзін жұмып тұрып айтып береді. Шәкірттері таңғалады. Тастың өзі де тазалықты сүйеді, шаңды жаз айында сумен жуып тұрады, қыста сыпырып, тастың жолын ашады. Осы цехтағы шаңнан өкпесі қабынып ауруханада жатқан күндері болды. Түнде ұйықтамайды. Медбике келіп: «Неге ұйықтамайсыз, бір жеріңіз ауырып тұр ма?» деп сұрайды. «Еш жерім ауырмайды, бүгін менің түнгі ауысымға шығатын күнім ғой, әдеттеніп қалғанмын, түнде ұйықтай алмаймын» деп жауап берді. Бір цехта, бір фабрикада табаны күректей 31 жыл жұмыс істеген Ләззат Бақтиярованы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің бүкіл ұжымы біледі десек болар. Дөңгелек жүзді әйелдің есімі құрметке лайық кеншілер қатарында аталады. Мерекелерде «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» акционерлік қо­ғамының президенті Мұха­мед­жан Тұрдахуновтың өзі талай рет қолын қысып, алғыс хатын ұсынды. Кен алыбының 60 жылдық тойында да Ләззат кәсіп­орын жетекшісінің алғыс хатына ие болды. Ол өзін бақытты сезінеді.

Тас майдалау учаскесінде өндіріліп жатқан қиыршық тас­тарды еліміздің жол, үй құры­лыстарына пайдаланады. Жол­сыз да, үйсіз де даму жоқ. Ал ол тастардың нәп-нәзік әйел қо­лынан шыққаны ешкімнің ойына келе қоймайды. Расында, кереғарлыққа пара-пар көрініс емес пе?!.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы