• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Наурыз, 2018

Қостанайда арулардың автошеруі өтті

239 рет
көрсетілді

Арулар мерекесі Қос­танайда айрықша шара­лармен басталды. Соның бірі – әйелдердің қаты­суымен өткен автошеру. Ерекше автошеруді облыстағы Жастар ресурсы орталығы облыстық ішкі істер департаментімен бірлесіп, биыл екінші рет өткізді.

Оған қатысуға биыл 23 әйел ынта білдірді. Автошерудің шарты бойынша әйелдер көлігін түрліше безендірді. Осы жарыста бас жүлдені алған Ека­терина Кожевина өзінің темір тұлпарына көйлек пен шляпа «кигізіп», сыланған сұлудың кейпін көрсетті. Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл депар­таментінің қызметкері Ғалия Қасымова өзі мінген «Лада прио­расын» ұлттық оюлармен және ұлттық киім киген қуыршақпен безендіріпті.

– Ең басты мақсатымыз, әйелдердің ынтымағын көрсету, жол ережесін сақтауды насихаттау және көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлау болды, – дейді Жастар ресурсы орталығының директоры Айгүл Абдуллина.

Әйелдер жүргізген темір тұлпарлар шеруі қала орта­сын­дағы Жеңіс саябағынан орта­лық Абай даңғылы арқылы қаланың бір шетіндегі «Астықжан» сауда орталығына дейін жүріп өтті. Шеруді көрген қалалықтарды машиналардың безендірілуі ерек­ше қызықтырды. Олар үшін көліктерді әйелдердің тіз­гін­деуі де бүгін ерекше жарасым тап­қандай болды. Рульдегі әйел­дердің барлығының да көлік жүргізуде кемінде үш жыл өтілі бар.

– Рульге арулар отырған ав­то­шерудің тағы бір мақсаты, «әйел машина жүргізе алмайды» деген қалыптасып қалған тү­сінікті жоққа шығару еді. Қай­та ең ұқыпты және жол ере­жесін қатаң сақтайтын жүргізушілердің әйелдер екенін айтқым ке­леді, – дейді жергілікті полиция бастығының орынбасары Әлібек Бермұқанов. Шеру мәреге жеткен соң, ұйымдастырушылар жүр­гізушілер үшін викториналық сұрақтар қойды. Жүргізуші ару­лардың барлығы да мерекелік сыйлықтарға ие болды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ