• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2018

Алматылық 14 жасар қыз каратэден АҚШ-та чемпион болды

461 рет
көрсетілді

Алматылық 14 жастағы Этель Тумыш АҚШ-тағы шаршы алаңдарда талай жеңіске жетіп, 30 медаль мен 10 кубокқа иеленген. Жекпе-жекте талай қарсыласын тізе бүктірген Этель келешекте Олимпиада ойындарына қатысып, қазақ елінің намысын қорғауды армандайды. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.

АҚШ-тағы алғашқы ондыққа кіретін Нью-Йорктің Куинс ауданындағы Kai Leung's Shotojuku (Кай Лунг'с Шотодзюку) каратэ мектебі Қазақстаннан келген жас қыздың өнеріне бірден көңіл аударған. Өйткені Этель Тумыш Алматыда 8 жасынан бастап каратенің «шито-рю» әдісімен айналысқан. Бірнеше жыл жаттығудан соң ол тіпті Алматыда 2-орынға ие болады. Ал еліміздің сыртқы саясаты қызметіндегі әкесі Нью-Йоркке жұмысқа ауысқанда, Этель де әке-шешесімен бірге Құрама Штаттарға қоныс аударады. Жаңа мектепте Этель каратэнің «шотокан» деп аталатын түрін үйреніп, «ката» - «көлеңкемен күрес» қозғалысын ұштайды. Сөйтіп табандылық пен тынымсыз жаттығудың арқасында ол Америкадағы беделді жарыстарда озық шығады.

Әр адамның жетістігіне әр түрлі нәрсе себеп болып жатады. Этелдің каратэге келу себебі де қызық екен. Ол туралы өзі былай дейді:

- 1-сыныпта оқығанда, мені Мирас есімді бала ренжітіп, жәбір көрсетуші еді. Бірде одан өз қылығы үшін кешірім сұрауын талап еткенде, ол маған тарпа бас салғаны есімде. Сол кезде ешнәрсе істей алмай, көп жылап, қатты қамықтым. Содан шешеме келіп, Мирастың ренжіткенін айттым. Сонда шешем «өзіңді қорғап үйрену керек», - деп, каратэге апарған. Міне енді сол балаға рақмет айтқым келеді. Егер ол ренжітпесе, мен жетістікке жетпес едім,- дейді каратэден чемпион Этель Тумыш.

Этелдің басты жеңісі - Оңтүстік Каролинада өткен АҚШ чемпионатында «кобудо» қаруымен сайыста бірінші орынды иеленуі. Отандасымыз Питтсбургте өткен жарыста «кумите» бойынша екінші, «кате» бойынша үшінші, ал «көлеңкемен ұрыс» әдісі бойынша қола медаль еншілейді. 2016 жылы ол Филадельфиядағы ашық біріншілікте абсолюттік чемпион атағын жеңіп алады. Этель беделді саналатын Нью-Йорк штатындағы дәстүрлі шотокан-каратэ чемпионатында да жеңіске қол жеткізген.

- Бір рет «сай» деп аталатын әдіс бойынша темір қарумен өнер көрсетіп жатқанда, болмашы қателік үшін жарыстан шығарып тастай жаздады, -дейді Этель Тумыш. «Өйткені менің басымда шашымды жинастырған үш резеңке болған. Ал тәртіп бойынша ол екеуден аспауы тиіс. Бірақ менің жарысты ары қарай жалғастыруыма рұқсат беріп, алтын медаль иелендім».

Этелді каратэден атақты чемпион Кай Лунг дайындайды. Халықаралық шотокай федерациясының негізін қалаушылардың бірі Гонконгтен АҚШ-қа 1970 жылы келген. 80 жылдары әлемдегі 10 күшті каратэшіні шыңдады. Оның Кен Лунг есімді шәкірті әлемге әйгілі киножұлдыз Джеки Чанмен бірнеше фильмге түссе, тағы бір тәлімгері Дэви Сантос есімді актермен бірге жетекші рөлде ойнаған. Сөйтіп Кай ұстаз - АҚШ-та көп чемпиондар дайындаған шебер.

Кай Лунгтің айтуынша, Этель мұнда аралас шығыс жекпе-жегін үйрену үшін келген. «Каратэні жақсы көреді. Көп тер төгіп, АҚШ чемпионы болды. Мен оны мақтан тұтамын. Қазақстанда қазір жақсы каратэшілер бар. Этель жаттығуын Қазақстанда жалғастыратын болады», -дейді жаттықтырушы.

Этель Тумыштың ендігі арманы Қазақстан атынан Олимпиадаға қатысып, Каратэден алтын жүлде еншілеп қазақтың абыройын асқақтату.